Сөзге серт

Құранда Алланың аяты қаламға және оның жазуына серт берумен басталады. Түптеп келгенде Құранның өзі – кәлам, аянның өзі – баян. Кәлам – Алланың сөз сипатының сәулесі. Жаратылыстағы ең асыл қазына ақыл десек, сөз – сол ақылдың жаңғырығы.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Сон­дықтан сөз құдіреті пәруайлы пенденің періштенің алдында дәре­жесін асқақтатып, бір саты жоғары тұруына себеп болған. Ін­жіл­де «Әуелі сөз болған. Сөз Құдай еді. Онсыз ештеңе де пайда бол­маған» деген тәмсіл бар. Сөзден жаратылыс өрбіді. Рух арқылы сөз киесі қонған адамзат өзге тіршілік иелерінен үстем болды.

Сөздің иесі ғана емес, киесі де бар. Сондықтан дана бабамыз «Жақсы сөз жарым ырыс, ақ сөйле, игі сөз айт, болмаса, үндеме» деген қағидатты басшылыққа алған. Жаман­дық шақырады деп артық сөз айтпаған. Ырым мен тиым содан шыққан.

Сөз тек әріптер мен дыбыстар­дың өзара үндестігінен туған тол­ғам емес, тағдырыңның тұс­пал­­дамасы. «Өнер алды – қызыл тіл» деп қазақтың сөз қаді­рін өз қаді­рінен биік қойғаны сол. Себебі сөз тек «сөз» ғана емес, ақыл­дың көрі­нісі, өмірдің өз шам­шы­рағы.

Ба­ба­таным «бас кесп­ек болса да, тіл кеспек жоқ» деп тілдің құді­ре­ті­не табын­ған. «Дат» десе, «да­тың болса, айт» деп ақиқаттан алыс­та­май, шындықтың бетіне тура қараған. Қаһарлы ханның ал­дын­да да жасампаз жырауларымыз сөзден мүдірмей, әділдіктің ақ туын желбіреткен. Топ алды­на түскен шешендер күрмеуі қиын даудың күрделі шешімі мен кесімін бір-ақ ауыз сөзбен тү­йіп айтқан. Айтқан сөзі алмас қы­лыш­тай өткір ақын­дарымыз «бөтен сөзбен был­ғамай, қиыннан қиыс­тыр­ған» жы­рынан жұпар аңқытқан.

Кез келген тілдің байлығы оның сөздік қорымен өлше­нетіні белгілі. Мағжан ақын айт­қандай «Таза, терең, өткір, күшті кең тілімізбен» мақ­тануымызға әбден болады. Ал тілдің тазалығын сақтау, оны заманға сай одан әрі дамыту – қалам қуатына байланысты болса керек. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деген сөзі осыған орай айтылған. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ жур­налистері тілді тұғы­ры­на қон­дыру ісіне зор үлес қо­сып келе­ді. Әсіресе арайлы азат­тық­пен бірге мемлекеттік мәртебе ал­ған тілдің аясын кеңей­туде қалам ұстаған қауым­ның қызметі айрықша екені белгілі. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев кеше ғана «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында айтқандай, ұлт сөзінің салтанатын орнықтыру ісін «ың-шың­сыз, айқайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жал­ғастыра беру қажет». Бұл орай­да Мемлекет басшысының бұ­қаралық ақпарат құралдары «қоғам­дық ойдың қайнар көзіне айналып, арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» деген пікіріне алып-қосарымыз жоқ.

Сөз – тарих таралғысы, қағаз бетіндегі мөр. Сол арқылы газет-журналдар кеңістікте өзінің бағ­дарын сызды. Алаш арыстары сөз ұстаған серкелер, қалам­ның қасиетін ұғынған кемел ақыл иелері болды. «Айқап», «Қазақ» сынды байырғы басылым­дар мен соның жолын жалғаған «Ең­бекші қазақ» сынды газеттер ұлт­тың сөзін сөйледі, жоғын жоқ­тады. Олар сөзге үлкен жауап­кер­шілікпен қарап, қаламға адал­ды­ғы­мен қатарынан оқ бойы оза шапты. Қазақ жур­налистері кеңес­тік кезеңде астар­лап болса да ақиқатын айтып, ұлт рухын оятып, қараша ха­лыққа қалт­қысыз қызмет атқарды. Қызыл цензураның қақпанына ілік­пей, жетер жеріне жеткізіп жазды. Шарболаттай шамыр­қа­нып сөй­леп, шындықтың шы­рақшы­сы­на айналған Шерағаңдар тура сөйледі, шымшып айтты. Жампоз журналистеріміз тәуел­сіздік тұ­сында да ұлттық сана­ның орны­ғуына, мемлекет іргета­сы­ның бекуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондықтан парасат-пайым­ның көшін бастаған публи­цистика «көсемсөз» аталды. Бұл орайда бұқараның көке­йінде бүгіп жатқан сан қилы дү­ние­лерді мінбеге жеткізуді мақсат еткен БАҚ өкілдерінің еңбегі ерен.

