Түлкібас ауданындағы әулиелі жерлер тамырлы тарихтың куәгері. Сырлы даланың құпиясын қойнауына бүгіп жатқан ұлы даланың маңызын арттырып, ондағы ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарап, көненің көзіндей сақтау бүгінгі ұрпақтың басты міндеті.
Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керектігін айта келе, әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болатынын, оны сол халықтың әрбір азаматы білетінін атап өткен болатын. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» - деді Елбасы мақаласында. Бүгінде аудан аумағынан «Киелі жерлер географиясы» жобасы бойынша алдын-ала 39 қасиетті жер туралы мәліметтер облыстық жобалық кеңсе базасына жолданған. Соның ішінде Ақтас, Тамшы әулие, Қасқабұлақ шыңы Түркістан облысы бойынша киелі жерлер ретінде анықталған. Бүгінде аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков киелі орындардың күтімге алынып, абаттандырылуына, насихатталуына ерекше мән беруде. Аталған әулиелі жерлердің бәрі дерлік емге шипа, дертке дауа боларлық қасиетімен де ерекшеленеді.
Бұлақ суы дертке шипа
Ақтас әулие Керейт ауылының солтүстігінде орналасқан қасиетті орын. Киелі мекен бұлағының күншығысы қатпар тасты төбемен ұласады. Оңтүстік-батысы егістік алқабымен, ал, батысы ескі қорыммен, ескі мешіт үйі арқылы тегістеле келіп, ауыл басындағы төбемен шектеледі. Ақтас әулие бұлағының бойында терек пен тал ағашы көп. Бұлақты диаметрі шамаммен 150-160 метр алқапты алып жатқан қамыс басқан. Ақтас әулие бұлағынан басқа тоғай ішінде бірнеше бұлақ көзі бар. Олар үш қайнар бұлақ суынан кұралады. Су үлкен қатпар тастың астынан шығып жатыр. Айналасында бүлдірген, киікоты, жалбыз, қоға, көкжапырақ сынды өсімдіктер өседі. Шығыстан батысқа қарай ағатын бұлақ ені - 0,50-0,55 метрлік арыққа 0,20-0,22 метр тереңдікте ағады. Бұлақ суының оң қапталдағы көзі тастың астынан атқылап шығады. Ал, ортаңғы бұлақ көзіндегі су тас астынан екі жерден қайнап шықса, сол қапталындағы бұлақ көзі басқаларына қарағанда бөлекше. Бұлақ көзі суының молдығының арқасында бірнеше, ортаңғы және оң қапталдағы сулардың қосындысынан әлдеқайда көптеу ағып жатыр. Ағысы да жылдам. Бұлақ көзінен шығып, алдыңғы алқапқа жиылған судың тереңдігі 0,70- 0,75 метрді құрайды. Алғашқы екі бұлақ көзінің суы жайылып ақса, үшінші көздің суы толып, жинала ағады. Ақтас әулие бұлағының оң қапталынан басталған ағаштар қатары жиілей түсіп, қалың тоғайға айналған. Бастауының оңтүстік-шығысынан 13-14 метрдей жердегі қураған жуан ағаштың қаңқасына майда шүберектер байланған. Бұл, кезінде Ақтас әулие бұлағын күтіп-баптаған, әрі шырақшылық еткен Пернебек Дүйсенбаевқа қойылған белгі екен. Шырақшы дертіне дауа іздеп келген жолаушыларға жөн сілтеп, құран бағыштап отырған деседі. Ал бұлақтың атауы судың қайнар көзі шығып жатқан жердегі тас қабаттарының ақ түсті болып жатуына байланысты Ақтас аталған. Мамандардың дерегінше, бұлақ суының көз, асқазан, бауыр, бүйрек сынды ішкі ағзаға ем боларлық қасиеті бар.
Тамшы әулиенің көз жасы
Аумағын үлкен жартастар қоршап, сан алуан желектермен көмкеріліп жатқан Тамшы әулие Түлкібас ауданына қарасты Кершетас ауылынан 12 шақырым жердегі шатқалда орналасқан. Шатқал маңындағы Машат өзенінің сол беткейін Шошқабұлақ тауларының сілемдері алып жатыр. Өзеннің екі аңғары биік қатпар тасты жота. Оның бойында демалыс саябақтары бар. Машат өзенінің оң қапталында тау аңғарына сұғына кіріп жатқан жердің биіктігі 80-85 метр болатын қатпарланған тас қабатының үстіңгі жағы 30-35 метрдей қара, орта тұсы 20-25 метрдей ақ - сұр, ал астыңғы қабаты ылғалданып, судан көгеріп мүк басқан. Осы араны жергілікті халық «Тамшы әулие» деп атайды.
