Өткен жылы Сауран ауданының әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болды. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері бөлініп, Сауран ауданына өткен еді. Содан бері Сауран ауданы өз алдына шаңырақ тігіп, өз арбасын өзі сүйрете бастағалы бір жарым жыл өткен екен. Ауданда бүгінде әлеуметтік-экономикалық дамудан бөлек, рухани-мәдени, қоғамдық-саяси ахуал да жақсарып, көптеген жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Аудан руханияының бүгінгі жай-күйі қалай, алда қандай жоспарлар бар? Осыны пысықтамақ мақсатта аудандық Мәдениет үйінде бір топ журналистер мен ақын-жазушылар бас қосып, мәслихат құрды. Атап айтқанда, Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, «TURKISTAN» медиахолдингінің басшысы Жанахмет Ағыбаев, «TURKISTAN» медиахолдингінің басқарушы директоры, «Айқын» газетінің меншікті тілшісі Тельман Бейсен, «Хабар» арнасының тілшісі Жандос Жұмабек, Oinet.kz ақпараттық порталының редакторы, Түркістан облысының, Шымкент қаласының үздік жазушысы номинациясының иегері Абылай Есімбай және жергілікті қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.
Жиында жас жазушы Абылай Есімбай жергілікті зиялы қауым өкілдерімен пікір алмасып, өзінің «Кедей қызы» кітабын тарту етті. Өз кезегінде аудан әкімі жас жазушыға алғыс білдіріп, осындай игі іс-шараларды жиі ұйымдастыратындарын хабарларды. Жиында ауданның тарихына кеңінен тоқталды.
Ортағасырлық Сауран қаласының Дала мәдениеті мен Орталық Азия қалаларының мәдениеті түйіскен жерде орналасқан «сауда-саттық айлағы» әрі Жібек Жолы бойындағы маңызды торап ретінде Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Сауран қаласы жайлы ортағасырлық деректерде көптеген мәліметтер кездеседі. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі моңғол шапқыншылығына дейінгі VІ-ХІІІ ғасырларды қамтыса, екінші кезеңі ХІV-ХVІІІ ғасырларды алып жатыр.
«Жұттан, жаудан жаяу басын алып қашқан ел шұбырған шұбырындысы аппақ сүрлеу болып қалады екен» – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде жоңғарлардан үштен екісі қынадай қырылып, үдере қашқан қазақ халқы Сауран айналып, Бұхараға ауған. Ел аузында «Сайран айналған» деген тіркес содан қалып, жау қолында қалып бара жатқан туған жерін, ұлы отанын аңсаған зар мен мұңға толы этностық «Елім-ай» әні туған.
Қаланың тағы бір ерекшелігі ол жерде әлемнің жеті кереметінен кем түспейтін тербелмелі мұнара болған. Өкінішке орай аталған жәдігер бүгінге жетпесе де, ол туралы жазылған деректер сақталған. Соның бірін орта ғасырда өмір сүрген тәжік ақыны Зейнаддин Васифи жазып қалдырған. Ол Сауран қаласында барғанда ерекше аспанмен таласқан тербеліп тұратын қос мұнараны көргендігін жазады. Бірақ оны тұрғызған шеберлер мен құрылыс техникасы туралы ешбір дерек келтірмеген.
Кездесу жемісті болып, нақты іс-шаралар жобасы түзілді.