Шымкент қаласында 2020 жылы Жаңақұрылыс аумағында орналасқан 7 елдімекенге сапалы ауыз су беріліп, Тассай, Бадам-Бадам-2, Бадам 195 орам, Азат, Достық және Тұран (II кезек) елдімекендерінің тұрғындары қуанышқа кенеліп отыр.
Ширатып айтсақ, Бадам 195 орамда 850-ге жуық адам тұрады. Олар сапалы ауыз суды 10 жыл бойы күткен. Осы орайда аталған орамның тұрғындары бұл өзгеріске өз ризашылықтарын жеткізді.
– Бұрын су тасымалдаушыны шақырып немесе ауыз суды тасып ішетінбіз. Үйде ыдыс-аяқ, киім-кешек жуу үшін су ысытып, әбіржитін едік. Қазіргі уақытта ауыз су қолжетімді. Үй ішінде де, сыртта да су ағып тұр. Сондықтан, өз рақметімізді айтамыз! – деді Гүлмарал Орынбаева.
Ал Данияр Исақұлов есімді азамат басшылық тарапынан атқарылған бұл жұмысқа алғысын айта келе, «жыл бойы арнайы бөшкелерге су толтырып, соны қолданатынбыз. Оның ішіндегі су қатып қалып, ерітуші едік. Қазір сапалы ауыз су келіп, бәріміз қуанып жатырмыз», – деді.
Шымкент қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, бұдан бөлек өткен жылы мегаполис тұрғындарын ауыз сумен қамту мақсатында 28 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оның 21-і ел игілігіне берілген. Яғни, бүгінге дейін ауыз суы кестемен беріліп келген 9 елдімекенге құбыр тартылып, Абдулабад, Базарқақпа, Өтеміс, Бадам-1, Текесу, Игілік, Көкбұлақ, Тәуелсіздікке 20 жыл және Қызылжар елдімекендері сапалы ауыз су тұтынатын болды. Нәтижесінде 35 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылып, жалпы көрсеткіш 94,7 пайыздан 95,6 пайызға жетті.
Айта кетейік, 2021 жылы қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін 96 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.