Тоқыма өнерін табыс көзіне айналдырған

Screenshot_22.jpg

Түркістан қаласында  бизнес жоспарын сәтті құрып, мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған жандар көп. Солардың бірі -  Мереке Айдарша. Ол 2014 жылы «Моноқалаларды дамытудың» 2012 - 2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қайтарымсыз грантқа ие болып, өз кәсібінің негізін қалады. Жоба құны 3млн. теңгені  құрайды. Мемлекет тарапынан бөлінген грант 2 320 000 теңге. Өңірде жүн өндіретін орталықтар болмаған соң, алғашқыда өндіріске қажетті шикізатты Қырғызстан мен Жамбыл облысынан алып келетін. Қазір мекеме өзі өндіреді. Ұжымға тиесілі жүн түтетін, жуатын және тарайтын қондырғылар бар. Жұмыстың басым көпшілігін техникалық аппараттар атқаратын орталықта 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнында ұлттық бұйымдар мен сырмақ, киіз басылып, гобелен тоқылады. Одан бөлек жүн мен мақтаны түту, тазалау қызметтері бар. Орталық өнімдерін дайындауда қолданылатын жүн мен бояулардың барлығы химиялық қоспалардан ада. Ал, табиғи өнімдерге сұраныс қашанда жоғары. Ұлттық бұйымдарды тұтынушылар саны да күн өткен сайын артып келеді. Үй дизайнына ұлттық нақышта көркемделген бөлмені қосу да сәнге айналған. Осыған сәйкес орталыққа еліміздің барлық өңірінен тапсырыс келіп түседі. 

Мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің Бейнелеу өнері кафедрасының магистр оқытушысымын. Практикалық сабақтарда кілемді тоқу, текеметті қалай басу керек екендігін үйреткеннен кейін маған осы салада жұмыс істеу қажет болды. Қажетті өнімді сырттан импорттау бізге қымбатқа түсті. Ауыл шаруашылығы елімізде жақсы дамығанын ескеріп, жүн өндіріп, бұйымдар жасауды қолға аламын деп шештім. Көп іздендім. Біздің елімізде бұл кәсіппен айналысатындар көп емес екен. Сосын бизнес-жоспар жасап, мемлекеттік грантқа ұсындым. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, жұмыс бастадым. Осы жақында Түркістан облысында ғана бөлініп жатқан «Аналар» бағдарламасы арқылы 1 пайыздық несие алып, киіз басатын құрылғы алдым. Ал, өңдейтін шикізатты өз өңірімізден аламын. Бұл менің кәсіп бастардаға басты мақсатым болатын. Қазақстанның жері бай ғой. Бір киіздің өзінен қаншама бұйым жасап шығаруға болады. Алдағы уақытта өндіріс орнын үлкейтіп, жұмысшылар санын арттыруды көздеп отырмын.  Түркістан қашанда туристер көп келетін қала. Облыс орталығы атанғалы келушілер саны тіптен артты. Туризмді дамытуда қолөнердің орны айрықша. Жақында Түркия елінде қолөнер шеберлерінің фестивалі болады. Оған 75-тен аса елдің өкілдері қатысады. Әрқайсысы өз елінің мәдениетін насихаттаушы. Ең бастысы көптеген елдерде ұлттық бұйымдарды өндірушілерге мемлекеттік қолдау көп. Түркияның өзінде жеке кәсіпкердің қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлердің өзіне айлықты мемлекет төлейді. Салықтан да босатылған. Көршілес Өзбекстанда қолөнершілердің ұшақпен сапарында жүгі тегін  тасымалданады. Ал, біз әрбір 20 келіге қосымша ақы төлейміз. Алдағы уақытта осы ескеріліп, мемлекет тарапынан қолдау тапса нұр үстіне нұр болар еді, - дейді «Жібек» жүнді қайта өңдеу және бұйымдар жасау орталығының басшысы Мереке Полатқызы.

Айта кетелік, моноқалаларды дамытудың 2012 - 2020 жылдарға арналған бағдарламасының мақсаты - моноқалаларды орта және ұзақ мерзімді перспективада орнықты әлеуметтік-экономикалық дамыту. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Елге келген қандастардың неше пайызы еңбекке жарамсыз
  • Қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтердің жаңа түрлері қолжетімді
  • Мемлекет басшысы Қазақстанның шет елдердегі бірқатар Елшісін тағайындады
  • Ресей: Теракт болған күні Крокустан 5 мыңнан астам адам эвакуацияланған
  • Президент терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер