Түркістан облысында пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық күшейтілген. Қазірдің өзінде инфекциялық стационарларда 600 төсек-орын жасақталған. 340 төсек-орындық карантиндік стационар қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда өңірдегі инфекциялық стационарларда 35 науқас вирусты пневмониядан және 1 науқас коронавирус инфекциясынан ем қабылдауда. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Өкпені жасанды желдету аппаратына жүгіну қажеттілігі туындамаған.
Аурудың қайта белең алуына байланысты медицина мамандары тұрғындарды коронавирусты пневмонияның алдын алуға, қауіпті инфекциялардан сақтануға шақырып, мынадай кеңестер береді.
Коронавирустық қабыну әдеттегі пневмонияға қарағанда ауыр. Ол тыныс алудың нашарлауымен, температураның жоғарлауымен және тәбеттің болмауымен байқалады.
Коронавируспен қатар өршіген пневмонияның бұрын анықталған түрінен айырмашылығы оның пайда болуына патогенді бактериялар (пневмококктар, стафилококктар) себеп емес. Патология өкпе тініне вирустар мен бактериялардың енуіне байланысты дамиды. Тіпті өкпе жүйесі қатты зақымданады. Клиникалық тәжірибеде тромбоз түріндегі қан тамырларының зақымдануы байқалған.
Коронавирус пен пневмонияның негізгі айырмашылығы мынада: Коронавирус кезінде адам суық тию мен пневмонияның жедел респираторлық ауыр синдромына (SARS) шалдығады. Пневмония – өкпенің қабынуы. Ол коронавирус, тұмау вирусы, тіпті суық тиюден болатын вирустық инфекциялардан туындаған асқыну. Қазіргі пневмония – коронавирус инфекциясының көрінісі болып отыр. Оларды бөліп-жаруға келмейді.
Пневмония мен коронавирустың қатар өршуі өкпенің қабынып, адамның тыныс алуын нашарлатады. Сол себепті өкпеге дем жетпейді. Ауру дене қызуының жоғарылауымен, кеуде тұсының ауыруымен, қақырық мол бөлінетін жөтел сияқты белгілермен басталады. Диагностиканың негізгі әдісі флюорография – өкпенің рентгенографиясында қара жарықтар, сондай ақ қақырық дақтары болуы мүмкін.
Пневмония көбінесе, екі жасқа жетпеген балаларда, 65 жастан асқан ересектерде және иммунитеті төмендеген адамдарда дамиды. Көбінесе, пневмонияның дамуы салқын тиюіне, вирустық ауруға, иммунитетті түсіретін дәрі қабылдауға байланысты екенін мамандар ескертеді.
Мамандар аурудың симптомдары бірден емес, шамамен 5-7-і күні респираторлық кезеңде пайда болатынын тілге тиек етеді.
Пневмонияны туындатушы себептер көп. Аса кең таралғаны – тыныс алатын ауадағы бактериялар мен вирустар. Алғашқы симптомдар жөтел, ентігу, ыңғайсыздық, тыныс алудың қиындауы және кеуде ауыруы болуы мүмкін. Төменгі тыныс алу жолдарының зақымдануының белгісі – бұл симптомдардың біртіндеп өршуін білдіреді.
Егер бұл симптомдар әрі қарай өршімесе және температура 7 күннен артық көтерілмесе, онда алаңдаудың қажеті жоқ дейді маман. Бұл антибиотиктерді қабылдауға немесе компьютерлік томографиядан өтуге себеп емес. Адам 2-3 күн бойы симптомдардың күшейіп жатқанын байқаса, онда бұл өкпенің қатты зақымдануының белгісі болуы мүмкін. Бұл жағдайда зерттеу жүргізіп, емдеу әдісін өзгерту қажет.
Мамандар қарапайым тұмау кезінде демікпе болмайтынын жеткізді. Ол кезде дене қызуы көтерілгенімен, мұрын бітелмейді. Ал коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттердің буын-буыны сырқырап, дәм сезбейді.
Медицина қызметкері «мұндай симпотомдар байқалған жағдайды дәрігер көмегіне жүгіну керек» дейді. Ең бастысы дене қызуына назар аудару керек. Егер температура үш күн қатарынан 38 градустан түспесе, онда бұл вирустың бастапқы белгілері деген сөз. Яғни, тез арада дәрігерге қаралу керек.
Аурудың алдын алу үшін:
- Қолдарыңызды үнемі сабынмен жуыңыз және құрамында спирті бар заттармен өңдеңіз;
- Қоғамдық орындарда түшкіріп немесе жөтеліп жүрген адамдардан минимум 1 метр ара-қашықтықты сақтаңыз;
- Дене қызуыңыз жоғары, жөтел және тыныс алудың нашарлауы болса, бірден медициналық көмек сұрап дәрігерге қаралыңыз;
- Себепсіз көшеге шықпауға тырысыңыз, шыққан жағдайда міндетті түрде маска киюді ұмытпаңыз;
- Құнарлы тамақтаныңыз, зиянды әдеттерден аулақ болып, жылы киініп жүріңіз.
А.ЖҰМАБЕК