Табиғаты көз сүйсіндіретін киелі орынның қуыс қойнауында тастан тамшы тамып тұрады. Аққан су тамшыларында есеп жоқ, санына жетіп болмайсың. Олардың сипаты да әртүрлі: бірі сорғалай, екіншісі сызылып, ал үшіншілері тамшылап, үзіліп ағады. Бірінің көлемі жуандау болса, басқалары жіңішкелеу, тіпті көзге көрінбей намданып ағатын да түрлері бар. Келушілер осы кереметке қарап «тас жылап жатыр» деп айтады. Сондықтан «Тамшы әулие» аталып кеткен. Ол жайлы аңыздар да, әпсана да, тіпті ертегіге айналған әңгімелер де көп.
Тас жартастарға анықтап қарасаңыз, тамшы ағып жатқан аралықтан 7-8 метр биіктікте арақашықтығы 8 метр шамасындағы екі үңгір бар. Ол осы тастың екі көзіне ұқсас болып келген. Сол себепті, мұны жергілікті халық «Тамшы әулиенің екі көзі» деп атайды. Сырттан анықтап қарағанда шын мәнінде жылап жатқан адамның бейнесін көріп, таңғаласыз. Тамшы ағып жатқан аралықтың асты ішке кіріңкі, қуыстау келеді. Ол жерде биіктігі 1,70-1,80, ені 1,20-1,30 см. тас бар. Тастың төбесі тегістеу, онда диаметрі 35-40 см. келетін ойық жер бар. Оны жергілікті халық «Тамшы әулиенің қазандығы» деп атап, келгендер осы аралықтан су ішуге әрекет жасайды. Ол аралыққа екінің бірі шыға бермейді. Себебі, мұның үстіне шығатын аралықтағы тас беттері жылтырап, аяқ бастырмастай тайғақтанып тұрады. Тіпті, шығуға әрекет еткендер жарты жолда аяқтары тайып, еңіске кұлап жатады.
Тамшы ағып жатқан тұстан 2,5-3 метрдей төмен жерде тас арасынан атқылап шығып жатқан көптеген бұлақ көздері бар. Олардың оң қапталындағы екі көздің суы басқаларға қарағанда көп, әрі ағысы жылдам. Қалған бұлақ көздерінің су мөлшері деңгейлес. Жалпы тас аңғары шығыстан батысқа созылып жатыр, ұзындығы 150-170 метрдей, ал су тамшылап жатқан алқаптың ұзындығы 55-60 метр шамасында. Атқылап жатқан бұлақ көздеріне бес жерден ауызсу үшін құбыр қойылған. Одан тыс ені 50-55 см, тереңдігі 20-22 см. келетін арық арнасы толып ағатындай су сыртқа шығып, өзен бойлай ағып жатыр.
Тамшы әулие туралы нақты дереккөздер кездеспейді. Алайда, осы аумақты мекен еткен адамдардың айтуынша, Тамшы әулиенің қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының жанында екен деседі.
Тастағы таңбалар көне дәуірдің куәсі
Қасқабұлақ шыңы Жабағылы өзенінің сол жақ бетінде орналасқан. Теңіз деңгейінен 3700 метр биіктікте жатыр. Аталған тау шыңының ұшар басында призма тәрізді ондаған шақырым қашықтықтан байқауға болатын үлкен мұздық бар. Сондай-ақ, бұл таудың басты ерекшелігі - тас және қола дәуірден қалған 2000-ға жуық тастарға қашалып жазылған таңбалар. Тастарға ойып салынған бейнелер сол кездегі тіршіліктің куәгері іспеттес. Жартастарда өз кезеңінде мекен еткен адамдардың тұрмысы суреттелген. Сонымен қатар, аңшылықпен айналысқандығын байқауға болады. Онда құстардың, маралдар, таутекелер, архарлар, түйелердің суреттері бейнеленген. Тасқа қашалып салынған таңбалар әлі күнге дейін жақсы сақталған.
Қасқабұлақ шыңында сирек кездесетін қар барысы, Тянь-Шянь Алатауының қоңыр аюы, арқар, тау ешкілері мекен етеді. Биік таудың шыңына жаз кезінде ғана шыға аласыз. Қасқабұлақ атауының пайда болуының өзіндік тарихы бар. Бұлай аталу себебі, тау мұздықтарының он екі ай бойында ерімей сақталып тұруы және күніне бір сағатқа ғана пайда болатын бұлақтың қосындысынан шығуы мүмкін. Осы тектес ерекше құбылыстардың табиғатта орын алуы ғалымдардың да қызығушылығын ерекше арттырып отыр.
Қасиетті орындар – ғасыр куәгері. Бүгінде, қоғамымызда қасиетті орындарға деген көзқарас өзгеріп, маңыздылығы артуда. Оған Түлкібас ауданында жасалып жатқан нәтижелі істер дәлел бола алады.
Нұр ЖІГЕРЛІ