Түлкібас десе жазушы Шерхан Мұртазаның «Тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деген қанатты сөзі еске түседі. Түлкібас пен Жуалы, бір-біріне араласып жатқан өңір. Бұл өңірлердің тұлпарлары да, сұңқарлары да ортақ. Шерағаң Түлкібасты өзінің туған жеріндей көрді. Шығармаларына арқау етті. Түлкібас туралы талай толғаныстарын жазды. Түлкібастықтар жазушыны сол үшін де жақсы көреді, өзіне ыстық тартып тұрады.
Күні кеше Алматыда бір топ азамат Шерағаң мәңгілік тыныштық тапқан Кеңсайдағы қабірінің басына жиналды. Жазушының басына құлпытас орнатылды. Бұл құлпытасты жасатуға ең бірінші кезекте Түлкібас ауданының азаматтары мұрындық болғанын айта кету керек. Кітап мүсінімен жасалған ескерткіш авторы - Ербосын Мелдебеков. Оның ашылуында ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы, белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген, қоғам қайраткері Қайрат Айтбай сөз сөйлеп, жазушы жайлы естеліктер айтты. Жиынға Шерхан Мұртазаның қызы Алма Шерханқызы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, республикаға танымыл ақын-жазушылар мен облыстардан арнайы келген қонақтар қатысты.
Кеңсайдағы қабірінің басына қойылған құлпытастан бөлек, Шерағаңа арнап Алматыдағы М.Төлебаев көшесінде орналасқан үйінің маңдайшасына мемориалды тақта орнатылды. Мемориалды тақтаның ашылуына түлкібастықтар көп қатысты. Атап айтсақ, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай және басқа да жазушылар мен ақындар, қайраткерлер кейінгі ұрпаққа рухани бай мұрасын қалдырған қаламгер жайлы естеліктер, келелі ойлар айтты.
-Бізде көп дүние қағазға байланысты шешіледі. Қағазға әлденені жазамыз да, сол сияның артындағы азаматтың кім екенін ұмытып кетеміз. Біз бәрін таразыға салып қоямыз. Өкінішті-ақ. Осыны жасап жүрген өзіміз. Ал Шерағамыздың дүниеден өткеніне жыл толып жатқан кезде, қағазға қарап қаламыз ба? Жоқ, ел екенімізді, қазақ екенімізді көрсетеміз бе? Осылай қағаздың бәрін ысырып тастап шешім қабылдадық. Мұндай шешім бір жылдан кейін емес, бес жылдан кейін емес, марқұм болған күннің ертеңінде қабылдануы керек. Өйткені бұл азамат – елдің азаматы. Тек «елім» деп қана өтті. Сол себепті осындай ізгі шаруаның басы-қасында жүргеніме қуаныштымын, - деді ашылу салтанатына қатысқан Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев. Шерхан Мұртазаға арналған шара Қабылдау үйінде берілген жылдық асымен жалғасын тапты.
Түлкібас пен Шерхан Мұртаза егіз ұғым секілденеді де тұрады. Оның себебі көп, қаламгер ауылды көп жазатын. Оның ішінде қос тау түйіскен Түлкібасты. Себебі, ол осында, бүгінде тау етегінде Түлкібаспен қатар жатқан, бір кездері бір аудан болған Жуалыда дүниеге келген. Табиғаты әсем жерде туған жазушы жауапкершілікті терең сезінгендіктен шығар, оның қаламынан тұнық дүниелер туды. Мына жалғанды боямасыз қаз-қалпында көрсетті. Қалам ұшына тұнатын қасиетті қастерлеген ол ешкімнен қорықпады. «Елім саған айтам, Елбасы сен тыңда» деп Камал Смаиловпен бірге ой толғағанның өзі неге тұрады?! «Қызыл жебе» роман-эпопеясы арқылы ол туған жеріне деген перзенттік парызын өтеді десек артық айтқандық емес шығар.
Жалпы соңғы жылдары Түлкібас ауданында руханият саласына зор көңіл бөлініп келеді. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтің мұрындық болуымен аудандағы қарашаңырақ мекеме - «Шамшырақ» газетінің редакциясы күрделі жөндеуден өтіп, жеке баспаханасы пайдалануға берілді. Аршыған жұмыртқадай аппақ кейіпке енген редакция ғимараты сонадайдан жұртты менмұндалап шақыратын болды. Редакцияда ақын-жазушылар жиналатын әдебиет клубы құрылды. Нәтижесінде газет мазмұны жаңарып-жаңғырды. Аудан туралы құнды мағлұматтар жинақталды. Түлкібас тарихынан сыр шертетін қалың кітап жарық көрді. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы мен майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының өмірін зерттеп жүрген ғалым Мекемтас Мырзахметұлының өмірінен сыр шертетін Мархабат Байғұттың «Іштарлық пен құштарлық» кітабын шығарып берді. Ақын Әбдібек Аралбайұлының кітабының шығуына зор көмегін тигізді. Зейнет жасына келгенше мемлекеттен көңіл бөлінбей, жалғыздың күйін кешкен жазушы-журналист Орынтай Көмековтің кітабын шығарып беруге ең бірінші Нұрбол Әбдісаттарұлы ықпал етті. Қазіргі таңда тізім жасалып, сол тізім бойынша аудандағы ақын-жазушылардың кітаптары жүйелі түрде шығып тұрмақ. Түлкібас төрінде әдебиет пен мәдениетті насихаттайтын қаншама іс-шаралар өтуде. Былтыр ауданның тоқсан жылдығы тойында Түлкібас теміржол станциясында М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың ескерткіші ашылды. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің алдына Тұрар Рысқұловтың тағы бір ескерткіші бой көтерді.
Түркістан облысының киелі жерлері тізіміне Түлкібас ауданынан 4 орын енген болса, соның бірі – түбінде тұнық суы бар Түркібасы әулие кесенесі. 2004 жылы салынған тарихи ескерткіш Қаратау мен Алатаудың төс түйістірген тұсында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Былтыр осы кесене қайта жаңғыртылды.
Айта кетері, Шерхан Мұртазаға орнатылған ескерткіште Халық жазушысының өмір сүрген жылдары, суреті, тағылымды ойлары жазылған. Кез-келген нәрсе иесіне тартады ғой. Ескерткіш түбіне келгендер одан бір жылылық, мейірім шуағы сезілгенін жасырмады. Сонадайдан көзге жылыұшырайтын ескерткіш алыстаған сайын биіктеп, асқақтай берді.
"Рейтинг" газеті