Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Beeline ұялы байланыс операторы қызметінде бірқатар заңбұзуды анықтады деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша талдау жүргізілді. Оның нәтижесінде «КаР-Тел» ЖШС (Beeline) тарапынан үй интернеті қызметінде үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері анықталды, бұл тұтынушылардың заңды құқығының шектелуіне әкелді. Талдау нәтижелері көрсеткендей, Beeline тұтынушыларға үй интернетінің жылдамдығын таңдау мүмкіндігін шектеп, 100 Мбит/с-тан жоғары жылдамдықтағы интернетті ұсынған. Бұл өз кезегінде бағаны жасанды түрде қымбаттауына және тұтынушылар құқығының бұзылуына алып келді, - делінген хабарламада.
Beeline компаниясының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 300 Мбит/с-қа дейінгі жылдамдықтағы интернет тек GPON технологиясы бар үйлерде ғана қолжетімді. Ал басқа үйлерде ең жоғары жылдамдық 100 Мбит/с-ты құрайды, бірақ тариф бағасы барлық абонент үшін бірдей.
- 2024 жылы 19 қарашада Beeline компаниясына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұзуды жою жөнінде хабарлама жіберілді, - дейді елордалық департаменттен.
Компанияға тұтынушылардың тарифті таңдаудағы құқығын қамтамасыз ету бойынша келесі шараларды қабылдау тапсырылды:
- егер тұтынушы жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдаланғысы келмесе, жылдамдығы 100 Мбит/с -тан аспайтын интернетпен қамту;
- 100 с/Мбит-тан аспайтын интернетке қосу қызметін қосымша ақысыз жүзеге асыру.
- Қазір ұсынымдар толық орындалды. 2025 жылғы 15 қаңтардан бастап тұтынушыларға 100 Мбит/с-қа дейінгі тарифтік жоспарлар ұсыныла бастады және олардың бағасы 500 теңгеге арзандады, - делінген ақпаратта.
Бұған дейін еліміздегі ұялы байланыс операторларының тарифті негізсіз көтеру әрекеттері қаралып жатқаны туралы хабарлаған едік.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс операторлардың тариф бағасын негізсіз көтеру фактілерін анықтаған жағдайда тергеу рәсімі тағайындалады.