Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақмола обылысының тұрғындарымен кездесулердің бірінде жергілікті мәслихат өкілдерін Парламенттің заң шығару жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Палата басшысы Мәулен Әшімбаев Ақмола облысының жұртшылығымен, жергілікті ақсақалдармен, жастармен және мәслихат депутаттарымен кездесті. Сенат төрағасы мәслихат депутаттарымен кездесуде экономиканы кешенді түрде ырықтандырудың негізгі басымдықтарына тоқталды.
«Ел экономикасын дамытуда және елорданы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде Ақмола облысының маңызы айрықша зор. Өңірде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың, оның ішінде, ауылдық жерлерде мектептердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Дегенмен аймақта жетістіктермен қатар, шешімін күткен проблемалар да бар. Әсіресе, инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі өте өзекті. Щучинскі-Бурабай демалыс аймағында экологиялық түйткілдер де жоқ емес. Біз өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде осы бағыттарда мәслихаттармен байланысты арттырып, маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол облыстың мәслихат депутаттарын заң шығару жұмысына, парламенттік тыңдаулар, үкімет сағаттары, дөңгелек үстелдер мен көшпелі отырыстар сияқты палата ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.
Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Парламенттік комиссияның және Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес, «Өңір» депутаттық тобы секілді Сенат жанындағы алаңдардың жұмысына назар аударып, бұл бағыттар бойынша да ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік мол екенін айтты.
Облыстың белсенді жастарымен кездесуде реформаларды іске асыруда және аймақтың әлеуетін арттыруда жас буынның атқаратын рөлі талқыланды. Сенат Төрағасы өз сөзінде қазіргі таңда елімізде жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келе жатқанын, осы бағытта кешенді реформалар іске асырылып, стратегиялық бағдарламалар және мемлекеттік жобалар әзірленгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жастардың сапалы білім алуына, оларды баспанамен қамтамасыз етуге және қызметте өсуіне барлық жағдай жасалып келеді. Өңір жастарының кәсіпкерлік бастамаларына көмек көрсету және оларды жұмыспен қамту мәселелерін жүйелі шешу бағытында да іргелі істер атқарылып жатыр. Президенттік жастар кадрлық резервінің арқасында талантты, білімді, білікті жас мамандарға жауапты қызметтерге келудің жаңа бір жолы ашылды. Алдағы уақытта Ақмола облысында да жергілікті кадрлық резервке іріктеу басталады. Облыс жастары өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің дамуына үлкен үлес қосады деп сенемін», – деген Мәулен Әшімбаев Мәжіліс және мәслихат депутаттарының қатарында жастардың болуын қамтамасыз ететін заңнамалық нормаларға да тоқталып өтті.
Палата Спикері Сенатта белсенді жастарды қолдауға арналған Талдау мектебі, Жас сарапшылар клубы сияқты нақты жобалар қолға алынғанын да тілге тиек етті.