- Жалпы, кез-келген адамның жетістікке жету жолында өз соқпағы, өз жолы болады. Ал, сіз өнер саласына қалай келдіңіз?
- Өнер саласына бала күнімнен бір табан жақын болдым. Алғашқы ұстаздарым бойымнан өнердің нышанын байқаған болу керек, өнерге баулыды. Қандай іс-шара, мейрам, мереке болсын мені алға сүйреумен болды. Жалпы мектеп қабырғасындағы өмірім сахнада өтті десем де болады. Ал, екінші ұстазым өзімнің әкем. Сәрсенбек әкемнің алға жетелеуімен Кентау қаласында жанұялық ансамбльдер құрылды. Ондаған ансамбль жарқ етіп шығып, солардың ішінен бас жүлде алдық. Осылайша үлкен сахналарға шыға бастадық. Ал, үшінші ұстазымды жоғары оқу орнына түскенде таптым. Қазақстанның Халық әртісі. Жалпы еңбегі мен біліктілігіне қарай алмаған атағы жоқ десек те болады. Ол кісі Жаратылыстану ғылымдарының академигі, профессор, ұлағатты ұстаз, Түркістан театрының іргетасын қалаған Райымбек Сейтметов. Ұстазымнан көп нәрсені үйрендім. Телеарна, радио, сахна, әзіл өнері, сөз өнеріндегі жолым ұстазымның ақ батасының арқасында ашылды.
- Сізді театр және кино актері ретінде, тіпті танымал асаба ретінде танимыз. Айтыңызшы, қайсыбірінде табыс көп?
- Әр заманның өзінің шырқайтын әні болады дегендей, табысты тойдан көп табамыз. Халықтың арқасында байып, қос-қостан телефон алып, қос-қостан «джип» мініп (күліп), қос қабатты үйлер салып жатқан жайымыз бар. Әзіл-сықақ және сатира театры мемлекеттік болғандықтан айлық аз. Ал, кинодан мүлде табыс жоқ. Тек өзіміздің жергілікті режиссер Серік Таласовтың фильмдеріне ғана түсемін. Басқа режиссерлердің кино түсіру стилі аса ұнай бермейді. Мықтылары бар болар, алайда мен әлі кезіктіргенім жоқ. Серік Таласов өте білікті, өз саласының білгір маманы. Алатауды айырып, Қаратауды қайырып келген режиссерлерден қайда көш ілгері. Жас жігіт болса да, көргені көп. Тіпті киноға деген ынтасы тым бөлек. Ақшасы болмай тұрса да өз қалтасынан шығарып, қаржы жетпей жатса қарыз алып, кейін оны қайта жауып, түсіріп жатады. Мемлекеттен бөлінген қаржыны жетер жеріне жеткізбей, халықтың қаржысын тонап жатқандардың қатарынан емес Серік секілді өнерге шын берілген, адамгершілігі мол, елге шын жаны ашитын жігіттердің жанында жүргенді жақсы көремін. Қазіргі таңда, Серіктің 40-50-ге жуық туындылары бар. Олар қаржының жетіспеушілігіне байланысты шықпай жатыр. Ауруын жасырған өледі демекші, миллион, тіпті миллиардтаған кинолар түсіріледі. Бәрі архивте шаң басып жатыр. Ешкімге пайдасы жоқ. Шындықты айтқанның айыбы жоқ болар. Расында олар жасаған мәнсіз дүниені ешкім көрмейді де. Мемлекеттің ақшасы желге ұшып, далаға, тіпті біреулердің қалтасына кетіп жатыр. Серік секілді жігіттерге берсе, мәнді де мағыналы дүниелер жарыққа шығар еді...
- Шымкенттік асабалардың көптеп сұранысқа ие болуының сыры неде? Басқа қалалардан да шақырту аласыз ба?
