Жаңа жыл мерекесіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша брифинг өткізілді

Бүгін Шымкен қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті «Жаңа жылды қауіпсіз өткізу үшін» тақырыбында брифинг өткізді. Департамент басшысы Төлебаев Әбдіманап Қошқарұлының мереке қарсаңындағы қауіпсіздік шаралары бойынша берген кеңестерін ұсынамыз: 

Screenshot_3.jpg

«Жаңа жыл - ең қызықты да маңызды мереке. Барлығымыз асыға күтіп, бір-бірімізге сыйлықтар дайындаймыз. Әрбір үйде мерекелік дастархан жайылады. Оған дайындық бүгіннен-ақ басталатыны белгілі. Мереке тойлау, әрине, қызықты жағдай. Алайда, сыйлық беретін кезде, дастархан жаю барысында және мерекенің басты шарасы болып табылатын пиротехникалық бұйымдарды сатып алу және қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау өте маңызды. 

Бірінші кезекте, мереке жақындай бастағаннан бір-біріміз үшін сыйлық дайындайтынымыз белгілі. Сыйлықты сатып алар кезде қауіпсіздігіне бір сәт назар аудару қажет. Себебі, жақын адамыңызға сыйлық сыйлаймын деп денсаулығына қауіп төндіруіңіз әбден мүмкін. 

Сыйлық таңдау барысында қандай талаптарға көңіл бөлу керек?

Сыйлықтарды ораумен және таратумен айналысатын ұйымдар, сондай-ақ ата-аналар оларды сатып алған кезде жауапты және мұқият болуы, яғни техникалық регламенттермен және санитарлық ережелермен белгіленген талаптарды сақтауы қажет.

Сыйлықтарды тек ұйымдасқан сауда орындарынан ғана сатып алған жөн, өйткені сапасыз тауарға жолығу қаупі рұқсат етілмеген сауда орындарында күшейе түседі.

Жаңа жылдық сыйлықтарды таңдау кезінде таңбалауға ерекше назар аудару қажет. Ойыншық және тағам түріндегі сыйлық қорабында: 

- өнімнің атауы, өндіруші елі, өндірушінің мекен-жайы, импортеры, өндірушінің тауар белгісі;

- сыйлық құрамы, салмағы (нетто);

- өнімдерді дайындау күні және буып-түю күні;

- өнімдердің жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары;

- өнім құндылығының көрсеткіштері және т.б.

Жаңа жылдық тағам түріндегі сыйлықтардың құрамына тез бұзылатын азық-түлік өнімдері, кремдік кондитерлік өнімдер, йогурттар, сүзбе ірімшіктері, сүт өнімдері кірмеуі тиіс. Бұдан басқа, балаларға арналған тамақ өнімдерінің құрамында алкоголь, табиғи кофе, карамель, жержаңғақ, өрік сүйегінің ядросы, жасанды хош иістендіргіштер, тәттілендіргіштер, консерванттар, аспаздық кондитерлік және гидрогенизирленген майлар мен майлар, сағыз бар кондитерлік өнімдерді пайдалануға жол берілмейді.

Ал, ойыншық түріндегі сыйлықтарды таңдағанда, оларды кездейсоқ орыннан емес, арнайы сауда орындарынан сатып алған дұрыс. Ойыншықтарда өткір, жағымсыз, бөтен иіс болмауы керек. Ойыншықты ылғалды сүлгімен немесе саусағыңызбен сүрткенде, сүлгі немесе саусағыңызға бояу жағылса, оны сатып алмаған жөн. Ойыншықтың үстінен қолмен жүргізген кезде, онда майысу, үшкір қырлары, қылаулары болмау керек. 

Сыйлық сыртында таңбалануы толық жазылмаған жағдайда, сатушыдан ақпарат алуға болады. Сатушы сізге толық әрі нақты ақпаратты беруге міндетті.

ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңына сәйкес әрбір сатып алушы сауда желісінде тауарды, оның ішінде жаңа жылдық сыйлықты сатып алу кезінде оның шығу тегін, сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттармен танысу керек, егер ол сапасыз болып шықса, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, таңбалаусыз немесе қаптаманың бүтіндігі бұзылған жағдайда оны қайтаруды немесе айырбастауды талап ете алады.

Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мереке қарсаңында мерекелік сыйлықтардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізді. Яғни, 7 өнім сынамасы сатып алынып, сараптама орталығына тапсырылды. Зерттеу нәтижесімен талаптарға сәйкестігі анықталды.

Сыйлықтардан бөлек, мерекенің басты қағидасына айналған пиротехникалық заттар, яғни фейерверк, петард, жер үстіндегі от шашу және тағы да басқа түрлерін сатып алатынымыз белгілі. Бірақ барлық пиротехникалық бұйымдардан  жарақат алу және өрт қаупі бар,  оларды қолданғанда аса сақ болу қажет! Жарақаттың және өрттің көп бөлігі пиротехниканы пайдалану ережелерін бұзу немесе сапасыз өнімдерді (жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, бүліну іздері бар)  пайдалану салдарынан орын алады.

Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері:

- пиротехникалық өнімді тек қана дайындаушы зауыттың пайдалану жөніндегі нұсқаулық талаптарына сәйкес қолдану;

  - бұйымды қолдану шарттары бойынша шектеулерді ескеру;

  - іске қосу тәсілдерінің қауіпсіздігіне мұқият болу;

  - аймақ өлшемдеріне мән беру; 

- сақтау шарттары, жарамдылық мерзімі және кәдеге жарату тәсілдеріне назар аудару.

Пиротехникалық бұйымдарды қолдануға тыйым салынады: 

-  жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, бүліну іздері, пайдалану жөніндегі нұсқаулықсыз және сәйкестік  сертификатынсыз (сәйкестік туралы декларация немесе сәйкестік белгісі) қолдануға;

- үй-жайларда, ғимараттарда, құрылыстарда, сондай-ақ шатырларда, балкондарда және лоджияларда; 

- жарылыс қауіпті және өрт қауіпті объектілердің аумақтарында, электр беру желілерінің жанында;

- концерттік және салтанатты іс-шараларды өткізу кезінде сахналық алаңдарда; 

- мәдени мұра объектілерінің, қорықтардың, қаумалдар мен ұлттық парктердің аумақтарында қолдануға жол берілмейді.

Петардалар мен фейерверктерді ұшыру кезіндегі қауіпсіздік ережелері: 

- қолдану алдында нұсқаулықты мұқият оқу;

- білтені жағар алдында өнімнің қайдан жанатыны туралы элементтерді дәл білу (фейерверкті қалжыңдап көрермендерге қаратуға болмайды);

- іске қосуға арналған алаң тегіс болуы тиіс, оның үстінде ағаштар, электр желілері және басқа да кедергілер болмауы тиіс. Сонымен қатар, ол тұрғын үйлерден кемінде 50 метр қашықтықта болуы тиіс. 

- зымырандар балкондарға жиі ұшатынын немесе пәтерлерге терезе әйнектерін тесіп өтіп, өрттің себебі болып табылатынын ескеру қажет;

- жанып жатқан петардты адамдар мен жануарларға тастамау;

- петарды балалардың  іске қосуына жол бермеу; 

- жанып жатқан петардты қолда ұстамау; 

- петардты жабық көлемге: банкаға, шелек, бөтелкеге салмау;

- петардты тек ашық ауада пайдалану;

- жанып жатқан петардқа 5-10 м қашықтықта жақындамау;

- петардты тек қаптамада сақтау және тасымалдау ;

- жарылғыш отшашуларды қалтаға салмау;

- петардты бөлшектемеу;

- фейерверктерді алауда жақпау;

- ешбір жағдайда пиротехниканың үстіне еңкейіп қарамау;

- егер петарда жұмыс істемесе-білтені қайтадан тексермеу немесе күйдіруге тырыспау;

- зымырандарды аулада, құдықтарда, пәтерлерде, үйлердің жанында және қоршалған шағын аумақтарда жібермеу (есіңізде болсын, әрбір нақты өнімді іске қосу орындары нұсқаулықта көрсетілуі тиіс);

- фитиль күйдірілген соң, жерге салып, бұйымнан 5-6 метр қашықтыққа жылдам алыстап кету.

Айта кететін жағдай, фейерверктерді жою қажет болғанда, екі тәулікке дейінгі мерзімге суға салып қою қажет, осыдан кейін ғана оларды тұрмыстық қоқыспен тастауға болады.

Ендігі кезек, тамақтан уланудың алдын алу мәселесі. Мерекелік дастарханға түрлі майонез қосылған салаттар, ет және балық тағамдары (ет, балық желесі, қазы-қарта), тауық етінен жасалған және т.б. тағамдар қойылып жатады. Осы тағамдарды дайындау барысында өте сақ болған жөн!

Ол үшін төмендегі талаптарды сақтау қажет:

- қауіпсіз тамақ таңдау: қандай да бір өнімді сатып алар кезде, жарамдылық мерзімін, қорабының бұзылмағандығын тексеріңіз. Рұқсат етілмеген сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмағаныңыз жөн;

- тамақ өнімдерін таза пісіру;

- мереке күндерінен қалған асты тұтынатын кезде, қайта ысытып, қайнатқан жөн. Бұл – тамақты сақтау кезінде көбеюі мүмкін қоздырғыштардан сақтанудың ең дұрыс жолы;

- шикі және дайын тағамдарды бірге сақтамау;

- дайындалған тамақты бөлме температурасында 2 сағаттан аса қалдырмау;

- көкөніс және жеміс-жидектерді пайдаланар алдында қауіпті бактериялардан тазарту үшін тазалап жуу;

- тамақ өнімдерін, әсіресе үй жағдайында дайындалған консервілерді «қолдан» және рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмаңыздар! 

Осы қарапайым ережелерді орындау арқылы Сіз өзіңізді және отбасыңызды мереке қарсаңындағы қауіп-қатерлерден сақтай аласыз!»

Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер