Әміреқұл Әбуов: «Оңтүстік мегаполисті ұлтымыздың мәдени ошағына айналдыруымыз қажет

Белгілі Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Әміреқұл Әбуов Вице-премьерге, министрге арнайы хат жолдап, елдегі руханияттың жағдайына алаңдаушылық білдірген болатын. Хатында ғалым біраз өзекті мәселелерді қозғаған. Осыған байланысты біз профессордың  өзімен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

Screenshot_4.jpg

- Әміреқұл Ергешұлы, сізді бүгінде  қазақтың жаһандануға жұтылып кетпеу мәселесі көбірек алаңдатып жүрген секілді...

- Ия, расында солай.    Жаһандану жағдайында біздің қоғамның заманауи талаптар деңгейіне сай лайықты өмір сүретін, тозып кетпестен, ең бастысы тоқырауға ұшырамастан, ұлы көшке ілесе алатын жағдайға қол жеткізуіміз керек.  

Қандай да бір ел (мемлекет, қоғам) білімімен, мәдениетімен, өнерімен  салыстырылады. Бұл жерде  білім деңгейі, ғылыми әлеуеті, мәдениет пен өнердегі жетістіктері көрініс береді.  Соның ішінде, атап айтуға кезегі келгені – бүгінгі үлкен-кішіміздің мәдениеттілігіміз, қазақша айтатын болсақ – адамгершілігіміз қай деңгейде? Бүгінгі күні театр сахнасында шоулар, адам санасын улайтын әзілдер, жартылай немесе толық дерлік жалаңаш бишілер жаулап алды. Олар тойларда да қызмет етуде. Онымен бірге еліміздің меншікті телеканалдары да күндіз-түні эфирді ластауда. Тал бесіктен басталатын тәрбиені ұлттық идеологияға жауапты жаңа вице-премьер мен еліміздің мәдениет саласының жаңа министрі  -  жаңа үкіметіміз қолға алмаса, мәдени құлдырау тоқтар емес. Бұл үшін осы сала жауапты екенін түсінетін, әрі оған жауап беретін мамандар керек екенін түсінетін мезгіл келіп жетті.

- Сіз айтып отырған мәдени құлдырауды қалай тоқтата аламыз?

- Ол үшін алдымен үкімет өзіне қарасты ағарту, ғылым және жоғары білім, мәдениет және спорт министрліктерімен бірлесе отырып, мемлекеттік және ақылы негізде оқытатын мемлекеттік-меншіктік әріптестік арқылы балалардың музыка, арт, өнер, мәдениет салалары бойынша мектептерін көптеп ашуды шұғыл түрде қолға алуы тиіс. Айталық, бүгінгі күні музыкалық колледждерді бітірушілер білімін әрі қарай жетілдіруі үшін қайда барарын білмей бас қатырады, әрине, оның бәрі бірдей шетел асып білім ала алмайтыны сөзсіз.

Шет елдердің мәдени ошақтарында, яғни, музейлерінде, кітапханаларында және т.б. мәдениет орындарында сәби жетектеген (немесе қол арба сүйреткен) әйелдерді көптеп көресіз. Осы музейлерді сәбиімен бірге аралағанын растаған құжаты болса ғана оларға мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақы төленеді. Біз неге осыны қолға алмаймыз, бұл бір? Үлкен мемлекеттің мәдениеті де айтуға тұрарлық болуы тиіс, оның тарихы тереңдеген сайын – мұрасы да қомақты болса керек. Неге шетел музейлерінде келушілер көп? Адамдар өз мәдени құмарлығы мен қызығушылығын осы жерден іздейді, яғни, тиісті сала мамандары қолға алса ғана халық өз іздегенін табады. 

- Сонда мәселенің бір ұшы білікті мамандарға келіп тіреліп тұр ғой?

