Өткен жылдары біз шикізатқа тәуелділікті азайту үшін байыпты жұмыс жүргіздік. Елордада Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мемлекет пен қоғамның барлық саласында күтілетін өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды zakon.kz
- Біріншіден, барлық елдер өздерінің экономикалық стратегияларын қайта қарастыруда. Өзін-өзі қамтамасыз ету, өз ресурстарына иек арту, өндірістік және қаржылық тізбегінің беріктігі басым бағытқа айналады. Екіншіден, жаңа салалық басымдықтар қалыптасады. Тиімсіз секторлар жойылады. Көшбасшының рөліне басқалар шығып, экономиканы солар алға жетелеп, адамдарға жұмыс береді. Үшіншіден, барлық ауқымды дағдарыстар технологиялық және экономикалық әлемдік тәртіптің циклдік өзгеруімен байланысты. Қазір ескі модель бұзылуда, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстан жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге барлық қажетті ресурстарға ие екенін атап өтті.
- Өткен жылдары біз шикізатқа тәуелділікті азайту үшін байыпты жұмыс жүргіздік. Сондықтан дамудың барлық негізгі бағдарламалары – индустрияландыруды, шағын және орта бизнесті, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламалары, әлеуметтік бағдарламалар жасалды. Ол үшін үлкен ресурстар бөлінді. Біз Ұлттық қорда айтарлықтай қаражат жинадық. Ол қазір дағдарыс кезінде елді құтқаруда, бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес. Бірақ ол шексіз емес, оны үнемді және аса қажет жағдайларда пайдалану керек, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы әлеуметтік-экономикалық дамудың тың тәсілдеріне көшудің маңыздылығын атап өтті.
- Бірінші кезекте дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру керек. Барлық қолдау бизнес пен халыққа тез жетуі үшін әрбір теңгені бақылау қажет. Қазірдің өзінде экономиканы қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі даму бағдарламасын іске қосу қажет. Біздің негізгі салаларымыздың, болашақ экономикасы, қалалар мен ауылдарды дамыту, әлеуметтік сала, қаржы жүйесін дамыту бағыттарын айқындау керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.