Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов Шолаққорған ауылындағы
Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушыларына
«Адалдық сағаты» дәрісін оқыды. Оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен
құттықтаған аудан басшысы елімізде өткен жылдан бері «Адалдық жол»
жобасы жүзеге асып келе жатқанын жеткізді. Бұл акцияның мақсаты –
мемлекеттік қызмет беру бағытында сыбайлас жемқорлықты азайту, халықтың
мемлекеттік билік органдарына деген сенімін арттыру.
– Біз бүгінде
цифрлық технологиялардың, ақпараттың заманында өмір сүріп отырмыз.
Цифрлы қоғамды дамыту жемқорлықтың алдын алу екенін ұмытпауымыз керек.
Қызметтерді электрондық форматқа көшіру әкімшілік кедергілерді азайтып,
адами факторлардың болуына жол бермейді. Соңғы жылдары ауданда көптеген
қызмет түрлері электрондық форматқа ауысты. Ауданда осы жылдың алғашқы
жартыжылдығында 14132 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның 11564-і
электронды түрде жүзеге асты. Бұл электронды қызмет түрінің 66,6 пайызын
құрап отыр. Ал, мына мектеп қабырғасындағы сіздер – елдің ертеңісіздер.
Араларыңыздан ел тізгінін ұстайтын азаматтар шығады. Сіздер білімді
маман болсаңыздар, кез-келген мекеме, жекелеген компаниялар ешкімнің
көмегінсіз, жұмысқа алады. Қызметте өсесіздер. Ол үшін, оқу керек.
Ағылшын тілін терең меңгеріп, заманға сай, сұранысқа ие маман
болуларыңыз қажет, – деген аудан әкімі мұның бәрі адамдардың бір-бірімен
қарым-қатынасын азайтып, әкімшілік кедергілерді жоятынына, жемқорлықты
азайтатынына сенімді.
Аудан басшысы оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, пікірлерін тыңдады.