«Жастар жылында» жастарға орын беріңіз, Наталья ханым!

Screenshot_6.jpg

Шымкент қаласында ауыс-түйістер орын алып, біреулер бұрынғы әкімнің командасы жіберген кемшіліктерін қазбалап жатқан кезде «Рейтинг» газетінің редакциясына өзін Жандос Әділхан деп таныстырған бір оқырманымыз хабарласып, білім саласындағы атқарған жұмыстарына сын айтты. 

- Өздеріңізге белгілі, қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең басты ұстанымы - әділеттілікті қамтамасыз ету. Мемлекет барлық уақытта азаматтарға бірдей жағдай жасау керек, қоғамды алаламай, жік-жікке бөлмеуі тиіс. Мен үшін ең басты әділеттілік осы,- деді редакцияға хабарласқан Дана есімді ұстаз.  - Алайда Шымкенттің білім саласында әділеттілік дегеніңіздің әдірем қалғаны қашан. Мектеп директорларын тағайындауда, қызметтен алуда бірдей ұстаным жоқ.  Біреудің көзі жақсы, біреудің өзі жақсы, біреу үлкен шенеуніктің қарындасы, біреуі әпкесі, біреуі келіні, біреудің ықпалы күшті, тағысын тағылар. Мәселен Шымкентте білім беру басқармасына қарасты «Оқушылар сарайы» мекемесін зейнеткерлікке осыдан бірнеше жыл бұрын шығып кетуі тиіс Наталья Романова деген азаматша басқарып отыр. Оған «орныңызды босатыңыз, «Жастар жылында» жастарға орын беріңіз» деп жатқан ешкімді көрмейсіз. Өзге директорды зейнет жасына толған күні жүмыстан босатып жібереді, ал Наталья ханым ешкімнің назарына ілікпейді.   Аталған мекеменің ауласындағы Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне қарап қарныңыз ашады. Мен өз басым Романованың Ғани Мұратбаевтың кім екендігін білетініне күмәнім бар. Әйтпесе, тым құрыса «Жастар жылында» қазақ жастарының көшбасшысының ескерткішіне күтім жасап, айналасын ретке келтіріп қояр еді ғой. Мекемеде «Жастар жылына» немесе Ғани Мұратбаевты еске алуға арналған шаралардың өтіп жатқанынан хабарымыз жоқ. Мекеменің ішіндегі көрнекі құралдар да реттеуді сұранып тұр. Қысқасы, орталықтың жұмысына сілкініс, серпін қажет. Ал зейнет жасындағы Романованың сілкінісі жасауға құлшынысы жоқ сияқты. Олай болса, мұндай кадрды құрметті демалысқа жібермеудің артында қандая құпия бар? — деді оқырманымыз әңгімесінің соңында.

Жалпы, соңғы жылдары Шымкент қалалық білім басқармасында түсініксіз жайттардың көп болғаны рас. Басқарма басшысының орынбасары парамен ұсталды. Қаланың білім саласына өте батыл бастамалармен келген Ақерке Абылайханның басшылық қызметі ұзаққа созылмады. Әкімдіктің сайтындағы мәліметтерге қарағанда, сол сәуірден бергі аралықта басқарманың тізгінін «и.о» ұстап отыр. Осының өзінен-ақ шымкенттік шенеуніктердің білім саласына қаншалықты мән беретіндігін байқау қиын емес шығар. Енді мақаланың басты кейіпкеріне қарай ойыссақ.

Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, Наталья Сергеевна Романова 1957 жылы дүниеге келген. Жасы биыл алпыс екіге толады деген сөз. Зейнеткерліктен кейін де 3-4 жыл бойы мекеменің бірінші басшысы болғанына қарағанда Наталья ханым «незаменимый кадр» ма? Директор биыл қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қолынан «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын алды.

Айтпақшы, Романова ханымды қызметінен бүгін-ертең босатып тастасаңыз да үйінде қол қусырып отырып қалмайды екен. Қоғамдық жұмысы бір басына жетіп артылады. Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі, Шымкент қалалық славян мәдени орталығының жетекшісі қызметін атқаратын болып шықты. Осы орайда қайбір жылдары облыстық славян мәдениеті орталығының белсендісі, кейінірек оның төрағасы қызметін атқарған Юрий Кирюхиннің де зейнет жасына жетсе де  3-4 жыл бойы «Южный Казахстан» газетінің бас редакторы қызметін ешкімге бермегені еске түсіп отыр. Сонда қалай болғаны, олар өздерін ұлттар арасындағы татулыққа өлшеусіз үлес қосып жүрміз, сол үшін осындай бір ерекше кеңпейілділік керек деп есептей ме? Әйтпесе, Наталья ханымның еңбек жолында Мақтаралда шаруашылықтарға жетекшілік еткен, аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшысы болған, біліктілігіне, тәжірибелігігіне ешкім күмән келтірмеген, соған қарамастан колледж директорлығынан зейнеткерлікке жасы толған күні босаған Кенжехан Төлебаевтан қай жері артық еді? Болмаса Наталья Сергеевна зейнет жасына жеткен күні басқарма басшысы қызметін тапсырған белгілі жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері, әйгілі Мархабат Байғұттан әулие ме еді? Сіз қалай ойлайсыз?

Бұл мақаланы жазудағы мақсат - біреуді қаралау, біреудің еңбегін жоққа шығару емес, оқырманның пікірін жеткізу ғана. Қала әкімі Ерлан Айтаханов қарапайым халықтың пікіріне қаншалықты құлақ асар екен?

Жәнібек Тархан, 

"Рейтинг" газеті, №31, 15 тамыз, 2019 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер