Арнаның сынға қалған "Бірақ..." бағдарламасы жабылатын болды. Бұл туралы мәдениет министрі Аида Балаева мәлімдеді.
"Хабар" арнасының "Бірақ..." аталатын жаңа ток-шоуы әлеуметтік желіде көрерменнің сынына ұшырады. Алғаш бұл туралы Отбасылық зорлықтан жапа шеккен әйелдер мен балаларға арналған орталықтың жетекшісі Анна Рыль хабарлады.
Аннаның айтуынша, ол арна қызметкерлерінің өтініші бойынша орталықтан пана іздеп келген Гүлмира Смайлованың байланыс деректерін ұсынған. Кейіпкер студияға оның бұрынғы күйеуі келмейтін болған жағдайда тікелей эфирге шығуға келіскен. Алайда, арна қызметкерлері бұл уәдесінде тұрмай, эфирге оның күйеуін шақырып, Гүлмираның қарсылығына қарамастан, екеуін татуластыруға әрекет еткен. Сондай-ақ, бағдарлама жүргізушісінің орынсыз сұрақтары да сын астында қалды. Бұл жағдай арна көрермендерінің ашу-ызасын туғызған болатын.
Осы орайда "Хабар" арнасының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев facebook желісінде Гүлмира Смайлова мен арна көрермендерінен кешірім сұрады.
"Бірақ"-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен "Қорғау-Астана" кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз", – деп жазды арна басшысы.
Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, "Бірақ..." бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болған.
Бұл жағдайға байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да пікір білдірді. Ол бағдарламаның жабылатынын мәлімдеді.
"11 наурыздан бастап "Хабар" арнасында отбасындағы әлеуметтік мәселелерін көтеріп, оны шешуге бағытталған "Бірақ..." бағдарламасының шығарылымы ұйымдастырылды. Алайда, тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатты. Мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуі тиіс еді. Ең алдымен, редакция барлық этикалық нормаларды сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуге, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламау қажет еді. Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады", – деді Аида Балаева.