
Қазақстанда спорттың ерекше түрінен жаңа рекорд тіркелді. Садақшы Динара Сайдалина «Қаратау» есімді түйемен 100 метр қашықтықтағы 4 нысананы небәрі 9 секунд 72 миллисекундта атып түсірді.
Бұл жетістік «Топжарған» өнер орталығының тарихындағы бесінші рекорд. Рекорд иесі бұл нәтижеге жету үшін 1,5 ай бойы тынымсыз дайындалғанын айтады.
Динараның сөзінше, түйенің үстінде тепе-теңдік сақтау атқа мінгеннен әлдеқайда қиын.
— Бұл жетістікке жеткендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дайындық өте ауыр болды, 1,5 ай бойы күн сайын таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін түйенің үстінде жүрдік. Түйенің шабысы атқа мүлде ұқсамайды, ол аспанға қарай жұлқып, секіріп шабады. Ондай сәтте тепе-теңдік сақтай отырып, оқты қорамсаптан суырып алып, нысананы дәл көздеу — үлкен шеберлікті талап етеді. Төртінші нысананы атып, рекорд орнатылды дегенді естігенде көзіме жас келді, — дейді Динара Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында.
Рекордты ұйымдастырушы әрі «Топжарған» орталығының жетекшісі Ғабит Таңатовтың айтуынша, бұл жоба түйенің жайбасар жануар деген түсінікті бұзу үшін қолға алған.
— Көпшілік түйені жай жүретін жануар деп ойлайды. Біз осы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, түйенің бабын, тамағын, уақытын қадағалап, арнайы жоба жасадық. Бұл — үлкен еңбектің арқасы. Түйені шауып жүруге үйрету оңай емес, оны сезіну керек. Алда жоспарымыз өте көп. Енді екі түйенің үстінде тік тұрып шауып, жаңа рекордтар орнатуды көздеп отырмыз, — дейді жетекші.
Рекорд орнатқан «Қаратау» түйесі 5 жаста, салмағы 800 келі. Жамбы атушы Динара Сайдалина спорттың бұл түріне осыдан бір жыл бұрын ғана келген. Алдағы уақытта спортшы мен оның ұжымы түйемен бәйгеге қатысуды да жоспарлап отыр.
