28 маусым-Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі биыл осыменен екінші мәрте тойланбайды. Естеріңізде болса, былтыр журналистер күні қарсаңында Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, қолына қалам ұстаған қауым елдің қабырғасы қайысып, бүкіл ел көмекке жұмылып жатқан кезде той тойлаудан бас тартқан еді. Биыл карантин қолбайлау болып тұр. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі бұқаралық іс-шараларға шектеу қойылған кезбен сәйкес келді.
Бірақ бұл мереке мүлдем аталып өтпейді, ескерусіз қалады деген сөз емес.
Белгілі журналист Ғалымжан Елшібай төрағалықтың тізгінін ұстаған Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы кәсіби мереке қарсаңында еңбегімен елдің назарына іліккен шығармашылық қауымды марапаттауды ұмытқан емес. Былтыр Арыстағы жарылыс кезінде апат аймағынан ақпарат таратқан журналистер мен блогерлерге филиалдың Алғыс хаттары табыс етілген еді. Биыл Мақтааралдағы су тасқыны кезінде белсенділік көрсеткендердің есімдері кешегі күні Түркістан қаласында өткен «Turkіstan open medіa» форумында құрметпен аталып, оларға арнайы «Айбын» номинациясы тапсырылды. Биыл онлайн түрде өткен шара барысында бұдан басқа да бірқатар номинациялардың иегерлері анықталды.
Облыс журналистикасының қара шаңырағы атанған «Оңтүстік Қазақстан» газетін жиырма жылдан астам уақыт бойы басқарған Әмірсейіт Әлиевтің, «Жанубий Қазоғистан» газетінде еңбек еткен Сабыржан Юсупалиевтің, осыдан бір жыл бұрын ғана өмірден өткен, журналистикада өзіндік өрнегімен, өзіндік бастамаларымен есте қалған Кеңес Исмаиловтың атындағы номинациялар тапсырылды. Осыларға қоса тағы екі номинацияға кеңірек тоқталып кеткенді жөн санап отырмыз.
Ақын Мұхтар Шахановша айтсақ «Ерлікті жасамаудан бағаламау қауіпті». Оның біріншісі Нұрмахан Оразбек атындағы номинация. Н.Оразбек аға бір сәттік ерлігімен қазақ журналистикасының тарихына есімін жазып кеткен қаламгер. 1991 жылы 20 тамызда Қарағанды облыстық компартия комитеті мен облыстық депутаттар кеңесінің органы «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Иә, бұл – төңкеріс» деген тақырыппен, КСРО-дағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ГКЧП) құрылғанын айыптаған мақала шықты. Сол кезде республикалық басылымдардың өздері «қалай болар екен» деп екі жаққа алма-кезек жаутаңдап отырғанда жоғарыда аталған басылымның бас редакторы Нұрмахан Оразбек ағамыз бар жауапкершілікті мойнына алып, батылдыққа барды.
Қарымды журналист, білікті бас редактор Түркістан топырағында дүниеге келген. Еңбек жолында Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» және «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жұмыс істеген. «ҚазАқпаратта» бас редактор, директордың орынбасары, «Ақиқат» журналында бас редактор қызметтерін атқарған. Жаңа номинация Нұрмахан ағаның бойындағы батылдық бізге де жұғысты, үлгі-өнеге болсын деген ниетпен тағайындалып отыр.
Екіншісі, «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы көрерменнің көзайымы болған Бейсен Құранбек атындағы номинация. Қайтыс болғанына енді қырық күн толып жатқан Бейсен Құранбек қазақ журналистикасында жұлдыздай жарқырап өткен тұлға. Оның телевизия саласындағы өзіндік стилі, қайталанбас жолы талайларды өзіне еліктіргені даусыз. Тыңға түрен салып, қиындығы да, қызығы да мол журналистикада зор қажыр-қайрат, таусылмас шығармашылық қуат иесі екендігін дәлелдеген Бейсен Құранбек атындағы номинация ізденімпаздығымен, ерекшелігімен танылған журналистерге беріліп тұратын болады. Бейсен Құранбектің Оңтүстіктің тумасы еместігін алға тартушылар да кездесуі мүмкін. Алайда Оңтүстіктің журналистикасы жалпы қазақ журналистикасының бір бөлшегі екендігін, қазақ журналистикасындағы жеткен жетістік, құндылық бізге де ортақ екендігін ұмытпауымыз қажет. Оңтүстіктің шығармашылық қауымына облыстың аумағымен шектеліп қалмау да керек шығар. Медиафорум барысында Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне бірқатар БАҚ өкілдері қабылданды.
Рахманқұлов – Құрметті журналист
«Қазақстанның құрметті журналисі» атағы журналистикаға 40 жылдан астам еңбегі сіңген, қарымды қаламгер, білікті бас редактор, талай шәкірт тәрбиелеген, биыл 85 жылдығы аталып өтіп жатқан «Төлеби туы» газетінің директоры-бас редакторы Әбдімәлік Рахманқұловқа берілді.
Грамотамен марапатталды
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың Құрмет Грамотасымен марапатталғандар: 1. Малика Абдалиева, МедиаON ақпарат агенттігінің бас редакторы; 2. Балтабек Түйетай, «Еркін ой» газетінің бас редакторы; 3. Қайрат Зайнишев, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі; 4. 90 жылдық мерейтойына орай Түркістан қалалық «Түркістан» газеті. 5. Пернебек Біләлбеков, «Еуразия» бірінші арнасының меншікті тілшісі.
Номинация иегерлері
Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы тағайындаған номинациялардың иегерлері:
-Әмірсейіт Әлиев атындағы номинацияның иегері – «Сарыағаш» аудандық газетінің бас редакторы Мұрат Бекей;
-Кеңес Исмаилов атындағы номинацияға – «Южный Казахстан» облыстық газетінің тілшісі Владимир Привалов;
-Бейсен Құранбек атындағы номинацияға - Ардақ Жақсылықова, “NarTV” телеарнасының бас редакторы;
-Нұрмахан Оразбек атындағы номинацияға - Ұлықбек Үмбет, «Өзге пікір» газетінің тілшісі;
- Сабыржан Юсупалиев атындағы номинацияға – «Жанубий Қозоғистон» облыстық газетінің корректоры Гулмира Ашурметова;
-Тұрсынхан Саржанов атындағы номинацияға - «Ontustіk» телеарнасының операторы Рулан Рүстемов;
-Төрегелді Байтасов атындағы номинацияға - «Айғақ» телеарнасының тілшісі Бағлан Дүрманова;
-Қасымбек Нұрбеков атындағы номинацияға - «Natіonal Geographіc» журналының фототілшісі Мақсат Шағырбаев лайық деп танылды.
«Айбын» номинациясының жеңімпаздары:
-Айдар Сейдазым, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын;
-Олжас Мамыр, блогер, ерікті.
Алғыс хат алды
Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібайдың Алғыс хатымен марапатталғандар: -Аманғали Әбуов, «Дөңгеленген дүние» газеті бас редакторының орынбасары; -Мария Сәулебекқызы, «Рейтинг» газетінің тілшісі; -Гаухар Әбілдаева, «Мектеп» және «Жас ғалым» басылымдарының редакторы; -Назерке Үкібасова, «Отырар» телеарнасының тілшісі.