Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені республикада ерекше орын алып, егіс көлемі 12 мың гектарға артқан. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, еліміздегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің 12%-ы облысқа тиесілі. Мұнда ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 825,4 мың гектарға егілген. «2020 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 140 млрд теңгені құрап, республикадағы үлесі 15%-бен екінші орынды иемдендік. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылдан 77 млрд теңгеге артып, 706 млрд теңге көлемінде болады деп межеленген. Бүгінгі күнге өнім жинау науқаны басталып, 2,2 мың тонна бақша, 245,4 мың тонна көкөніс, 22,3 мың тонна картоп жиналды. Одан бөлек 727,2 мың тонна мал азығы дайындалды», - деді Нұрбек Бақтыбайұлы. Сондай-ақ, ағымдағы жылы облыс бойынша масақты дақылдардан 477,4 мың тонна, дәндік жүгеріден 202,8 мың тонна, мақсарыдан 74,4 мың тонна, мақтадан 334,8 мың тонна, көкөніс, бақша, картоптан 2 млн 760 мың тонна өнім алу жоспарланған.
«Ал, тамшылатып суғару әдісі қосымша 1,7 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 19,3 мың гектарға жеткен. Жылыжайлар 55,02 гектарға салынып, жалпы көлемі 1 168 гектарды құраған. Бүгінгі күнге, жылыжайларда жалпы 88,2 мың тонна өнім өндірілген. Шаруаларға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 21 мың тонна жанармай берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сәуір айынан бастап жанармай бағасы литріне 160 теңгеге бекітіліп, нарықтық бағадан 25 теңгеге арзан болды»,- деді басқарма басшысы.