Бәйдібек ауданы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өңір. Соңғы жылдары ауданның өнеркәсіп пен әлеуметтік саласында да ауыз толтырып айтарлық нәтиже бар. Қойнауы пайдалы қазбаға, төскейі төрт түлік малға толы өңірге инвесторлар да қызығушылық танытуда. Қазірдің өзінде келешегінен мол күттіретін бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Денсаулық, білім салаларында да жаңалық көп. Жаңа мектеп, балабақшалар салынып, нәтижесінде Бәйдібек бүгінде үш ауысымды және апатты мектептерден толығымен құтылып отыр. Өзіндік кіріс жыл санап көбейіп келеді. Бәйдібек ауданының әкімі Бақытбек Танагөзовпен арадағы сұхбатымыз да осы өзіндік кірістен басталып, өңір экономикасының, өнеркәсібінің әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері турасында өрбіді.
- Бақытбек Төленұлы, Бәйдібек ауданының әкімі болып тағайындалғаныңызға үш жылға жуықтады. Жалпы, өзіндік кіріс аудан бюджетінің қанша пайызын құрайды. Оның көлемін алдағы жылдары қаншаға дейін арттыруға болады деп ойлайсыз?
– Бәйдібек ауданының аграрлық әлеуетін арттырып, әлеуметтік- экономикалық ахуалын жақсарту басты мақсатымыз. Аудан бюджетінің кірісі 2019 жылға жоспары 16 миллиард 575 миллион теңге, өзіндік кіріс жоспары 960 миллион теңге, яғни өзіндік кіріс аудан бюджетінің 5,8 пайызын құрап отыр. Аудан бюджетіне республикадан, облыстан берілетін нысаналы трансферттер жылдан жылға артуынан өзіндік кіріс көлемінің пайызы төмендеген. Жергілікті түсім көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 135 пайызға немесе 249 миллион. теңгеге артқан, ал 2018 жылмен салыстырғанда 108,7 пайызға немесе 77 миллион теңгеге артқан.
- Әкімдердің жұмыс көрсеткіштерінің бірі-инвестиция тарту. Бәйдібекке инвесторлардың қызғушылығы қай деңгейде? Қандай жобалар қолға алынуда?
- Біздің ауданда өздеріңіз білетіндей Біріккен Араб Әмірлігінің құс өсіретін жеке фирмасы бар. Өткен жылы Біріккен Араб Әмірлігі инвесторларының қолдауымен Шаян ауылында теннис корты мен көмкерілген бассейн және ашық спорт алаңдары ашылған болатын. Мұның өзі шетелдік инвесторлардың ауданымызға деген қызығушылығының өзгеше екендігін көрсетеді. Жыл басынан бергі сегіз айдың қорытындысымен ауданның негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 13,2 миллиард. теңге болып Түркістан облысының инвестициялық үлесінің 6,4 пайызын құрап отыр. Кәсіпкерлікті қолдау картасына екі жоба еніп, 2020 жылы іске асыру көзделуде. Атап айтсақ:
«Vine Company» ЖШС темір бетон бұйымдарын өндіру зауыты (жалпы құны 365,0 миллион. теңге).
Ал, «NN UAJ Group» қорғасын кенін өндіру және өңдеу зауыты (жалпы құны 365,0 миллион. теңге). Бұл жобалар қазіргі таңда жұмыс істеп тұр, келесі жылға дейін пайдалануға беру жоспарымызда бар.
- Жалпы аудандағы ауыл шаруашылығының басым бағыты не? Өңірде мал шаруашылығының әлеуеті қандай? Осы салада мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қай деңгейде? Қандай кәсіпкерлік жобалар бар?
