Түймебаевтың тапсырмасын түсінбеген аудан әкімі төбелес ұйымдастырды

42.jpg

Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев айдың, күннің аманында елді дүрліктіріп, ауданның тоқсан жылдық торқалы тойында қып-қызыл төбелес, дәлірегі ережесіз жекпе-жек ұйымдастырып, өзінің атынан кубок тігіп, жеңімпаздарға Головкиндікіндей белдеу тақты. Ал, мұғалімдерге мәжбүрлеп билет алғызды. Бұл туралы «Рейтинг» газеті жазды.

Ережесіз төбелес өтерден екі күн бұрын Сайрам ауданындағы Жібек жолы ауылдық округі Сиқым ауылындағы Амангелді мектебінен хабарласқан ұстаздар ережесіз төбелестің билеттерін мәжбүрлеп сатып алғызып жатқанын хабарлады.

– Шыдамдылықтың да шегі бар ғой. Тапсырманың аудандық білім бөлімі мен аудан әкімдігінен келгеніне ешқандай күмәніміз жоқ. Өйткені көрші Бөкейхан мектебінде де осылай болып жатыр. Билеттің құны 500 теңге. Мәселе оның бағасында болып тұрған жоқ. Біз ұстазбыз. Тәлім, тәрбиенің ұстыны саналатын ұстазды бір-бірімен қан-жоса болып төбелестіретін шараға мәжбүрлеп алып бару дегеніңіз шектен шығушылық емес пе? Мектептегі мұғалімдердің көпшілігі мәжбүрлікпен билетті алды. Себебі алмаған «қырсық» мұғалімге кейін сағат аз бөлінеді, әйтеуір мектеп басшылығы аяғынан шалады да отырады. Сайрам ауданындағы мектептерінде онсыз да ақша көп жиналады. Талай рет облыстық білім саласындағы бақылау департаментіне де барғанбыз. Келген комиссияларды аудандағылар, директорлар ақшамен қайтарып жібереді. Мұндай бассыздықты тиятын ешкім жоқ. Қарсы келгендердің бәрі бәлеқор атанады. Басшылардың ойынша мұғалім деген бәріне көніп жүре беруі керек сияқты. «Мұғалім» деген сөздің өзі қазір «момын» деген сөзге айналып кетті ғой. Бірақ ашық қарсы шықпасақ та пікіріміз ішімізде өлмесін, тым құрыса газет бетіне шықсын, – деді ұстаздардың бірі.

Ұстаздар бізге бұдан да масқара фактілерді мәлім етті. Олардың айтуынша, өткен аптада Сайрамда ауданның  90 жылдығына деп, ұстаздардан мың теңге жиналған. Мектеп директорлары «Анда барыңдар, мұнда барыңдар, осы ауданның бюджетінен айлық алып отырған соң бересіңдер, ауданның  90 жылдығы күнде өтіп жатқан жоқ», -деген көрінеді. Шамасы Мамаевтың 90  жылдықты атап өтерлік ақшасы да жеткіліксіз сияқты. Ақша жоқ болса, берісі Өзбекстаннан, арысы Индонезиядан қонақ шақырып, халықаралық жарыс өткізіп несі бар еді? 

Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын ғана, Түркістанда өткен облыс ұстаздарының тамыз кеңесінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаев аудан, қала әкімдеріне қарата «Барлық аудан және қала әкімдеріне мұғалімдердің жағдайына мұқият қарауды, олардың әлеуметтік мәселелерін барынша шешу жөнінде тапсырма беремін. Ұстаз қайратты болса, еңсесі биік болса ғана мықты шәкірт тәрбиелейді. Бұдан былай мұғалімдерді жөнсіз жұмсау, өз міндеттеріне кірмейтін шаруаларға жұмсау тоқтатылуы керек. Ұстаздардың жағдайын көтеру мәселесі Үкімет тарапынан да назарға алынып келеді. Сондықтан бәріміз бірлесіп отаншыл, намысты ұрпақ тәрбиелеуге, Түркістанды дамытуға атсалысайық», - деген еді. Облыс әкімінің бір ай бұрын ғана айтқан тапсырмасы  Мамаевтың сол мезетте-ақ бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кеткен сияқты.   

Ең қызығы, Сайрам ауданы әкімінің командасы ұстаздардан жылу жинауды былай қойып, оларды жас балаша алдап, ақымақ қылған. Жоғарыда айтқан ережесіз жекпе-жек 21 қыркүйекте аудан орталығы Ақсуенттегі саябақта өткен. 500 теңгелік кіру билеттері алдын ала негізінен бюджет қызметкерлеріне сатылған. Алайда турнир өтетін күні саябаққа жиналған жұрттан ешкім билет сұрамаған. Сұрауы да мүмкін емес еді, себебі саябақтың  айналасы ашық-шашық, жұрт еркін кіріп, еркін шығып жүрген.

Төбелесті бастан-аяқ түгелдей тамашалап, ақыр соңында жеңімпаздарға белбеу таққан Бақтияр Мамаев Түймебаевтың тапсырмасын осылайша орындап жатыр.  

Сайрам ауданы әкімдігінің алдын ала таратқан мәліметтеріне қарағанда, әлемнің тоғыз елінен келген кіл мықтылар аудан әкімінің кубогын сарапқа салған. Жекпе-жекке Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Индонезиядан келген спортшы жігіттер қатысқан. Индонезияның Қазақстандағы елшісінің де арнайы қатысқаны айтылды.

Қазір қазақ той жасаса да елден ерекше етіп өткізгенді дұрыс көріп тұрады. Ноу-хоу, креатив іздейтін заман. Бүгін Мамаев  90 жылдыққа ережесіз төбелес ұйымдастырса, одан асып түсіп, ерекшеленгісі келген  бір әкім ертең бәлкім қораз төбелестіретін шығар, арғы күні біреулер қошқар сүзістірсе, тағы біреу тарақан жарыстыруы әбден мүмкін. Ештеңеге таңқалмайтын заман ғой...

 

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер