Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы соттың 11 жылға бас бостандығынан айырғанына наразы екенін білдіріпаштық жариялады. Бұл туралы ақпарат экс-шенеуніктің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланды. «Мен аштық жариялаймын. Өйткені өзімді әу бастан-ақ кінәсіз деп санадым!» – деп жазылған экс-министрдің атынан жазылған мәлімдемеде. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді деп жазады ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Rgmedia.kz тілшісі.
"Сотталушының аштық жариялауы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол тамақ ішеді, бұл жағдай бейнебақылау камераларының жазбасымен расталады. Сотталушыдан арыз-шағым түскен жоқ. Сонымен қатар белгіленген тәртіп бойынша сотталған адамға ұялы телефон берілмейді", - делінген Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің хабарламасында.
Сондай-ақ ресми ақпаратта Арыстанбек Мұхамедиұлының атынан әлеуметтік желіде жалған жазба жариялау фактісі бойынша тексеру жүргізілетіні айтылған.
- Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған, - деп ескертілді мекемеден.
Еске сала кетсек, бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылы мамырда қамауға алынып, былтыр ақпанда қаржы жымқырды деген айыппен 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.