Қоғам қауіпсіздігі, отбасы амандығы, ана мен бала саулығы қаралды

image.png 

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті жұмыс жиыны өтті. Партия бекіткен Сайлауалды бағдарламаны Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының «Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағытында айқындалған міндеттердің орындалуы және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік пен суцидтің алдын алу мәселелері қаралған жиында, облыстық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанаты атқаратын маңызды жұмыс бағыты зерделеніп, бірқатар ұсыныстар бойынша шешімдер қабылданды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлайды. 

Кеңес отырысында сөз алған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева Мемлекет басшысы Заң мен тәртіпті – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты деп атағанын жеткізді. 

- «AMANAT» партиясы  жұрт болып жұмылып, қоғамда жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыруды қолға алды. Азаматтардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету және қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғау ісі – Сайлауалды бағдарламамыздың аса ауқымды мәнге ие басымдықтары болып белгіленді. Партия берген уәделерді орындауда, Түркістан облысы бойынша қабылданған Жол картасында осы бағыттағы индикаторлар шеңберінде өрт сөндіру деполарын салу, оларды жөндеу, төтенше жағдайлардың алдын алу, полиция учаскелерінің құрылысын жүргізу, полиция қызметкерлерін бейнебақылау құрылғыларымен қамту, полиция бөлімшелерін жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, қоғамдық орындарды бейнебақылау камераларымен қамту міндеттері белгіленіп, нәтижелі іске асырылуда. Сондай-ақ Жол картасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен бала құқығын қорғау, оларға қамқорлықты арттыру бағытындағы іс-шаралар да айқындалып, жүзеге асырылуда. Бүгінгі кеңес отырысында осы бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды байыптап, алдағы кезеңде атқарылуы керек межелерді белгілейміз. », - деді Қалыйма Жантөреқызы.

Мемлекет басшысы жариялаған Әділетті қоғамның басым бағыты – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау туралы бастамалары. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы қатаңдатылды. Агрессорлармен жүйелі әлеуметтік, оңалту және тәрбиелік жұмыстар қолға алынды. Отбасылық қолдау орталықтарын құру, тәрбие, білім беру және мәдениет салаларында әйелдер бастамаларын ілгерілету жүзеге асырылуда. Қоғамда жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, өзіне өзі қол жұмсау деректері өзекті болып келеді. Біз дамуымызға қатер болып табылатын осындай деректердің алдын алуға, оларды болдырмауға, ана мен бала өміріне қауіп төндірмеуге тиіспіз. Облыстық партия филиалының Әйелдер қанаты бұл бағыттағы жүйелі жұмысын жалғастыра беретін болады.

Кеңес отырысын әрі қарай  «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізді.

Жиында сөз алған Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асқат Ержанов партия бекіткен Жол картасында департамент қызметіне қатысты 4 нысаналы индикатор мен 14 іс-шарасы қамтылғанын айтты. Облыс әкімінің Мақтаарал ауданында өткізген қоғамдық қабылдауында Мырзакент кентінде өрт сөндіру бөлімін құру туралы тапсырма берілгенін айтты. Бұл тапсырма бойынша жер учаскесі бекітіліп, құжаттамалар дайындалғанын атап өтті. Бүгінде Сайрам ауданында өрт сөндіру депосын салу жұмыстары басталғалы жатқанын жеткізді. 

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Түркістан облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Сапар хабарлама жасап, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 286 дерегі анықталып, олардың 118 дерегі бойынша әкімшілік шара көрілгенін және 29 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу әрекеттері бойынша 113 қылмыстық іс өндіріспен аяқталғанын атап өтті.

Өз саласы бойынша хабарлама жасаған Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында 15-17 жас арасында 104 жасөспірім ерте жүктілікпен есепке алынғанын, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда  43,6 пайызға төмендегенін атап өтті. Бауыржан Сатыбалды ерте жүктілік пен өз-өзіне қол жұмсау деректерінің негізнен қандай себептерден орын алып отырғанына тоқталды. Сонымен бірге, психолог мамандарының да тапшылығын сөз етті. 

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов өңірімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік және суицид жағдайлары өзекті болып отырғанын атап өтті. Басқарма тарапынан аталған мәселелердің алдын алуда, отбасылық құндылықтарды дәріптеуде, жанұяның беріктігін сақтауда, ажырасудың алдын алуда кәсіби мамандармен бірлесе бірқатар іс-шаралардың өткенін атап өтті.  

Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова 2017 жылы Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, гендерлік зомбылықтың алдын алу, зорлық-зомбылықтың құрбандарымен, абьюзерлермен жұмыс жасауда ведомствоаралық өзара іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметтері  құрылғанын түсіндіріп өтті. Гендерлік, зорлық-зомбылық белгілері бар азаматтар үшін Келес ауданы мен Түркістан қаласында уақытша болу баспаналар ашылғанын айтты. Бүгінде облысымызда барлық аудан, қалаларда 17 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. 

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова алдын алу жұмыстарын күшейту үшін биыл аудан, қала әкімдері мен басқармалардың қызмет тиімділігіне жасөспірімдер арасында суицид фактілерінің үлес салмағын азайту индикаторлары енгізілгенін атап өтті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде балалар қылмысы 2024 жылмен салыстырғанда соңғы 5 айда 52-ден 41-ке, ал ерте жүктілік 213-тен 99-ға төмендегенін атап өтіп, аталған деректердің себептеріне жүргізілген талдауға тоқталды. 

Қазақстанның «Қызыл-ай» қоғамы Түркістан облыстық филиалының басшысы,  «Көмек» Дағдарыс орталығының басшысы, Түркістан облыстық отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Малика Жүсіпова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарына үңіліп, көмек сұрап келушілермен терең түсінісу арқылы мәселені дұрыс шешу жолдарына үңілу қажеттігіне тоқталды. Орталық тәжірибесімен бөлісіп, бірнеше мысал келтірді. 

 Отырыс барысында Түркістан қаласы мен Сарыағаш және Сайрам ауданынан келген жергілікті билік өкілдері осы тақырып аясында аймақтағы ахуалмен қалай күрес жүргізіп жатқанын, алдын алу жұмыстарының деңгейін баяндады.  Кеңес мүшелері тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік пен суцидтің алдын алу мәселелері бойынша қызу пікірталас өрбіді. Бірқатар мәселелердің шешімі бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды. 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева мен кеңес төрағасы Ғалымжан Елшібай жиын қорытындысына бірқтар ауқымды мәселелер айтылғанын, кеңес мүшелері тарапынан берілген  ұсыныс-пікірдің барлығы хаттамаға енгізіліп, бақылауда ұсталатынын жеткізді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қоғам қауіпсіздігі, отбасы амандығы, ана мен бала саулығы қаралды
  • Бишімбаевтың інісі мерзімінен ерте шығуы мүмкін
  • Қазақстанда дәрігер тапшылығы азайып келеді
  • 2026 жылы инфляция 10 пайыздан төмен болады — Ұлттық экономика министрі
  • Қазақстандық әнші «Славян базары» байқауында Гран-при иеленді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер