Кәсіптік аурулар дегеніміз зиянды өндірістік факторлардың әсерінен туындайтын аурулар. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің басым бағыттарының бірі осы өндірістік нысандардың санитариялық қағидаларға сәйкестігін қадағалау болып табылады. Түркістан облысында 852 өнеркәсіп нысандары бар, онда жалпы 24 180 адам қызмет атқарады. Соның ішінде 15 334 адам зиянды еңбек жағдайында жұмыс жасайды. Жалпы облыс бойынша кәсіби аурулар жағдайы тіркелмеген.
2022 жылы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары тарапынан санитариялық қағидаларға сәйкестігін анықтау мақсатында 32 нысан тексерумен қамтылды. Нәтижесінде өндірістік нысандарда қорғаныш құралдарының түгел болмауы, қорғаныш маскаларының мерзімдерінің өткендігі, тазалау жұмыстарының талапқа сәйкес жүргізілмегендігі, жұмысшылардың медициналық тексеруден өтпегендігі сияқты т.б кемшіліктер анықталып, 56 тұлғаға 8 285 415 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұзушылықтарды жою туралы 27 ұйғарым берілді.
Жұмыс беруші ең алдымен жұмысшылар арасында қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға міндетті. Кәсіптік аурулардың алдын алу жұмыстары техникалық, әкімшілік іс-шаралар, санитариялық-техникалық, санитариялық-гигиеналық, емдік профилактикалық бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
Яғни жұмыс беруші жұмыскерлерді жеке қорғаныш киімдермен қамтамасыз ету, ғимаратта ауа баптау, желдету жүйелері мен жарықтандыру, жұмыс арасындағы үзіліс ережелерін сақтау, емдік профилакатикалық тамақтармен және сүтпен, дәрумендерге бай тағамдармен қамтамасыз етуді ұйымдастыруы керек.
Жұмыс беруші өндірісті, цехтарды, кәсіптерді, ауыр жұмыстарды, қызметкерлердің атқаратын зиянды және қауіпті жұмыстары мен еңбек өтіліне қарай тізім жасауы маңызды. Соған сәйкес медициналық қарап-тексеру нәтижелері бойынша денсаулық жағдайына қарай жұмысшыны басқа бөлімге ауыстыру, стационарлық немесе санаторий - курорттық емдеулер тағайындау.
Бұл бойынша ҚР ДСМ 2020 жылғы «Міндетті медициналық тексерулер жүргізілетін зиянды өндірістік факторлардың, кәсіптердің тізбесі» туралы 15 қазандағы №ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығы бекітілген.
Жұмысшылардың денсаулығана кері әсер ететін зиянды факторларды анықтау үшін медициналық тексеру уақтылы жүргізілу керек. Осы талаптар орындалмаған жағдайда кәсіпорын қызметкерлеріне физикалық және химиялық қауіпті факторлар әсер етіп, діріл, пневмокониоз, тері, көз жүйелерінің бұзылуы, шудан есту мүшесінің зақымдануы, т.б кәсіптік аурулардың асқынуына алып келуі мүмкін.
Искаков Аскар,
Түркістан облысының СЭБД басшысының орынбасары