Су – адам үшін қауіпті апат. Тіпті тыныш ағып жатқан тынық судың өзі қауіпсіз сияқты көрінгенімен, оның да өзіндік қауіптілігі бар. Әдетте, жүзе алмайтын балалар белден жоғары келетін, судың терең жеріне бара бермейді. Сондықтан суда өзін жақсы жүзе аламын деп санайтын балалар қайғылы жағдайларға ұшырап жатады.
Осындай апатты жайттың алдын алу мақсатында Жетісай ауданының тәртіп сақшылары суға шомылу маусымының басталуына Қызылқұм, Ынтымақ, Талапты ауылдық округтері мен Ағынсай елді мекендерінің тұрғындары мен мектеп оқушылары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Оларға суға шомылуға қатысты қауіпсіздік ережелерін айтып, абай болуды ескертті. Сонымен қатар, канал бойында тұратын ауыл тұрғындарына қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, тыйым салынған орындарда шомылу, суға мас күйде түсу, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдыру жағдайларының кесірінен суға бату деректері орын алатынын толыққанды түсіндіріп өтті.
Негізінде көптеген жазатайым оқиғалар суға шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алады. Сондықтан, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кішкентай балалар шомылу кезінде үнемі үлкендердің қарауында болуы тиіс. Тек суға түсуге рұқсат етілген, қауіпсіздігі сақталған, су астындағы терең ой-шұқырлары жоқ, қатты су ағысы, иірімі немесе толқыны жоқ жерлерде шомылуы қажет.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі