Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығы жер-жерде аталып, тағылымды шаралар өтуде. Сонымен қатар Еуразия кеңістігіндегі осы алып мемлекеттің іргесі сөгілгеніне де 600 жыл болыпты. Мұның бір айғағы – әйгілі Едіге дастаны.
Алтын Орда мемлекетінің соңғы кезеңі ауыр бұлғаққа тап болып, алып империя әлеуметтік-саяси ірі күйзеліске ұшырағаны белгілі. Жарты әлемді уысында ұстап, Ертістен Дунайға, Сырдан Сібірге дейінгі Ұлы даланы ен жайлаған Ұлық ұлыс ұрпақтарының басынан бағы, астынан тағы шайқалған аласапыран заман туған. Қазақ ескілігінде бұл кезеңді «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деп түйіндеген. Әлбетте, бұл әуезенің шындығы тарихи деректер арқылы да нақтылы дәлелденіп отыр. Бақталастықтан басталып, ақыры тақталастыққа ұласқан Бердібектен Мамайға дейінгі (1360-1380) жиырма жыл ішінде ордада он төрт хан төңкеріледі.
Қолбасы Мамайдың 1380 жылы әйгілі Куликово шайқасында Дмитрий Донской тарапынан жеңілуі жаһандық тарихтың таразы басын өзгеше аударған, әлемнің геосаяси жүйесін басқаша арнаға бұрған Алаш баласы үшін алапат оқиға болады. Алтын Орданың құлауымен бірге оның шығыс тарапында Әмір Темір билік еткен жаңа держава бой түзей бастайды. Дәл осындай ауыр кезеңде ұлыс билігіне халқы «Ел қамын жеген Едіге», «Едігенің майлы жұрты», «Жалғызға таяқ, жаяуға ат болған Едіге» деп ардақтаған көрнекті мемлекет қайраткері, әскери ірі қолбасшы Едіге келеді. Ақмаңғыт руынан шыққан Едіге би саясат сахнасына жай келмей, ақсүйек көкжал Тоқтамыс ханмен текетіресіп, сол кезеңде Орта Азияда жаралы жолбарысқа айналған Әмір Темірмен ымыраласып, тар заманда тақ-аударыспақ ойнап келеді.
Бұл мәселенің экономикалық-саяси күрделі сыры бар екені туралы қазақтың белгілі мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов қарақалпақ арасынан жиналған «Едіге» дастанын алғаш рет 1936 жылы Мәскеуде жариялағанда жазған алғысөзінде былай деп тоқталады: «ХIV ғасырда сауда жолдары өзгеріп, дүнияның аударылып-төңкеріліп жатқан кезі еді. Әмір Темір Үндістан, Иран, Кавказ, Анадолы жұрттарын қолға алып, күншығыс пен күнбатыс елдерінің саудасын бір-біріне байлады. Бірақ күншығыс пен күнбатыс арасында Еділ бойында Әмір Темірге мойынсынбайтын Тоқтамыс хан бар еді. Бұл бөгетті жою керек болды. Бұл мақсатқа жету үшін екі жол бар еді: Тоқтамыс өз еркімен мойынсынса жарайды, өйтпесе Темір оны күшпенен бағындыру шарасын ойлар болды. Дәшті қыпшақ салтанатының ханы Тоқтамыс хан мен Орта Азия ханы Әмір Темір арасында болған соғыстың асыл себебі осы болса керек деп шамалаймын. «Едіге» дастанында Тоқтамысқа қарсы болған «партия» ханның саясатын жамандағанда «Сауда азайып, жұрт кедейленіп бара жатыр» деген мәнде сөздер бар. Бұл сөздер әншейін айтылған сөз емес. Бұның менен жоғарыда баяндалғандай сол ғасырдың жалпы экономика, жалпы саясат ағымдарына Едіге мәселесінің байлаулы екеніне бір дәлел деп білмекшімін».
Осылайша Еуразия құрлығы аяғына тарлық етіп, бір-бірімен тірескен түрік жұртының үш дарабоз сырттанының тағдыр жолы әртүрлі кезеңде қасиетті Ұлытауда кейде найзаның ұшымен, кейде дәм-тұздың күшімен түйісіп-қиылысып отырады. Әмір Темір Қытайға жорыққа аттанар алдында Тоқтамысқа ұлы жорықтан кейін орданың тағына оны ие етуге уәде береді, әйткенмен аманатын орындай алмай сырттандардың талайғы сырына куә Сығанақ аймағында, Отырар шәрінде 1405 жылы кенеттен көз жұмады. Тоқтамыс хан Едігенің күйеу баласы Шәдібектің қосыны тарапынан Ақмола даласында, Есіл өзені сағасында қолға түсіп, 1406 жылы өмірден озады. Едіге би 1419 жылы Тоқтамыстың баласы Қадырберді сұлтан тарапынан Сарайшық төңірегінде мерт болады, ақыры тіріде сыйыспаған Тоқтамыспен бірге Ұлытауда мәңгілікке жер бесікке бөленеді. Сексенге тақаған жасында Едіге қаза тапқанда Алтын Орда мемлекетінің саяси ғұмыры сарқылып, Ұлық ұлыс ыдырап бітеді. Енді оның орнына Қазан, Қырым, Астрахан секілді ұсақ хандықтар пайда бола бастайды. Тұтас бір дәуір аунап, гүрс етіп құлаған қарт бәйтеректің суалмаған тамырынан нәр алған жас шіліктер өне бастайды. Әрине, соның тамырлы да ғұмырлы, көгенді бір өскіні – қара шаңырақ Қазақ ордасының болашақ келбеті еді.
Шежірелі қазақ елінде сақталған «Едіге батыр» эпопеясы – халық поэзиясының жауһарына айналған асыл мұра. Ол туралы академик Әлкей Марғұлан: «Дүниежүзілік батырлар жырларындағы ең тамаша кейіпкердің бірі – ХIV ғасырдың екінші жартысынан ХV ғасырдың басына дейін өмір сүрген данышпан Едіге. Ол ежелден бері еркіндікті сүйген, батыр болып келген, жауынан тайсап қорықпаған қазақ халқының қаһармандық сипатын бойына жинаған марғасқа тұлға болды», деп баға берген болатын.
«Едіге батыр» эпопеясы Алтын Орданың алып рухының сынығындай Алтайдан Анадолыға, Қырым бойынан қиыр солтүстікте Сібірге дейінгі байтақ өлкені мекендеген бауырлас халықтардың баршасына таралады. Оның қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, өзбек, қырым татары, алтай, телеуіт халықтарына дейін таралған отыздан астам нұсқасы табылып отыр. Ең алғашқы нұсқаны жазушы Г.И.Спаский 1820 жылы қазақ арасынан жазып алып жарияласа, соңғы нұсқалардың бірін түрік ғалымы Саадет Чагатай 1957 жылы Анкара қаласында Қырымнан келген ақсақалдың аузынан жазып алып, кітап етіп бастырады. Наушадай Шоқанның әкесі Шыңғыспен бірге 1841-1842 жылдары жазып алған нұсқаны ғылымда «Ш.Уәлихановтың классикалық нұсқасы» деп атап, бұл теңдессіз мұраны зерттеушілер Алтын Орданың саяси өмірінің ақырғы кезеңіндегі шым-шытырық оқиғаның көркемдік шежіресі ретінде бағалайды. Расында жырдағы кейіпкерлердің әрекеті мен тарихи жылнамалардағы деректер бірін-бірі толықтырып, сабақтастық құрайды.
Бұл туралы біртуар ғалым Бейсенбай Кенжебаев: «Едіге батыр» жырының бір тамаша жері – онда тарих, тарихи оқиға, тарихи адамдар аттары әрі көп ұшырайды, әрі азды-көпті дұрыс сақталған. Тарих, тарихи оқиға, тарихи адамдар аттары қазақ халқы батырларының басқа ешқайсысында да «Едіге батыр» жырындай көп, дұрыс көрсетілмеген деуге болады. Өйткені «Едіге батыр» жырындағы Едіге, Тоқтамыс, Сәтемір, Нұрәлі, Қадырберді, тағы басқа адамдар болсын, осылардың арасындағы қарым-қатынас, әңгіме, соғыс, аударыспақ болсын, бәрі де шын болған, тарихи адамдар, тарихи оқиғалар», деп түйіндейді.
Жалпы, эпоста кездесетін кейіпкерлер санаулы. Олар: Едіге, Тоқтамыс, Сәтемір (Шах Темір – Әмір Темір), Сыпыра жырау, Кеңестің ұлы Кеңжанбай, Едігенің досы – Аңғысын (Тыңғысын), Қабантын алып, Нұралын, Қадырберді. Барша бауырлас халықтардағы нұсқада эпостағы оқиғалардың асыл арқауы мен сюжеттік түзіліс арнасы, кейіпкерлердің тағдыры, жырдағы образдардың сомдалу үлгісі, қаһармандардың монологтары мен жыр түйдектері ортақ сипат танытады, елеулі айырмашылық жоққа тән деп қорытынды жасауға әбден болады.
Эпостың ең бір көркем, шырайлы да шұрайлы, көлемді де көне айшықтары аса мол ажарлы нұсқасы қазақ халқында сақталғанын зерттеушілер таңданып жазады. Жырдың түркі халықтарына түгел таралған нұсқаларын өзара салыстырып зерттеген ақын Сәкен Сейфуллин «Едіге батыр» әңгімесі түрік-моңғол руларының көбінде бар. Бірақ қазақ болған рулардың жыр қылып келген «Едіге батыр» жырынан бәрінікі қысқа, шолақ, тіпті кейбіреулерінің жөнді жырлары да жоқ» деген қорытынды жасайды.
Ақынның сөзінің шындығына басқа халықтарда бүгіндері белгілі болған нұсқаларды салыстырғанда тағы да көз жетеді. Бір сөзбен айтқанда, «Едіге батыр» жырының түпкі сюжеті, алғашқы алтын арқауы қазақ даласында өмір сүрген көне жыраудың көкірегінен туып басқа аймақтарға таралғанын байқауға болады.
Қарақалпақ халқында таралған көлемді нұсқаны жырлаушы Ерполат жыраудың айтқан пікірі бұл сөзіміздің тіпті негізсіз еместігін көрсетеді. Бауырлас халықтар арасындағы жыршылық дәстүрдің берік сабақтастығын, ауызша шежіренің тарихи деректермен үйлесіп кететіндігін, халық жадының жаңылмайтын алғырлығын Ерполат жыраудың сөзі танытып тұрғандай.
Ерполат жырау жырды жазып алушы фольклортанушы Қаллы Айымбетовке былай дейді: «Шежірешілерден естуім бойынша, Едігенің дәурен сүрген уағына биыл 1934 жылы 558 жыл болды. Осы біздің жұртымыз Сәтемірдің жұрты есептелінеді. Еділ-Жайықтан көшіп келген. Нұрадиннің баласы Мұса, Мұсаның баласы Орақ пен Мамай. Мамай ұлсыз. Орақтан екі бала бар: Қарасай мен Қази. Едігенің тұқымын Қарасай-Қази деп қазақ жыршылары жырлайды».