Әрине жауырды жаба тоқымасақ, айтар ой, түйткілді мәселе де жоқ емес. Жаһандану заманының ақпараттық ағыны халқымыздың ғасырлар бойы ардақтаған құндылықтарын құнсыз­дан­дырып, ұлттық бет-бейнесіне селкеу түсіріп, арналы дәстүріміздің ар­қауын сетінете бастағаны шындық. Соның ішінде сөз де құнсызданды, сенім­ге селкеу түсті. Аузы дуалы, сөзі уәлі, байламы бәтуалы кісінің сөзі­не тоқтау азайды. Жалған сөйлеп, жала жабуды әдетке айналдыру, ойдан құ­рағанын тексермей көшіргені үшін де, оны қайта өшіргені үшін де ауыз­бастырық алу кәсіп болды. Сали­қалы сөз адуынды айқайға ұласты, адам мен айқай ара­ласты, айтушы мен тыңдаушы адас­ты. Ұран салып, білек сыбанып, заһарын төгіп отыр­ған бүгінгі вир­туальды қаһарман өзі­нің ата-анасы мен отбасының, қасын­да отырған досы мен құдайы көр­­ші­сінің басында не жағдай болып жат­қанын сезінбеуі – оның желіге деп әлемдік торға әбден шырма­лып, А.Чеховтың «Құндақтаулы адамы­ның» жаңа тұрпатты бейнесіне айнал­ғанын көрсетеді. Сұрыптаусыз келген сұрқай ақпарат топаны толас­тамай үдеп, небір қауіп-қатер, апат тура­лы дегбірді алатын дүбірдің дабылы со­ғыл­ған сайын ашқарақтанған же­лі де желік­тіріп алады. Қарап тұр­саңыз, желі – желөкпенің сөзіне, желік­­тің көзіне айналып барады. Әлем­­дегі түрлі оқиғаларды сол мезет­те айнадан қарағандай тамашалап бейжай қа­был­дайтын бүгінгі тұтыну­шы тұ­йық желінің тұтқынына айна­ла бас­та­­ған­дай. Бұл үрдіс адамды әдет­тегі жылы ағымды жаңалыққа селт ет­пей­­тін, керісінше үрейлі де дабыралы шын­дықтарға құмартып жүйкесі қанағат табатын ауытқушылыққа әке­леді. Осыдан барып бүгінгі буын ай­на­ласына, тіпті өзіне де зер салмайтын самарқау, сана-түйсігін түсініксіз үрей билеген бойкүйез, азаматтық  жі­гері әлсіз боркемік, қатал да тасбауыр болып кетпей ме деген ой алаңдатады. Вирус тәнді, сөз сананы жаралайды десек, әлемді жайлаған жұқпалы дерт келер-кетер, санаға түскен осынау салдарлы сырқаттан айыға аламыз ба?

Қазір ұялы телефон ұстаған кез келген адам ақпарат таратушы. Суретке түсіреді, әлеуметтік желіге айқайлатып тұрып салады. Әрі қарай мән-жайдың ақ-қарасын айыру, мәселенің оң-солын анықтау күрделі жұмыс. Қым-қуыт ақпарат майданында майдан қыл суырғандай сенімді деректер ұсыну оңай шаруа емес. Шынайы қаламгерлердің алдын орап, хайп қуалағандар көбейе түсті. Жалған ақпараттар желкенін көтеріп, оқырман тарту процесі жүрді. Сол сәтте халық салиқалы сөзді, сенімді деректі қажет етті, хайп емес, байып керектігін түсінді.

Осындай кезеңде газет шы­ғару, журналист болу да қиын екені белгілі. Соған қарамастан, біздің әріптестеріміз әдеттегідей алғы шепте! Пандемия өршіп тұр­ған сәтте тілшілердің жан­қияр­лы­ғы, дәрігерлермен бір сапта жүріп, ақ­парат таратуы соның айғағы. Қан­шама журналист індетті жұқтырып алса да, қолынан қаламын тастаған жоқ. Мамандығына адалдық танытып, оқырман алдындағы борышын ойдағыдай атқаруға тырысып келеді. Алғаш рет беріліп отырған «Халық алғысы» медалін алғандар қатарын­да көптеген әріптесіміздің болуы соның айғағы іспетті. Дүние дидарын­­дағы қым-қиғаш құбылыстарға пікір қосып, пайым илеуінен өткізетін жансебіл жандардың жетістіктері мұнымен шектеліп қалмақ емес деп ойлаймын.

Сөздің киесін сезініп, оған серт берген қалам ұстаған қауым­ды, барша журналистерді бүгінгі төл мереке­лерімен құттық­таймын! Жазарыңыз көп, арқа­лағаныңыз алғыс болсын!

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер