Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Ұлттық банк таратқан ресми мәлімдемеге сүйенсек, мұндай шешім қабылдауға жаңартылған болжамдар мен инфляциялық тәуекелдердің балансы негіз болған деп жазады ҚазАқпарат.
— Бағаның ағымдағы өсу қарқыны жоғары деңгейге жетіп келеді. Бұл өз кезегінде ақша-кредит шарттарын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондықтан инфляцияның өсу тәуекелін азайту үшін белсенді әрі пәрменді шаралар қажет. Инфляцияның барлық көрсеткішінде өсу байқалады. Жылдық инфляция ақпанда 9,4%-ға дейін жеделдеді. Барлық компонент бойынша бағаның өсу қарқыны жеделдегені байқалады. Әсіресе қызметтер бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосып отыр. Ақпанда айлық инфляция едәуір өсіп, орташа тарихи динамикадан айтарлықтай асып түсті. Айлық базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіштерінен (тиісінше, ақпанда бір жылға есептегенде — 14,2% және 16,9%) фискалдық ынталандыру және тұтынушылық кредит берудің (2024 жылдың қорытындысы бойынша жылма-жыл 33,5% өсім) шамадан асып кету жағдайында ішкі сұраныс жағынан қысымның айтарлықтай үдегені көрінеді. Сонымен бірге ақпанда халықтың инфляциялық күтулері тағы да 13,7%-ға дейін өсті, — деп жазады Ұлттық банк сарапшылары.
Сондай-ақ, Ресейде инфляция қарқыны артып, мұнайдың ұсынысы сұраныстан жоғары болуы да базалық мөлшерлемені қайта қарауға түрткі болған.
— Алдағы жылдарға инфляция болжамы жаңа факторлар ескеріле отырып көтерілді. Ол 2025 жылы 10-12%, 2026 жылы 9-11% шегінде күтіледі. 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляция тежеуші ақша-кредит саясатының және жоспарланған салық реформасына байланысты фискалдық ынталандыруды қысқарту нәтижесі ретінде 5,5-7,5% деңгейіне дейін төмендейді, — делінген Ұлттық банк түсіндірмесінде.
Жыл басында базалық мөлшерлеме 15,25% деңгейінде белгіленген болатын.