«Едіге» жырының қаһармандық дәстүрлі эпостан табиғаты бөлек, керісінше тарихи жырмен өзектес екенін кейінгі кездегі зерттеушілер анықтай түсті. Өйткені бұл жырда сыртқы жау жоқ, бір елдің ішіндегі екі мықтының бірін-бірі мүйіздеп сүзіп, алып елді бүлдірген дүрбелеңі көрініс табады. Әлбетте, бұл – Алтын Орда мемлекетінің ақырында болған ел билеуші элитаның бірлігіне сызат түскен апатты дағдарыстың көрінісі. Жыр тарихи оқиғамен үндес болғандықтан, онда сыртқы жау жоқ, тек Отан ішіндегі екі бауырдың бірін-бірі тістелеп шайнасқаны әңгіме болатындықтан басқа эпостардағыдай кейіпкерлер құрамы жағымды немесе жағымсыз болып жіктелмейді. Эпос басында Едігені бала би ретінде сомдап, оны Баба түкті Шашты Әзиз бен перінің қызынан туған жаратылысы ерек данышпан бейнесінде суреттейді. Әйткенмен оның ел иесі Тоқтамыспен жауласып, өз Отанынан безініп бөтен елге, Сәтемір (Әмір Темір) патшаға қашқысы келгенін жырлаушы ақтамайды, керісінше айыптайды. Осылайша тумысы бөлек, жұрттан асқан дана, от тілді, орақ ауызды шешен би деп мадақталған Едігенің елден қашу ниеті білінгенде аяусыз сыналып, эпос патриотизмді ту етіп көтеріп, ел бірлігі мен мемлекетшіл сананы түбегейлі қуаттайды.
Әлбетте, Едігенің өз елінен қашу оқиғасы 1391-1394 жылдары орын алады, бұл туралы Батыс Еуропадан келіп Тоқтамыс пен Темір ордасында болған тыңшы Клавихо: «Едіге атты қолбасы Тоқтамысқа жауласып, ордада бүлік шығарып, билікті тартып алғысы келді. Бұл туралы білген Тоқтамыс оны ұстап өлтіргісі келгенімен ол қашып кетті», деген мәліметті жазады.
Бұл шиеленісті оқиға эпоста шиыршық атқан драмалық тартыспен бейнеленеді. Расында жұрт арасына жік түсіп, тақ шайқалып, мемлекеттің тұтастығына қауіп төніп, Шыңғыс тұқымы ақсүйек Тоқтамыстың тағына «қарадан» шыққан тұлғаның дәстүрлі Ұлы жасақ заңын өрескел бұзып талас қылуы – Алтын Орданың саяси элитасын дағдарысқа түсіріп, Отанның тағдырын тығырыққа тіреген, шешімі қиын, ел иелерін жолайырық бағытты таңдауға тәуекел етуге мәжбүрлеген тосын оқиға болғаны анық.
Бұрын-соңды тарихта болмаған бұл төтенше жағдайдан тура жол таба алмай елдің игі жақсылары қиналады. Эпос бұл күрмеуді шешуді, яғни Алтын Орда жұрты тап болған тағдыршешті түйінді тарқатуды «жүз сексен бес жасаған, қаздың етін асаған, аузында отыз тісі босаған, жағын шәйі жібекпен тарттырған, салтанатын үлде-бүлдемен арттырған» қарт баба Сыпыра жырау Сұрғылтайұлына тапсырады. Жырау былай деп толғайды:
– Мен қартыңмын, қартыңмын,
Не көрмеген қартыңмын!
Он екі тұтам оқ тартқан
Онан соңғы ер Шыңғыс,
Оны да көрген қартыңмын.
Ұлы бабаң Домбауыл,
Соны көрген қартыңмын.
Жас та болса Тоғым хан,
Мен сені көрген қартыңмын!
Осылайша Сыпыра жырау талай дәуірдегі хандарды көрген, дүйім замандармен құрдас мифтік абыз қария бейнесінде көрінеді. Әдетте түркі жұрты мен оны билеуші хандар ел тағдыры аумалы-төкпелі болып сынға түсіп, бұлдыр кезеңге тап болғанда абыз жыраудан ақыл сұрап, болашағын болжатып, мұратын оңдатып келген. Алтын Ордадай алып мемлекеттің тағдырына қатысты жырау ауыр үкім, қатал шешім қабылдайды. Өзгеше сөйлеп мәймөңкелеуге, болашақ ұрпақтың алдында жауапкершіліктен жалтаруға ар-ұжданы жібермейді. Алтын тақтың мызғымай баянды болуын тілеген Сыпыра жырау елді сенделтіп, жұртты теңселткен ауыр сауалдың жауабын екі-ақ ауыз сөзбен қайтарады. Тоқтамысқа қарата айтқан ұлы жыраудың байлауы мынау болды: «Едігені алдап-сулап қасыңа ал, қасыңа ал да басын ал!»
Терең астарлы мәтелге айналған бұл сөз елдің есінде талай аңыз бен жырға, небір оқиғаларға тамызық болып жаңғырып келеді. Осы арқылы жыр Отанға опасыздық, елге іріткі бүлік салуды қатаң айыптап, мемлекеттің іргесі берік болуды, оған ұрпақтар әрдайым адал болуды дәріптейді. Жырау ханның мызғымас тағынан, мемлекеттің іргесінің бүтіндігінен артық ештеңе жоқтығын, тіпті Алтын Орданың әскерінің сол қанатын билеген, ардақты Едіге бидің де әз жаны одан артық емес екенін жария етеді. Сонымен бірге жыр Едігенің бөтен елдің патшасы Сәтемірмен ауыз жаласып ордаға әскер әкелген сәтінен бастап дегдар хан Тоқтамысты жақтап, керісінше бас кейіпкер Едігенің мінін ашып жырлайды. Тоқтамыс хан ордасына он үш жылдан кейін оралатынын айтып, халқымен қоштасады.
Тоқтамыс ханның ел-жерімен қоштасуы қазақ жыраулар поэзиясының інжу-маржанына өзгеше өрнек қалдырып, арналы үлгі болған лирикалық толғаныстан туған нәрлі шумақтардан тұрады. Жырдың басында мадақталған Едігенің ордаға жат жұрттан әскер енгізген соң пендешілік сыры ашыла түседі. Ақыры ол туған ұлы Нұралынның қаһарынан көзі шығып, қолы сынған соқыр шалға айналады. Тоқтамыс өлгенімен, оның ұлы Қадырберді сұлтан қайта келіп аталы-балалы соқыр Едіге мен оның ұлы Нұралынды сөзбен қорлап, кеудесіне қарғып мінеді. Осы қорлыққа шыдамаған аталы-балалы екеуі намыстан құсаланып жарылып өледі. Тарихи деректерде Қадырбердінің Едігені мерт еткен оқиғасы 1419 жылы болған деп топшыланады.
Әлбетте, эпос тікелей тарихи оқиғаны айғақтайтын түбіртек көшірме емес. Ол – тарихқа берген халықтың бағасы, ірі оқиғаның көркемдікпен тұтастанған жиынтық шежіресі. Мәселен, жырда Тоқтамыстың, Едігенің Мәскеуге жасаған жорығы, Сәтемірдің (Әмір Темірдің) Тұранның даңқты әмірі болған салтанаты туралы ешқандай суреттеу кездеспейді. Жырда Едіге негізінен жау түсірген батыр емес, тек қана дана би бейнесінде сомдалады.
Тарихи эпос Темір мен Едігенің 1395 жылы Тоқтамысты ойсырата жеңіп, Сарай қаласын күйреткені, Едігенің 1399 жылы Ворскла өзені бойында ұлы князь Витовт басқарған Литва-Польша әскерін талқандап жеңгені, Киевті өртеп, 3000 рубль салық алғаны, 1403 жылы Мәскеуге жорық жасағаны, 1406 жылы Әмір Темір дүниеден өткен соң бір жыл ішінде Хорезмді қайтарып алғаны туралы ешқандай мәлімет бермейді. Әрине, бұл көркем эпостың мұратына да, шартына да жатпайды.
Едігенің қайраткерлік қыры туралы В.М.Жирмунский былай деп баға береді: «Ол ханның өзімен күресе жүріп феодал сұлтандардың тұрақты қарсылығына тап болғанымен, Мамайдың қолы жетпеген биікті бағындыра алды. Алтын Орданың саяси тұтастығын қалпына келтіріп, Витовтты күйрете жеңу арқылы билігін бекіте түсті, Хорезмді өзіне қаратып, Мәскеуге жорық жасау ақылы оның әскери және халықаралық мәртебесі арта түсті».