- Бәйдібек ауданы ауыл шаруашылығының кез келген саласына бейім өлке. Мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығын қолға алып, оны жүзеге асыру нәтижелі көрсеткіш береді. Біздің аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бергі сегіз айдың қорытындысымен 13,8 миллиард. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 120,3 % артығымен орындап, облыста алдыңғы қатардан көрінуде. Биылғы жылы аудан бойынша 93,4 гектар егістік жер игеріліп, 8 айдың қорытындысымен 6,04 миллиард. теңгенің өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекеттік бағдарламалар бойынша Бәйдібек ауданында мал басын асылдандыру жұмыстары жылдан-жылға жақсы ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан», аналық ірі қара мал басының импорты, жайылым жерді суландыру және ауыл шаруашылығы техникаларын лизингпен алу сынды бағдарламалардан аудан халқы хабардар болып, шаруалар мемлекеттен қолдау табуда. Атап айтсақ, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша – жоспар 3310,0 бас алу болса, қазіргі таңға 3310,0 бас алынып, тапсырма 100,0 пайызға, «Құлан» бағдарламасы бойынша – жоспар 371 жылқы алу болса, шаруалар 480 жылқы алып жылдық жоспар 129,4 пайызға орындалды. Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша – жоспарланған 610 бастан әлдеқайда көп, яғни 4723 бас алынып тапсырма 774,3 пайызға орындалды. Ауданның басым бағыты мал шаруашылығы болып табылады. Қаржы ұйымдарынан ауданның кәсіпкерлеріне, шаруаларға ағымдағы жылы 48 жобаға жалпы соммасы 415,9 миллион. теңге берілді. Мал шаруашылығын озық технологиямен қамтып дамытуға «Салурбей-групп» Түрік компаниясы жалпы соммасы 7,5 миллиард теңге құрайтын 100 000 етті бағыттағы уақ малдарды өсіру жобасы жоспарлануда.
- Травертин өндіру бойынша бірқатар жобалар қолға алынғаны белгілі. Олар қаншалықты іске асып жатыр?
- Травертин өндіретін зауыт Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылуда. Әзірге жұмысы тоқтап тұр, алайда бұл жобаны нақты қолға алып, іске асыру үшін біршама жобалар қолға алынған. 2009 жылы 20 шілдеде №408 қаулысымен «BILLER» ЖШС Боралдай ауылдық округінен жалпы алаңы 8,37 гектар жер телімі органикалық әктас өндіру үшін жалға берілді. Аталған серіктестік 2009 жылдан бастап травертин тасын өндірумен айналысты. Қазіргі таңда тапсырыс беруші азайып, өнім көлемі төмендеуіне байланысты уақытша өз жұмысын тоқтатуда. Боралдай ауылдық округінен «Каз-Травертин» ЖШС-не жалпы алаңы 3,37 гектар жер телімін әктас (травертин) өндіру үшін жалға беру мақұлданды. Қазіргі таңда, аталған серіктестіктің құжаттары толық рәсімделіп, жоба жұмысын ағымдағы жылдың қараша айында іске қосады деп күтілуде.
- Бәйдібек көпбалалы аналармен аты шыққан аудан. Ауданда мектеп салу, медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытында нендей жаңалықтар бар?
- Білім саласы мен әлеуметтік ахуал мәселелері қашан да бірінші орынға қойылуы тиіс. Бүгінгі жас біздің ертеңгі болашағымыз. Аудандағы көпбалалы отбасылар мен балалардың сапалы білім алуы үшін тиімді жұмыстар жүргізілуде. Бәйдібек аудандық білім бөліміне қарасты білім мекемелерінде қырық үш типтік, алты бейімделген ғимараттағы мектеп бар. Мектептердің 95 пайызы жаңа үлгіде салынған. Ауданымызда үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы мектеп жоқ. Өткен жылы бес мектеп, ағымдағы жылы жүз орындық Жаңаталап мектебі пайдалануға берілді. Қазіргі кезде Қосбұлақ ауылындағы 150 орындық Қосбұлақ жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстары басталса, Амансай ауылындағы Домалақ ана мектебінің жанынан жеті сынып комплектісін қамтыған қосымша жайдың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған екі мектептің құрылыс жұмыстары 2020 жылға өтпелі. 2020 оқу жылына аталған екі мектептің құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан 2018 жылы алты мектептің құрылысы жүргізілсе, оның ішінде бес мектеп мемлекеттік қабылдау актісімен пайдалануға берілсе, бір мектеп құрылысы (Жаңаталап мектебінің) 2019 жылы аяқталып, пайдалануға берілді.Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы бойынша медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында 2019 жылы Кеңсай, Бәйдібек ата, Ақтау, Кеңес, Қосбұлақ, Алғабас елді мекендерінен Модульді-құрастырмалы қаңқалы медициналық тіректер салынып, пайдалануға 2019 жылдың қараша айының алғашқы онкүндігінде беріледі. Әр медициналық тіректің құны 30,0 миллион. теңгеден, жалпы құны 180,0 миллион. теңгені құрайды. Ал аудан тұрғындарына ағымдағы жылы 4-дәрежелі сапалы медициналық қызмет көрсету үшін облыстық бюджеттен екі дана Ларгус санитарлық автокөліктері сатып алынды. Әрине, мұның бәрі тұрғындардың игілігі үшін.
Әңгімеңізге рахмет, ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