Жаңа жылды жанұямен үйіңізде қарсы алған дұрыс. Коронавирустан, басқа да жұқпалы дерттерден, мерекелік дастарханға қойылатын тез бұзылатын тағамдардан уланудан сақ болуға шақырған Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологикалық департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев үшінші мегаполис тұрғындарына осындай кеңес берді.
– 2022 жылы Шымкент қаласында жалпы эпидемиологиялық ахуал тұрақты болды. 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап қала «жасыл аймақта». Аурушаңдық соңғы екі жылмен салыстырмалы түрде қарағанда біршама төмендеді. Бұл медицина қызметкерлері мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің аурудың алдын алудағы тынымсыз еңбегі мен екпе алып, біршама ұжымдық иммунитет қалыптастырудың арқасы деп білемін. Алайда соңғы айда коронавирусты инфекция жағдайлары жиі тіркеліп, эпидемиологиялық ахуал күрделенуде. Сонымен қатар, көрші мемлекеттерде шошқа тұмауы жағдайлары, елімізде тұмаудың А мен В түрі тіркелуде. Осыған орай, мереке қарсаңында коронавирусты инфекция, ЖРВИ, тұмау аурушаңдықтарының алдын алу мақсатында карантин режимінің талаптарын сақтап, коронавирустық инфекцияның қауіптілігі туралы ұмытпау керектігін ескертеміз. Адамдар көп жиналатын орындарға жиі бармау, антисептикпен немесе сабынмен қолды жуу, сондай-ақ адамдар көп жиналатын жабық орындарда бетперде кию ұсынылады. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде үйде оқшауланып, дәрігерді үйге шақырту керек. КВИ-дің алдын алудың ең тиімді жолы екпе алу екендігін тағы да еске саламыз. Ең дұрысы – Жаңа жылды жанұямен қарсы алу, – дейді Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.
Айта кетерлік тағы бір жайт, дастархандағы дәмнің сапасына ерекше назар аударған жөн. Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану орындарында ғана емес, мереке күндері үй тағамдарынан да улану қаупі болуы мүмкін. Әсіресе, мерекелік дастарханға ұсынылған тағамдарды тұрғындар ертесіне, одан кейін екі-үш күн бойы тұтынып жатады. Бұл – қауіпті.
Тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқышта сақтап, үй жағдайында дайындалған консервіленген өнімдерді аса сақтықпен қолданған жөн. Егер көкөністер, саңырауқұлақтар консервілеу кезінде дұрыс жуылмай, консервілеу ережесі бұзылып дайындалған болса, ол өліммен аяқталатын қауіпті ботулизм ауруын тудыруы мүмкін. Барлық ботулизм ауруы үй жағдайында дайындалған консервілерді қолданғаннан болады.
Сонымен қатар, мереке күндері алаңдарда, демалыс саябақтарында, көше бойларында тәтті мақта, қуырылған жүгері, құйылмалы квас, самса, бәліш, жұмсақ балмұздақ сататын рұқсатсыз сауда орындары пайда болады. Егер денсаулығыңызды сақтағыңыз келсе, рұқсатсыз сауда орындарынан тағам өнімдерін алмаған жөн.
– Сіздерді Жаңа 2023 жылдарыңызбен құттықтаймын! Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Негізінен мереке қоғамдық тамақтану орындарында тойланады. Сондықтан, кәсіпкерлерді мереке күндері тамақтан уланудың алдын алу және адам денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында санитариялық талаптардың сақталуына аса назар аударуға шақырамыз, – дейді Әбдіманап Қошқарұлы.