- Салт-дәстүр, тіл және діннің дамыған жерінде асабалық, кино өнері, сахна мен сатира қатар дамиды. Рас, біздің асабалар сыртқа көп шақырылады. Бірақ, сырттың тамадалары көптеп шақырылмайды. Өйткені, сырттың асабалары Шымкентке өтпейді. Атақты Тұрсынбек Қабатов, Нұрлан Қоянбаев секілді эфирде жүрген, күнде көрмесе тұра алмайтын асабаларды шақырмаса, жалпы мықты деп жүрген сырттың тамадаларын бізге шақыра қоймайды. Күніне Шымкенттен ондаған тамада ұшып кетіп, келіп жатады. Өйткені сұранысқа ие. Сөз саптауы, сөйлеу мәнері, кешегі күн мен бүгінгі таң, ертеңгі болашақты ұштастыра отырып, әңгімені нақышына келтіріп тұрып айту, құлақтың құрышын қандыру біздің Оңтүстік жігіттеріне тән. Басқа өңір келмейді деп айтпаймын. Алайда, Шымкенттің асабаларының сөздері өте майда, жағымды болып келеді. Құлаққа жағымы болғаннан кейін де, жүрек оны іздейді. Осы жағынан біздің асабалар алда тұр.
- Сатира театрлары мен саңлақтары Шымкенттен көптеп шығады... Тіпті сатираның ордасы оңтүстік десек те болады. Мұның сыры неде?
- Жалпы, салт-дәстүр мен тілді жақсы сақтаған ортада өнер дамиды. Неге, басқа өңірдің әзіл-сықақ театрлары аса танымал емес. Себебі, бір жерде тілді сақтаса, дәстүрді сақтамайды. Басқа жерде дәстүр сақталса, тілді сақтамайды. Ал, бір жерлерде екеуін сақтағанмен дінді сақтамайды. Дін біздің негізгі бақытымыз. Оны ұстанған адам ешқашан адаспайды. Ал, діні бар адам салт-дәстүрді де сақтайды. Біз осы үш қасиетті қатар ұстаған халықпыз. Өнер адамдарының Оңтүстіктен көптеп шығуының сыры осында.
- "Күлкі базар" қашан, қалай құрылды? Тіпті бұл жоба біраз уақыт үзіліс жариялап, қайтадан жарыққа шыға бастады. Келешекте "Күлкі базар" театрын ашу жоспарыңызда бар ма?
- «Күлкі базар» - телетеатр. Біріншіден, сахнаға он-он бес адамды жиып автобусқа, пойызға мініп алып көш болып жүруге құлшыныс жоқ. Екіншіден, ондай заман өтті. Бүкіл ақпарат құралдары жаңалықтың барлығын желіден көреді. Сондықтан да, бұл – желі театры. «Күлкі базардың» біраз уақыт тоқтап қалуының себебі Гүлжанар қызымыз бақилық болды. Аталған театрды Гүлжанарға сеніп ашқан болатынмын. Осы қызбен театр ашсам гүлдейтін шығар деп ойладым. Расымен, театрымыз аз уақыт ішінде өз көрерменін жия білді. «Күлкі базар» үш- ақ айдың ішінде қаншама жылдық тарихы бар театрлармен қатарласа алды. Басып озды деп айтпай-ақ қояйын, бірақ үлкен аға буын, орта буындағы театрлармен иық тіресе алады. Ел-жұрт бізді іздеп жүріп, көре бастады. Көрген жерінде тани бастады. Гүлжанар болмағанда бұл театрдың болу - болмауы екіталай еді. Жалпы Гүлжанар қос театрды дүниеге алып келген қыз. Бірінші жобасы, «Алдараспан» телетеатры. Екіншісі, «Күлкі базар». Театрдың атын ғана мен таңдадым, театрды жүргізген, дамытқан Гүлжанар болды. 2016 жылы дүниеден өткелі, орнына бір қыз таппай келеміз. «Алдараспан» театрының актрисасы Ақерке қызымыз әпкесінің орнын басатындай нышан көрсетіп қалды. Табиғи, жасандылық жоқ.
- Өмірдегі Ғалымжан Құрманбек қандай? Отбасыңыз жөнінде айтып өтсеңіз?
