Қырғызстан билігі Тергеу комитетін құруды жоспарлап отыр

image.png

 Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров күштік құрылымдарды ауқымды реформалауға дайындалып жатқанын мәлімдеді. 

Президенттің айтуынша, реформа келесі жылы іске асырылады. Оның аясында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті өз қызметін тек бейіндік бағыттарға – барлау және қарсы барлау жұмыстарына, конституциялық құрылысты қорғауға, терроризмге, экстремизмге, бандитизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске шоғырландырады.

– Ведомство тергеу жүргізу құқығын дәл осы бағыттар бойынша ғана сақтайды. Экономикаға араласпайды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің нақты немен айналысатынын және оның қызметкерлерінің кім екенін ешкім білмеуі тиіс, – деді Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында.

Президенттің сөзінше, Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде қызметін жалғастырып, бейіндік бағыттар бойынша тергеу жүргізу құқығын сақтайды. Барлық күштік органдардың өкілеттігі заңнамалық тұрғыда нақты айқындалмақ.

Реформаның негізгі бөлігі – жаңа Тергеу комитетін құру. Оған негізгі тергеу функциялары беріледі. Ал Бас прокуратура мен Әскери прокуратура барлық құрылымдардың әрекеттерінің заңдылығына қадағалау жүргізеді.

– Қазіргі таңда әділетсіздік фактілері бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Тергеу комитеті тікелей Президентке бағынады. Ол жедел қызметкерлер немесе министрлер ұсынған толық пысықталмаған не қолдан жасалған істерді қабылдамайды. Негізсіз қылмыстық істер қозғалмайды. Әділетсіздікке тап болған азаматтар қамауға алынбайды, дереу босатылады. Осылайша біз адам құқықтарының сақталуын кемінде 95 пайыз деңгейінде қамтамасыз ете аламыз. Бұл болашақ ұрпақтың қауіпсіздігіне кепіл болады, – деді Жапаров.

Оның айтуынша, дәл осындай тәсіл экономикалық қылмыстарға қатысты да қолданылады.

– Егер шын мәнінде қылмыс жасаған болсаң, жауапқа тартыласың, ал жала жабылған болса, бостандыққа шығасың. Бір-біріне бағынбайтын екі орган болған жағдайда дұрыс әрі объективті шешімдер қабылданады, – деді Қырғызстан басшысы.

Президент реформаның ұзақмерзімді перспективаға бағытталғанын атап өтті. Қажетті инфрақұрылым әзірленіп, техникалық база қалыптастырылады, тиісті жарлық шығарылады, заң жобалары парламент – Жогорку Кенештің қарауына енгізіледі.

Садыр Жапаров биыл Қырғызстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қабылдайтынын еске салды. Сондықтан реформаны іске асыру осы іс-шаралардан кейін, келесі жылы басталады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Су үнемдеген шаруаларға субсидия 80% дейін артады
  • Қазақстанда мұнайдың алты жаңа кен орны анықталды
  • ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІ ӨРКЕНДЕТУ – БАСТЫ НАЗАРДАҒЫ МӘСЕЛЕ
  • Бір оқушының тамақтануының орташа құны қанша
  • Рамазан Бектұрғанов —Түркістан облыстық офтальмологиялық ауруханасының басшысы
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер