Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған дейді халық даналығы. Бұл дүниедегі бар жақсылық әйелдерден бастау алады. Бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербететін әйел-аналар, қыз-келіншектер бүкіл еліміздегі сияқты, біздің өңірімізде де ер азаматтармен бірге қоғамның игілігін еселей түсуде ұлан-ғайыр істер атқаруда. Көктемнің алғашқы мерекесі ананың аялы алақанындай жүректерге жылулық ұялатады. Адамзаттың нәзік жандарына арналған мереке табиғаттың оянуымен бірге келіп отыр.
8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі аясындағы «Гүл сыйла» акциясы қарапайым әйел азаматтарын назардан тыс қалмауы және мереке аясында жастар тарапынан көңіл бөліп құттықтау, жастардың бойына мейірімділік пен жылулықты арттыру мақсатында өткізілді.
Аталған акцияны облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық «Жібек жолы жастары» волонтерлер қозғалысы, жергілікті полиция департаменті бірлесе ұйымдастырды.
Акция 05 наурыз күні сағат 07.00-де Тараз қаласындағы Әйтеке би, Қазыбек би көшелері бастау алып, Қазақстан теміржол бекеті, «Жастар» аллеясы және Қ. Рысқұлбеков атындағы, Жеңіс саябағында жалғасын тапты. Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы С. Берікқоданың бастауымен Тараз қалалық жастар ресурстық қызметкерлері мен волонтер жастар қаламыздағы қоғамдық орындарды тазалаушы әйел азаматтарын гүл шоқтарымен құттықтап шықты. Акция 08.00-де аяқталды.
«Гүл сыйла» акциясы сағат 9.00-де жергілікті полиция департаментімен бірлесе отырып, волонтер жастар әйел жүргізушілерді құттықтап шықты. Жол патрульдік инспекторы айел көлік жүргізушілерін жол тәртібін бұзған секілді алдау тәсілімен (пранк) тоқтатып, мерекемен құттықтап, волонтерлар гүл сыйлады.
Күтпеген жерден жасалған тосынсыйды әйел азаматтар таңырқай әрі қуанышты көңілде қабыл алды.