Халықтың жүрегінен туған ғажайып «Едіге» эпосына 1944 жылы кенеттен сталиндік-тоталитарлық жүйенің қара бұлты үйіріледі. Жырда Едігенің бөтен халықтарды, соның ішінде Мәскеуді шапқаны туралы бір ауыз сөз айтылмаса да қырағы коммунистер тарихи Алтын Орда билеушілері Тоқтамыс пен Едігенің Мәскеуге жасаған жорығын алға тартып, халық мұрасына тосқауыл жасап, жариялауға тыйым салдырып, оны жарыққа шығарған ғалымдарды қатаң жазалады. Қарақалпақстанда жырау Ерполат Рамбердиұлын 1938 жылы түрмеге қамап, қарияны 76 жасында азаптап өлтіргені «Едіге» эпосының жолы аса шырғалаң болғанын көрсетеді. СОКП Орталық Комитетінің Татар халқының «Идегәй» эпосын «хандық-феодалдық мұраның» қара тізіміне қосқан дауылды қаулысына Қазақстан КП ОК үн қосып, 1947 жылы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының саяси өрескел қателіктері» туралы қаулы қабылдайды. Осы құжаттар арқылы қазақ руханиятының ежелгі жауһарлары мен еліміздің өткен тарихындағы даңқты қаһармандарына толығымен қара күйе жағылып, соның ішінде «Едіге» эпосы қара түнекке батырылады. Арада елу жылдан соң Қазақстанда «Едіге» эпосы 1989 жылы ғана «Жұлдыз» журналында жарияланып, тәуелсіздіктің жаршысындай еліне оралады.
Бүгінгі ұрпақ үшін азаттықтың арқасында оралған ата мұраларымызды көзінің қарашығындай аялап, зейініне тоқып, әлемге әйгілі Едігедей ірі қайраткер тұлғамызды өз дәрежесінде ұлықтау парыз, әрі қарыз.
Биыл түркі халықтарының ерлігі мен елдігінің тамаша көрінісі болған «Едіге» эпосына 600 жыл толып отыр. Әлбетте, зерттеушілер Едіге туралы жыр-аңыздар, түрлі дақпырт-әпсаналар оның көзі тірісінде елге кең тарала бастағанын айтады. Академик Әлкей Марғұлан 1940 жылы «Едіге» эпосына 560 жыл болғандығы туралы мәлімет келтіреді, шамасы ғалым эпос әйгілі қолбасының қырық жасқа толып, атағы қаулап тұрған тұсында пайда болғандығын жорамалдап, елдің есіне салуды жөн көрген сынды. Әлбетте қандай бір эпостың туған мерзімін тап басып анықтау күрделі мәселе, өйткені эпикалық сүйекті туындының сюжеттік желісі қалыптасып, одан кейін жыраулардың құлағына шалынып, толысып-пісіп, жинақталып-топталуы бір жылда немесе бір күнде бола қалатын шаруа емес, ұзақ жылдар мен замандарды қамтитын күрделі құбылыс. Алайда, іргелі ғалымдар эпостың тууына «Жоқтау» жырының баспалдақ болатынын, оның бір дәлелі әйгілі – Күлтегінді жырлаған Йолық Тегін жыраудың толғауы екендігін алға тартады. Олай болса, биыл түркінің ұлы мемлекет қайраткері, әйгілі әскери қолбасы, Едіге бидің қайтыс болғанына, сонымен бірге ол туралы «Едіге» эпосының туып қалыптасқанына 600 жыл толды деп есептеуге негіз бар.
Демек, Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында алып империяның сол қанатының қолбасшысы болған, Ұлық Ұлыстың билігін 20 жылдай уысында ұстаған «ел қамын жеген Едіге» атанған ұлы тұлғаның мұрасын зерделеу – тамырлас түркі жұртының рухани мұрасын түгендейтін, ұрпақты елдік санаға бастайтын ұлағатты да тағылымды іс болмақ деп пайымдаймыз.
Дархан Қыдырәлі,