- Өмірдегі Ғалымжан Құрманбекұлы сәл сабырлылау, байсалдылау. Сахнадағыдай, эфирдегідей емес. Өнер мен өмірдің аражігі бар. Олардың арасында шекара болмаса адам адасып қалады. Өмірін әкеліп өнерге, өнерін әкеліп өмірге араластырып жібереді. Сондықтан оны шатастырып алмайық. Үнемі көңіл-күйім көтеріңкі жүремін. Біреу көңілімді түсіріп жатса аса мән бермеймін. Ақша, дүние жоғалтсам да абыройымды жоғалтып алмайын деп жүрген адаммын. Себебі, абыройдың қайтып келуі неғайбыл. Оны қайтадан бос шелектен бастап қасықтап жинауға тура келеді. Отбасым жайлы айтар болсам, сегіз қыздың ішінде бір ұлмын. Құрманбек әкем 1982 жылы дүниеден өткен. Аға өлсе, ініге мұра дейді ғой. Ағасы дүниеден өткен соң, інісі Сәрсенбек, қазіргі әкем бізге жақындығын білдіріп, қамқоршы болып, өсіріп, жетілдірген. Қазақ айтады ғой «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деп. Ағайын туғанның ортасында мейірімге бөленіп, ата-әженің құшағында өстік. Анамыз басқа біреуге тұрмысқа шығып кетсе жағдайымыз не болар еді. Ол кезде мен өнердегі Ғалымжан боламын ба, әлде басқа жерде арба итерген арбакеш боп жүрем бе, кім білсін. Анам - тігінші, әкем - темір ұстасы. Кентау қаласы, Хантағы елді мекенінде тұрамыз. Көбіне әжемнің тәрбиесін көріп өстім. Ол кісіні ауылда «Сталин әже» деп атайтын. Шын есімі - Тұрсынкүл. Әжем бүкіл ауыл сыйлайтын, сыйлы кісі болды. Мені көше кезіп, қаңғырып жүретін балалардың қатарына қоспайтын. Егер мені әжем қадағаламағанда көптің бірі болып жүрер ме едім. Әжем жастайынан жесір қалып, үш ұл, тоғыз қыз перзентті дүниеге әкеліп, жетілдіріп, аяқтандырып, жәннаттық аналардың амалын жасаған кісі. Бүгінде, күйеуін есіктен шығарып салса, өзі тесіктен шығып кеткісі келіп отыратын әйелдер бар ғой. Мен оларды кінәламаймын, заманның ағымы солай. Менің өз анам да үлкен анамыздың жолын қуды. Есімі - Гүлайхан. Анамның маған деген ыстық ықыласы, өнерге қадам басуыма үлкен үлесін қосты. Өнерге тәрбиелеген әкеміз болса, өнердің үлкен ордасына тапсырған анам болатын.
- Болашақ сатира тарландарына қандай кеңес берер едіңіз?
- Тек қана сатира емес, драма, комедия, музкомедия, муздрама, трагедия қандай да бір кино, сахна, скетч, вайн болсын кез-келген өнер адамына айтарым, іргетасына мықты болсын. Егер ол дұрыс қаланбаса, қалған өмірі бос болады. Жеңіл өнерге қатты берілмеуі тиіс. Қазір естіп, қазір ұмытып кететін дүниеге ұмтылмағаны жөн. Мысалы, қазіргі вайндар тап солай. «Күлкі базар», «Шаншар», «Алдараспан», Тұрсынбектің әңгімелері классика, ұзаққа кетеді. Адамдардың есінде қалады, кез-келген ортада айтылып та жүреді. Өнегелі әзіл сондай болуы тиіс. Елді ауызына қаратамын деп, денесінің бөліктерін көрсетіп, Құдай берген мүсінді жария қылып, сол арқылы елді баурап жүрген жігіттер, қыздарымыздың жүрегіне Алла иман берсін. Қазақтың тіліне, дініне, салт –дәстүріне қызмет етпесе, сенің өнерің, әзілің түкке тұрғысыз. Тағы айтарым, жастар «КВН» дегенге жоламасын. «КВН» - ол індет. Өйткені, онда ойнап, кейін біткеннен кейін, мамандықсыз ештеңеге жарамайтын студенттер шығып жатыр. Әрқайсысы әртүрлі мамандық. Өнерге қатысы жоқ. Қарасаң бәрі «КВН»-де жүр. «Жайдарманда» ойнап ешкімге керек болмай қалған кезде, мамандығына қайта келсе түк білмейді. «КВН» адамды арзандатады, азғырады, аздырады. Абай атамыз айтады ғой «Аздырар адам баласын» деп. Сондықтан «КВН» жалғыз өнердің емес, жалпы жастардың жауы. Жолы болып, бәрі Тұрсынбек болып кетсе де болмайды. Ол миллионда біреу. Сондықтан да ғұмыры ұзақ өнердің, әзілдің, киноның жанында жүруді насихаттайтын көрнекті өкіл болуға үндер едім.
Сұхбаттасқан Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