Бүгін Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Turkistan open mеdia-2020» форумында дәл коронавирус тұсындағы жалған ақпараттар тақырыбы талқыға түсті. Шара биыл онлайн конференция режимінде жүргізілді.
«Пандемия тұсындағы инфодемияның бүгіні және ертеңі» тақырыбында өткен шараны ашқан Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібайдың айтуынша, бүкіл әлем бойынша мыңдаған бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттық порталдар, әлеуметтік желілердегі миллиондаған қолданушылардың коронавирус жайлы түрлі ақпарат таратуы – инфодемияның асқынған түрін білдіреді. Сол үшін жалған ақпараттар тасқынын сарапшылар эпидемия, пандемияға ұқсастырып отыр. Мамандардың айтуынша, жалған ақпараттың таралуын тоқтату – талай адамның өмірін сақтап қалуға әсер етеді. Себебі, біріншіден, инфодемияға арбалған адам түбі депрессияға ұшырайды. Өмірден түңіледі, үмітсіздік пайда болады. Екіншіден, коронавирустың таралуын шектеуге бағытталған шараларды сақтануға құлықсыз келеді.
Инфодемияның басты көрінісі – тексерілмеген ақпаратты тарату. Бұл ретте әрбір журналист немесе блогер коронавирусқа қатысты қандай-да материал, пост жазатын болса әрдайым осы жауапкершілік мәселесін ойда ұстауы тиіс. Онлайн-конференцияның спикері, медиатренер, белгілі журналист Жұлдыз Әбілдә «Тексерілмеген ақпарат және журналист жауапкершілігі» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамашының пікірінше, ақпарат құралының өкілі өзі таратқан әрбір мәліметтің жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Себебі әрбір ақпарат қоғамға әсер етеді.
-Мәселен пандемия енді бастағалған кезде «азық-түлік тапшылығы болады», «тамақ жетіспейді» деген ақпаратқа дүрліккен жұрт жаппай дүкендерге ағылып, бұл жағдай коронавирус инфекциясының таралуына жағдай жасады. «Коронавирусті жұқтырмау үшін жиі-жиі парацетамол дәрісін ішу қажет» деген ақпарат та таралып жатты. Ал дәрігерлердің айтуынша, парацетомол препаратаның бауырға кері әсері бар,- деді Жұлдыз Әбілдә.
Журналистің айтуынша, әр мәліметті әр ақпарат құралы әртүрлі таратады. Кейбір ақпарат құралдары болмашы жаңалықты дабырайтқанға құмар. Ғалымдардың коронавирустың еміне қатысты айтқан сөздерін үзіп-жұлып, мың құбылтып беріп, нәтижесінде жұртты адастыратын журналистер, ақпарат құралдары да жоқ емес. Мәселен коронавирустың емі ретінде әлдебір дәрілердің аттарын атаған ақпарат құралдары да кездескен. Алайда ол дәрі тек ауыр халде жатқан науқастарға ғана қолданылады. Тамақты ас содасы қосылған сумен булау, спиртті қолдану сияқты емдеу, алдын алу шаралары туралы да осыны айтуға болады. Журналист мұндай ақпараттарды таратар кезде сарапшылардың, дәрігерлердің пікіріне жүгінгені жөн.