Сауран ауданы соңғы жылдары қарқынды индустриялық аймаққа айналу бағытында нақты қадамдар жасап келеді. Экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс ошақтарын ашу, шетелдік инвесторларды тарту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту – аудан дамуының өзегіне айналған басты бағыттар. Бүгінде қолға алынған жобалардың ауқымы мен қаржылық көлемі өңірдің ұзақмерзімді стратегиясы жүйелі жүзеге асып жатқанын аңғартады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында баспасөз мәслихатын өткізген Сауран ауданы әкімі Мақсат Таңғатаров мәлімдеді.

Ауданда өндіріс тек орталықта емес, ауылдық округтерде де қарқынды дамып келеді. Үшқайық ауылдық округінде 18 гектар аумақта 16 өндірістік жиһаз цехының құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі – 8 млрд теңге. Бұл жоба ауылдық жердегі шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға бағытталған. Жүйнек ауылында 30 гектар жер телімі бөлініп, 16 цех салу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 12-сінің құрылысы аяқталған. Мұнда 6 жиһаз цехы мен 10 құрылыс материалдарын өндіретін цех орналасады. Инвестиция көлемі – 16 млрд теңге. Жоба толық іске қосылғанда 550 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал Еңбекші Дихан елді мекенінде 6,3 гектар аумақта «ДәмОрда» өндірістік алаңы құрылуда. Жалпы инвестиция көлемі – 3,8 млрд теңге. Мұнда 18 цех іске қосылып, 280 адам жұмыспен қамтылады. Өндіріс бағыттары – нан және кондитерлік өнімдер, ет және сүт өнімдері, құрғақ жеміс шығару. Бұл жоба ауданның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, өңірлік нарықты сапалы өніммен қамтуға мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңде Оранғай елді мекенінде 8 жиһаз өндіріс орны, Шорнақта құрылыс материалдарын шығаратын жаңа алаңдар ашу жоспарланған. Оранғай ауылдық округіндегі 365 гектар аумақты қамтитын «Тұран» арнайы экономикалық аймағы – аудан экономикасының драйверіне айналғалы тұр.
Мұнда бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда:
1) «Кентау көпсалалы зауыты» ЖШС уран өндірісіне қажетті құбырлар шығаратын зауыт құрылысын жүргізуде. Жоба құны – 2,2 млрд теңге.
2) «BEREKE PLASTIC» ЖШС бір реттік ыдыс шығаратын зауыт салуда. Инвестиция көлемі – 7 млрд теңге.
3) «Orzax» ЖШС диеталық қоспалар мен дәрумендер өндіретін зауыт құрылысын наурыз айында бастайды. Жоба құны – 20 млрд теңге.
4) «Diamond Steel Co Ltd» ЖШС алюкоцинк және боялған металл өндіретін зауыт құрылысын бастады. Инвестиция көлемі – 40 млрд теңге.
Бұл жобалар өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, өндірістік тізбекті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінде «Euro Sandwich Panel» ЖШС сендвич панельдер мен металл конструкциялар шығаратын зауыт құрылысын бастады. Жоба құны – 6 млрд теңге.
Түркия Республикасының «Occa Chair» компаниясы мен «Сейхун» ЖШС бірлесіп, Жүйнек ауылында түркиялық технологиямен жиһаз өндіретін цех іске қосты. Инвестиция көлемі – 1 млрд теңге. Liaoning Energy Technologe компаниясы мен «ДиасКом» ЖШС күн энергиясымен жұмыс істейтін көше шамдарын шығаратын өндіріс орнын іске қосуға дайын. Құрылыс аяқталып, арнайы жабдықтар орнатылуда. Xinjiang компаниясы мен «Қазақстан мақта» ЖШС бірлесіп, Ескі Иқан елді мекенінде ауыл шаруашылығы техникаларын, топырақ өңдеу және егін жинау машиналарын шығаратын заманауи өндіріс орнын салуды сәуір айында бастайды. Жоба құны – 16 млрд теңге.
Бұл жобалар ауданның индустриялық әлеуетін халықаралық деңгейге шығаруға негіз қалайды.Сауран ауданы жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында да ірі жобаларды қолға алған.
«Sauran Solar Power» компаниясы қуаттылығы 300 мВт күн электр станциясының құрылысын бастады. Жоба құны – 164 млрд теңге. Қазіргі таңда жер тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Altyn Dala Energy» компаниясы қуаттылығы 185 мВт күн электр станциясын салу үшін 400 гектар жер телімін анықтап, жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Жоба құны – 60 млрд теңге.
Бұл бастамалар өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, экологиялық таза өндіріс қағидаттарын орнықтыруға ықпал етеді.
Сауран бүгінде аграрлық аймақтан индустриялық-инновациялық бағыттағы өңірге айналу жолында батыл қадам жасап отыр. Өндіріс көлемінің артуы, шетелдік инвестицияның тартылуы, жасыл энергетика жобалары – аудан дамуының жаңа кезеңін айқындайды.
Жүйелі жоспар мен нақты іске асқан жобалар үндескен тұста, Сауранның болашағы – сенімді, ал экономикалық әлеуеті – зор екені анық.
