Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов еліміздің мемлекеттік шекарасындағы кедендік бекеттерді жаңғырту жұмыстары туралы айтып берді деп жазады kaz.inform.kz.
Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі шекаралары және сыртқы шекаралары бар.
— Біздің сыртқы шекараларымыз Қытаймен, Өзбекстанмен, Түрікменстанмен шектеседі. Біз осы шекараларды жаңғырту міндетін қойдық. Себебі бұл бағыттар ең қарқынды және стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Олар екіжақты ғана емес, ЕАЭО шеңберінде транзиттік маршруттарға, сондай-ақ «Бір белдеу — Бір жол» жобасында да қызмет көрсетеді. Қазақстан өзінің геосаяси жағдайы, экономикалық әлеуеті және тарихи дәстүрлеріне байланысты халықаралық интеграция мен жаһандық экономикалық процестердің белсенді қатысушыларының бірі болып отыр. Әлемдік көлік жүйесіне қосылу тауарлардың барынша еркін және кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуді қажет етеді. Бұл кедендік бақылау құралдарымен және бизнес-процестерді автоматтандыру жүйелерімен жабдықталған заманауи кеден инфрақұрылымын қажет етеді, — деді Б. Слямов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде.
Жыл басынан бері ЕАЭО-ның сыртқы шекарасына автомобиль өткізу пункті арқылы екі жаққа 605,7 мың автокөлік өткен. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өткізу қабілеті 25% артқан. Осы кезеңде 1,6 трлн теңге көлемінде кедендік төлемдер түсіп, жоспар 106% орындалған. Мемлекеттік шекара периметрі бойынша 52 автомобиль өткізу пункті бар.
— Қазіргі уақытта 6 өткізу пункті жаңғыртылды. Бұл Қытаймен шекарадағы «Нұр Жолы», «Қалжат», «Алакөл» пунктері. Үшеуі Өзбекстан Республикасымен шекарада орналасқан — «Бауыржан Қоныспаев», «Қапланбек», «Атамекен». Бес өткізу пункті жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жабдықталады. Бұл Түрікменстанмен шекарадағы «Темір баба», Өзбекстанмен шекарадағы «Қазығұрт», «Тәжен», Қытаймен шекарадағы «Майқапшағай» және «Бақты» пунктері, — деді спикер.
Жаңғырту шеңберінде көлік құралдарын ашпай және жоғары дәлдікпен тексеруге мүмкіндік беретін заманауи инспекциялық-тексеру кешендері орнатылады, электрондық кезек және алдын ала ақпараттандыру жүйесі енгізіледі.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарына қарамастан жаңғыртылатын өткізу пункттерінің өткізу қабілеті 2022 жылғы 640 мың көлік құралынан 2024 жылғы 1,4 млн-ға дейін 2,5 есеге артқан.
— Тасымалдаушылар мен азаматтардың ыңғайлылығына ерекше көңіл бөлінуде. Барлық рәсім барынша ашық болып, шекарада болу уақыты шамамен екі есе қысқарды. Бұл қазірдің өзінде іске қосылған 6 өткізу пунктінің жұмысынан көрініп отыр, кеден заңнамасын бұзбаған жағдайда шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарған, — деді комитет өкілі.