- Қазір еліміздің әрбір оқу орнына, мәдени және шығармашылық орталықтарына, түптеп келгенде кез келген өзін құрметтеуді қалайтын мекемеге мәдениеттанушы мамандығына деген қажеттілік өте үлкен. Біздің бай тарихымыз бен археологиялық жәдігерлеріміз – алтын адамдар, әшекей бұйымдар, тұтыну заттары, қол өнері, ұлттық дәстүрлі музыкамыз, тасқа жазылған руникалық жазуларымыз – жәй көрермен ғана емес ғалымдарды, мамандарды да қызықтырады. Олай болса, еліміздегі мәдени салалардың қызметкерлері-мамандары, бірінші кезекте ауылды жерлерде шөлдеп отырған, қаланың мәдени орталықтарына барайын десе «аяғы жетпей» отырған көпшілікке арналған барлық деңгейлердегі әкімшіліктердің ұйымдастыратын мәдени шараларын өз жауапкершілігіне алғаны жөн.

Қазіргі студенттер елімізге белгілі жазушыларды, әртістерді, актерларды, режиссерлерді, ақындарды, басқа да өнер салаларының жұлдыздарын білмейді деп ренжиміз. Ия, олар бір кезде танымал болған еді, ал бүгінгі күні қалың көпшіліктің жадында қалмайды. Неге? Өйткені тиісті министрліктерде, оның салаларында, әкімшіліктерде, өнер мен мәдениет ошақтарында оларға деген құрмет, сыйластық, еске алу азайды. Яғни, жауапты орындардағы әрбір креслоға сол салаға еңбегі сіңген, ыстық-суығына тоңып өскен, жетілген адам келмей – бұл тірлік әрі қарай да тоқырай бермек (салт-дәстүрімізді, тарихымызды терең білетін, мәдениет оқу ошағынан тәлім алған, арнайы  білімі бар маман). Айта берсек ұлттық мәдениетімізді дамытпай, рухты, отансүйгіш,   білімді мамандарды дайындамай экономикасы дамыған жоғары мемлекетке айналу қиын. 

- Елімізде мәдениет саласының мамандарын даярлайтын оқу орындарының бүгінгі жай-күйі қандай?

- Кезінде мемлекеттік квотамен еліміздің түкпір-түкпіріне аталған салалар бойынша мамандар даярланатын, еліміз бойынша бір ғана институт, Шымкент педагогикалық мәдениет институты болған еді. Отанымыздың түкпір-түкпірінен келіп оқыған жастар мәдениет салаларымен, өнер түрлерімен сусындап, жоғары білікті мамандар болып елдеріне оралатын. Оралатын да, ата-бабаларымыздан келе жатқан мәдениет, өнер, біліммен жастарды баулып, рухани байлығымызды арттыратын. Жоғарыда айтылғандай, арнайы тапсырыспен жабылған көптеген мәдени ошақтардың ішінде осы аталған институт 1993 жылы жабылды. Бүгінгі күні солардың соңғы «тұяқтары» зейнеткерлік жасқа жетіп отыр. 

Бізде, өткен жылы ел бойынша 25 студент ақылы негізде қашықтықтан оқып, білім алуға оқуға түсті. Оның 20-сы жоғары оқу орнынан кейінгі, 5-і колледжден кейінгі жоғары білім алуда. Бұл еліміздегі 11 мың кітапханаға, оның ішінде 7600-і орта білім беретін мекемелерде орналасқан, басым көпшілігі зейнеткер, не мамандығы сәйкес келмейді.  Ұлт тарихымен сусындап, терең, кәсіби білім алмаған маман болмаған соң  мәдениет саласының тығырыққа тіреліп, артынан құрдымға кететіні белгілі. «Біздің ауылдарымызда кітапханашы тапшы, не мүлде жоқ. Ал мемлекеттен бөлінген грант жетіспейді. Сол үшін амал жоқ, ақы төлеп оқимыз»,- дейді елінің ертеңін ойлайтын жастар. Сонымен бірге 29 студент ақылы негізде қашықтықтан оқиды. 

Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Ақтау жастары Ресейдің Москва, Санкт-Петербург, т.б. қалаларында кітапханашы, музейтанушы мамандықтарын игеруде. Олар «мұнда қалай келдіңдер?» деген сауалға «біз Ресей Президентінің ТМД елдері жастарына жыл сайын үздіксіз бөлінетін грантымен оқимыз» деп жауап берді. Өткен жылы Санкт-Петербург қаласының университеті кітапханашы мамандығына ақылы негізде 15 студентті ғана қабылдаған. Сонымен белгіленген орын толып қалды деп бізден барған талапкерлерді ақылы негізде оқуға да қабылдамай қойған. Екінші, ол жерде орыс мәдениеті мен тарихын оқиды емес пе?! 

Қазір бүкіл еліміздегідей, біздің қала мен облысымызда да музыка, өнер, арт, халық аспаптары, айтыс, би мектептері, оның ішінде мемлекеттік емес ақылы мектептері көптеп ашылуда. Олар күні бүгін кадр жетіспеушілігінен қиналуда. Екі-үш жылда бұл жетіспеушілік аталған беталыстың бетін қайтарып, қайта жабылуына әкеліп соғуы ықтимал. Сондықтан да елімізде ең болмағанда бір мәдениет университеті ашылса – ол міндетті түрде біздің, өнер адамдарының, түптеп келгенде халқымыздың «бетке ұстары» болатыны сөзсіз және мәдени сала қызметкерлерімен қатар, өнер салаларына, кітапханашы, музейтанушы мамандарын да даярласа болады. 

Бүгінгі күні Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау облыстары мәдениет саласының аталған мамандарына, атап айтқанда, музейтанушы, архивтанушы, мәдениеттанушы, кітапханашы, хореограф, мәдени тынығушылық, музыка және ән айту, пианист, домбырашы және т.б. салаларының мамандарына өте зәру. 

Аталған салаларды өркениеттің бір бағдары мен баспалдағына айналдыру үшін білікті кадр қажет. 

Осы мақсатымызды жүзеге асыру үшін және Ұлы даламыздың мәдени ошақтарын қайта жандандыруды қазақ халқының көне мәдениетінің ошағы болған, тұрғын саны жоғары Түркістан облысынан, немесе Шымкент қаласынан  мәдениет  қызметкерлерін дайындайтын жоғарғы оқу орнын ашудан бастау керек. Осы жерден басқа өңірлерге тарайтыны белгілі. Түркістан аймағы – халық ең көп шоғырланған өлке, оның ішінде өз қандастарымыздың саны басым. Жалынды да жарқын болашаққа ұмтылған жастар көбейіп келеді. Жаңа Қазақстанды құратын да осылар! Аталған өңірде мәдениет институтын не университетін қайта қалпына келтіре отырып, оңтүстік мегаполисті ұлтымыздың мәдени ошағына, білім, ғылым, өнердің ордасына айналдыру қажет. 

Бүгінгі таңда Мұхтар Әуезов атандағы Оңтүстік Қазақстан университеті ғылыми зерттеу иниститутына айналғандықтан, осыған қосылған мәдениет иниституты  келешекте өз мағынасын жоғалтып алуы мүмкін.   

Шымкент қаласында кезінде жабылып қалған әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтының орасан әсем де арнайы жобамен соғылған ғимараты, заманауи талаптарды ескере отырып салынған мамандандырылған бөлмелері, аса қажет музыкалық аспаптары мен жабдықтары, тарап үлгермеген мамандары жаңа Қазақстанның мәдени салаларына аса мұқтаж мамандарды даярлауға әзір. 

 Түркістан қаласында  Халықаралық туризм және меймандостық университетін Халықаралық туриз және мәдениет университеті етіп ауыстыруды қарастырып немесе бұрынға әль-Фараби  атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын қайта Оңтүстік Қазақстан Мәдениет және өнер университеті етіп қайта құруды ұсынамыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

"Рейтинг" газеті, ақпан, 2023 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер