Раушан гүлінің бағасы Қазақстан қалаларында шамалас. Қазіргі кезде 600 теңгеден басталып, 2500 теңгеге дейін жетеді. Гүл бағасына оның түрі, ұзындығы, орамасы әсер етеді. Флористер кейінгі кезде күлтесі сәл қайырылған франсуз раушаны сұранысқа ие екенін айтты. Бір талының бағасы 700 теңгеден басталады. Ал қарапайым ғана раушанның түйірі кейде 400-500 теңге болады.
Раушан гүлінің арзанын Алматыдан табуға болады. Мұнда ұзындығы 40 см болатын гүл бағасы 300-400 теңгеден басталады. Ал 50-70 см раушан бағасы 600-950 теңге тұрады. Ұзындығы метр болатын раушанның әр талы 2100-2500 теңге деп көрсетілген. Қызылордада баға әркелді. Бір тал раушанның құны 400 теңгеден басталып, 1200 теңгеге дейін жетеді. Ал Түркістан тұрғындары 50 см раушанды 450-600 теңгеге сатып алады. Ұзындығы 60-70 см раушан бағасы 800 теңге тұрады. Көкшетауда да баға 500 теңгеден басталады. Голландық раушанды 1000 теңгеге сатады.
Еліміздің астанасында раушан гүлін түйірлеп емес, бумасын сатып алғанды жөн көреді. Мұнда ұзындығы 40-70 см болатын раушанның әр талы 450-700 теңге болып тұр. Ал одан ұзынының әр талын 800 теңгеге, пион гүлі секілді раушанды 2100 теңгеге сатып алуға болады. Қызыл, қою қызыл, қызғылт түсті әрі ұзындығы метр болатын раушан бағасы 2000 теңге тұрады.
Еліміздің кейбір солтүстік өңірінде раушанның әр талын 600 теңгеге сатып жатыр. Мәселен Қостанайда ұзындығы 40-50 см болатын раушан бағасы осы. Ал 60-70 см болса бағасы 800 теңгеге жетеді. Раушанның бір талын орап берсе, бағасы 900-1100 теңге болады. Ал ұзындығы метр болатынын қостанайлықтар 1800-2100 теңгеге сатып алады. Павлодарда да дәл осы баға. Раушанның әр талы 600-1500 теңге тұрады.
Ақтөбе, Ақтау мен Талдықорғанда раушаның бағасы 700-1000 теңге тұрады. Өскемен, Атырауда 50 см раушанның әр талы 800, метр болатыны 1200 теңге тұрады.
Тараз, Орал, Қонаевта раушан гүлінің бағасы 900 теңгеден басталады. Оралда пион гүлі секілді раушанның әр талы 1500 теңге тұрады. Таразда бұл гүл бағасы 2500 теңге деп көрсетілген.
Шымкентте раушан гүлінің бағасы 780-960 теңге (ресейлік раушан) тұрады. Голландық гүлдің бағасы 960-2300 теңге деп көрсетілген. Ал Эквадордан әкелінген раушан гүлінің әр талы 960-3200, кениялық 960-1500 теңге тұрады. Ал раушан гүлінің бір бұтағы - 1725 теңге деп белгіленген. Пион гүлі секілді раушанды 2000 теңгеге сатып алуға болады.
Семей мен Петропавл тұрғындары раушан гүлінің әр талын 1000-1200 теңгеге сатып алады. Қарағанды мен Жезқазғанда баға 1000-2000 теңге аралағында.
Қызғалдақ бағасы Қостанайда арзан. Жергілікті өндірушілер көтерме сауда жасаған адамға әр талын 350 теңгеге береді. Ал бөлшек саудада 560-600 теңге тұрады. Ең қымбаты - 800-900 теңге. Петропавлда 1000 данадан көп сатып алған адамға әр талын 400 теңгеге береді. Мұнда да өз жылыжайы бар. Беларусь қызғалдағының бағасы - 650 теңге. Қала базарларында қызғалдақ 450-550 теңгеге сатылып жатыр.
Талдықорғандықтар қызғалдақтың әр талын 400-600 теңгеге сатып алады.
Көкшетауда бұл гүлдің бағасы 500 теңгеден басталады.
Қызылорда, Павлодар, Ақтау, Оралда қызғалдақ бағасы 600 теңге тұрады. Павлодарлықтар супермаркеттен 300-400 теңгеге сатып алып жүр.
Астанада қызғалдақтың көтерме бағасы 600 теңге тұрады. Ал бөлшек саудада оның бағасы 900-950 теңге деп көрсетілген.
Ақтөбеде қызғалдақтың орташа бағасы 650-700 теңге тұрады. Ал егер 100 талдан көп алсаңыз 600 теңгеге сатылады.
Қарағандыда қызғалдақ құны - 700-1000 теңге. Жезқазғанда баға 800-1200 теңге аралығында. Алматы мен Семейде қызғалдақтың әр талы 800 теңгеден басталады.
Өскеменде де 800 теңгенің қызғалдағын сатып алуға болады. Базарда оның бағасы 400-500 теңге тұрады.
Қызғалдақ бағасы батыс және оңтүстік өңірлердің кейбірінде жоғары. Атырауда бір талы 900-1500, Таразда 950-1500, Шымкент пен Түркістанда 960 теңге тұрады. Ал Қонаевта 1000 теңгеден басталады.
Дереккөз: Kazinform ақпарат агенттігі