Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу, карантин уақытында тұрғын үйге онлайн құжат рәсімдеу, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек пен 42 500 теңге әлеуметтік көмек алу бойынша онлайн-брифинг өтті.
Брифинг барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек карантинге байланысты халықтың жекелеген санаттарының коммуналдық шығыны үшін берілетін 15 мың теңгеге қатысты қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
- Президент төтенше жағдай мен карантин уақытында тұрғындардың коммуналдық қызметке төлейтін ақысының мөлшерін азайту бойынша жүйелі шараларды әзірлеуді тапсырды. Өтемақыны алатындардың қатарында мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы жанұялар, соғыс ардагерлері, жалғызбасты зейнеткерлер т.б санаттағы азаматтар бар. Ол санаттар бойынша қалада жалпы 100 308 адам үміткер. Нақты абоненттік шоты бар адамдардың саны қазір анықталуда. Өтінімдерді қабылдау бойынша communal-komek.kz электрондық порталы құрылды, онда көмек алу шарттары көрсетілген. Көмек көрсету сәуір және мамыр айларын қамтиды, - деді қала әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ брифингте қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов еліміздегі төтенше жағдайға байланысты азаматтардың тұрғын үй кезегіне egov.kz порталы арқылы тіркелу мүміндігі бар екенін, қосымша ақпарат алу үшін 56-62-89 нөміріне хабарласу керектігін айтты.
Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының м.а. Жанат Өтебаева қазіргі дейін қала бойынша 228 223 азаматқа 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалғанын атап өтті. Сондай-ақ ол атаулы әлеуметтік көмек бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, құжаттарды онлайн түрінде рәсімдеу тәртібін түсіндірді.
Баспасөз мәслихаты Facebook әлеуметтік желісінде (Шымкент Ақпараттық Коммуникациялық Орталық парақшасында) тікелей эфирде көрсетіліп, бірқатар маңызды сауалдарға жауап берілді. Барлық келіп түскен сауалдарға жазбаша түрде жауап жіберілетін болады.
Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы