Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауындағы тапсырмаларын орындау, аймақтардағы Полиция департаменттерінің жұмысын пысықтау мақсатында вице-министр М.Қожаев мен бірқатар қызмет басшылары Түркістанға келді.
Басты мақсат – полицейлер арасындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сервистік полиция моделі бойынша атқарылған жұмыстарды қадағалау мен өңірдегі жол қауіпсіздігі мәселесін назарға алу.
Түркістан облысы Полиция департаментінде ұйымдастырылған жиынға облыстың бас полицейі М.Қабденов, 17 қала, ауданның басшылары мен жеке құрам қатысты.
Жиынға төрағалық еткен вице-министр: «Полиция - ел сенімін ақтап, елге адал қызмет ету үшін бірінші кезекте халықтың жағдайын жасап, қамқоршы да жанашыр болуы керек. Басты мақсат сол! Сонымен қатар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың берген тапсырмаларын орындауда ешқашан уақыт өткізбеуіміз керек. Білім біліктілікті арттырып, Қазақстанның полицейі деген атқа кір келтірмеуіміз қажет. Сыбайлас жемқорлықты жасамақ түгілі, мүлде ойға алмауымыз шарт. Жемқорлыққа жол берген қызметкерге жаза қатаң. Осыны ешқашан естен шығармаңыздар!», - деп қатаң түрде атап өтті.
Одан ары Ішкі істер министрлігінен келген басшы құрам аталмыш жол апатын алдын алу, өрескел қателікке жол беретін жүргізушілерді дер кезінде анықтау мақсатында ҚР ІІМ Марат Ахметжановтың тікелей тапсырмасымен іске қосылған «Қорғау –Қауіпті жүргізуші» бағдарламасының жұмысын қарап шықты. Полицейлердің бейнекамералармен жұмыс істеуін, сервистік полиция мен цифрландыру бойынша жасалып жатқан жобаларды бақылады.
Осылайша ҚР ІІМ-нен келген басшы құрам, қылмыстардың алдын алу мен болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстарды жандандыру, учаскелік полиция инспекторларының қызметін нығайту, қызметкерлердің арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау туралы тапсырмаларын берді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі