«Ажал айла таптырмас» дейді дана халқымыз. Ажалға қимас асыл азаматтан айырылдық, ағайындар. Білікті басшы, парасатты азамат Түркістан үшін жан аямай еңбектенген, халқымызға қалтықсыз қызмет жасаған әріптесіміз Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевтың мезгілсіз қазасы қабырғамызды қайыстырып отыр.
Әліпбек Өсербаев Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген соң еңбек жолын Қарағандыда қарапайым машинист болып бастаған. Жиырма жылдай құрылыс саласының қиын да күрделі жұмыстарына жегілді. Кейіннен Кентау мен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болып шыңдалды. Үш мәрте Түркістан қаласының әкімі, облыс басшысының бірінші орынбасары болып, өңірді дамытуға аянбай атсалысты. Қасиетті Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыруға зор үлес қосты.
Кейінгі кездері талантты басшының тың тынысы ашылған еді. «Ел жүрегі, жер кіндігі», «Қазақ рухының қағбасы» атанған Ордабасы тауы орналасқан айтулы ауданды басқарып, жаңа да жарқын істерімен аймақ халқының құрметіне бөленді.
Амал қанша?! Бәрімізге ауыр-ақ. Балтакөлде кіндік кескен, туып-өскен өрен елу тоғыз жасқа енді аяқ басқанда бақиға аттанды.
«Жақсының ерте болды батар күні,
Тағдырдың бұл да болса қаталдығы.
Қабірге бауыр беру оңай емес,
Көңілде әлі талай жатар мұңы», - деп ақын тебіренгендей, Әлекеннің отбасына, әулиетіне, туған-туыстары мен жекжат-жұраттарына, дос-жарандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Ардақты ағайын, қабырғамыз қайыса отырып, баршаңызды сабырға шақырамыз. Әлемді әбігерге түсіріп, дүниені дүрліктірген кезеңді бастан кешіп отырғанымызды ешқайсымыз да естен бір сәт шығармауға тиіспіз. Облыс басшылығы, әкімдік пен мәслихат атынан баршаңызды төтенше жағдай мен карантиннің қатаң талаптарын терең түсініп, бұлжытпай сақтауға шақырамыз.
Марқұм Әліпбек Шәріпбекұлын құрмет тұтатын барлық жамағатты парасаттылық танытып, Құран мен дұға-тілектерді үйлерінде оқып, бағыштаулары керектігін ерекше ескертеміз. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы шешімі бар. Төтенше жағдай мен карантинге байланысты жерлеу рәсіміне қатысатындар он адамнан аспау керектігі белгілі.
Қадірлі қауым, жоғары жауапкершілік, тәртіптілік, талапшылдық Әліпбек Шәріпбекұлына тән еді. Осындай қасиеттерді бәріміз де таныта білейік. Төтенше жағдай мен карантин де аяқталады, қауіптің де беті қайтады. Бірлік пен ынтымақты ту еткен еліміз қиындықтарды жеңеді.
Сол сәтте Әліпбек Өсербаевты еске алып, арнайы ас береміз. Түркістан, Кентау, Жаңақорған, Балтакөл, тағы да басқа елді мекендердегі, облыс көлеміндегі тілектес-ниеттестер шақырылады.
Бауырымыздың иманын берсін, пейіште нұры шалқысын. Жары, перзенттері, туған-туыстары мен барша еліміз амандықта болсын.
Өмірзақ Шөкеев,
Түркістан облысының әкімі
Қайрат Балабиев,
Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы