Жетісай ауданында атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 7 айда 270 отбасы ажырасып, 141 адам жалған құжат өткізген. 21 мың теңге үшін болыа жатқан мұндай сұмдықтар «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев аталған партияның Жетісайға барып өткізген мәжілісте мәлім болды. Тұрғындардың талап-тілектері мен арыз-өтініштеріне жауапты аудандағы азаматтардың қатысуымен өткен жиын партияның Жетісай филиалындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтті.
Жиынға Жетісай ауданының әкімі Ж.Бейсенбаев, филиал төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттар, белсенді азаматтар қатысты.
Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, қазіргі таңда өзекті болып отырған атаулы әлеуметтік көмек мәселесі сөз болды.
Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ә.Әбжановтың мәліметінше, бұл бағытқа жалпы 2, 5 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралған. Аудандағы 7011 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, таратылған. Әкімдік қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес тағы да атаулы әлеуметтік көмек алу үшін Жетісайда 1000 отбасы құжат өткізіп, күтіп отыр. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда екі есеге өскен. Десе де, атаулы әлеуметтік көмек бойынша ауданда арыз-шағым көбейген. Тұрғындар атаулы әлеуметтік көмекке құжат өткізерде делдалдар өз қызметін ұсынып, белгілі бір сома сұрағанын айтып шағымданды. Ал, министрліктің мәліметінше, Жетісай ауданында қазір 700 отбасы құжатына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 141 адамның жалған құжат өткізгені белгілі болды. Қазіргі таңда зерделеу жұмыстары жалғасуда. Мұндай деректер еселеп өседі деп күтілуде. Сондай-ақ, соңғы 7 айда ауданда 270 отбасы ажырасқан. Бұл да атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін жасалған әрекеттер болуы мүмкін.
Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары атаулы әлеуметтік көмек айналасындағы заңсыздықтарға тоқталып,
– Халық мемлекет тағайындаған заңды ақшасын алу үшін де делдалдарға жем болуда. Әлеуметтік көмек нағыз мұқтаж жандарға жетуі тиіс. Бұл келеңсіздікті тоқтату қажет. Ажырасу көрсеткішінің ауылды жерлерде күрт өсу де қазақ халқы үшін үлкен қасірет. Біз отбасы институтын жетілдіруіміз керек. Отбасыда береке орнамаса, елде береке болмайды. Партия атаулы әлеуметтік көмектің айналасында қалыптасқан олқылықтарды жою жолдарын қарастырып, тиімді шешімге жұмыс істейтін болады, – деді Б.Тәжібаев.