Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері, білікті басшы Марат Пашимов Арыс қаласының «Құрметті азаматы» атанды. Дәрігердің мұндай марапатқа әбден лайықты екенін ауыз толтыра айта кеткен жөн.
2019 жылдың маусымында орын алған Арыс қаласындағы жарылыс қазақ еліне оңай тиген жоқ. Басына іс түскен арыстықтарға сол сәтте бүкіл ел қолдау көрсетті. Сын сағатта әсіресе ақ халаттылардың еңбегі ерен болды. Жарылыстан зардап шеккен тұрғындардың көбісі облыстық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Сол сәтте Марат Орынбасарұлының басшылығымен ауруханадан травматолог, хирург, реаниматолог дәрігерлер құрылған медициналық штабқа жиналып, зардап шеккендерді эвакуациялауға ат салысты. Төтенше жағдай кезінде мекеме басшысы жаралылар үшін 200-дей төсек орын әзірлеп, алғашқы көмек көрсетті. Зардап шеккендер негізінен травматология, нейрохирургия және жансақтау бөлімшелеріне жатқызылып еді. Көп ұзамай емделушілер аяққа тұрып, аман-есен үйлеріне оралды. Науқастарды күндіз-түні қабылдап, өз қызметтеріне адалдық танытқан аурухана ұжымына арыстықтардың алғысы шексіз.
Айта кетейік, былтыр Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Марат Пашимовқа «Ерен еңбегі үшін» медалі берілген болатын. Оны Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиын төрінде бас дәрігерге өзі табыстап еді.
Марат Орынбасарұлы аталмыш мекемені 2007 жылдан бері басқарып келеді. Клиникалық аурухананың осы жылдар аралығында бағындырған биіктері де аз емес. Денсаулық сақтау саласындағы өңірдің қара шаңырағы саналатын аурухана соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Айталық ауруханада стационарға Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі ендірілді. Жүйенің мақсаты – медициналық қызметтің барлық салаларында денсаулық сақтау қызметкерлерінің жұмысын автоматтандыру арқылы дәрігерлік көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Сонымен қатар ауруханада SOS жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе медицина қызметкеріне төтенше жағдайларда дәрігерге кез келген жерде түймені басып, көмек сұрауға мүмкіндік береді. Оның үстіне аурухана толықтай кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесіне қосылған. Пациенттер смартфондағы «Дамумед» қосымшасы арқылы қаланың қай бұрышында жүрсе де дәрігердің қаралуына жазыла алады. Марат Орынбасарұлы мекемені заман талабының толықтай үдесінен шығарып отыр. Қайтсем де науқастардың жағдайын жасаймын деген талабы өз жемісін беріп келеді. Мәселен 2018 жылы облыстық клиникалық аурухана «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан республикасы Кодексінің сыртқы кешенді бағалау нәтижелері және аккридеттеу комиссиясының шешімімен аккредиттелген жоғары санатты медицина ұйымы деп танылды. Ал, аурухана базасында ашылған 30 төсек орынды инсульт орталығы Қазақстан республикасында үздік деп танылған болатын. Сонымен қатар Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен сегіз жыл бұрын құрылған гепатоцентр де 2017 жылы еліміздің үздік орталығы деп мойындалды.