Ең құрметті, абыройлы маман иелері кімдер десе – мұғалімдер дер едім. Мұғалім болу бәрінің қолынан келеді, ал ұлағатты ұстаз болудың жөні бір бөлек. Бұл қызметте балалармен жұмыс істеудегі сүйіспеншілік, өз ісіне деген тиянақтылық пен үлкен жауапкершіліктің болғаны маңызды. Балаларға білім нәрімен сусындату, оларды ізгілікке баулу, тәлім-тәрбие беру, білгеніңді үйрету – оңай іс емес.
Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз — білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?! Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” - деген. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім. Шәкірті өзінен озған ұстаз – еңбегі ақталған ұстаз. Өйткені, өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін шебер ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін – өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын.
ХХІ ғасыр мұғаліміне қойылатын талаптар көп. Мұғалім – өзіндік жеке көзқарасы бар, соны қорғай білетін жігерлі тұлға, білімді де білікті, көп оқитын, көп білетін, білімін күнделікті ісіне шебер қолдана алатын, зерттеушілік, ойшылдық қасиеті бар маман, оқушының өз бетінше білім алуына үйрете алатын болуы керек. Ұйымдастырушылық, бейімділік, сараптамалық сияқты қабілеттер ұстаздарда міндетті түрде болуы керек. Ұстаз ұлттық құндылықтарды, яғни этнопедагогика, этнопсихология негіздерін меңгерген, ғаламдасуға байланысты Интернет жүйесін меңгерген, әлемдік білімге сай, мәдениеті жоғары жеке тұлға тәрбиелей алатын шебер бола білуі керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында педагогтердің жалақысын арттыруды тапсырған болатын. Оның аясында биылғы 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Бұл басы ғана, өйткені, алдағы 3 жылда олардың жалақысы әр жылы 25 пайызға артып отыруы тиіс. «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының мақсаты - педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Бұдан басқа, Заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған, сондай-ақ педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген. Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу еңбек және білім беру заңнамаларының нормаларына сәйкес айқындалып,
• білім деңгейіне;
• біліктілігіне;
• жұмыс өтіліне;
• еңбек жағдайларына;
• орындалатын жұмыс көлеміне байланысты жүргізіледі.
Мұғалімдердің лауазымдық ақысы атқаратын лауазымдарының функционалдық блоктарға жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілігіне қарай төленеді. Халқымыздың тарихында алғашқы ұстаз атымен көпшілікке есімі мәлім, қазақ бала¬ларына білім берген, білім беру ісінде көп еңбек сіңірген, педагог Ыбырай Алтынсарин да өзінің ұстазын құрмет тұтқан. Бұл ұстаз мәртебесінің биік екендігін аңғартса керек. Еліміздің әл-ауқаты артып, әлемдік деңгейдегі білімге ұмтылудамыз. Қазақстанның ертеңгі болашағы – бүгінгі білімді ұрпақты тәрбиелеуде мұғалімнің атқарар рөлі зор. Қоғамға керек бұл мамандық иелерін қалай құрметтесекте аздық етеді. Ұлағатты ұстаздарымыздың мәртебесі биік болсын!
ДАВИДОВ Искандер Усанович,
ЕРНАЗАРОВА Айнұр Шүкірқызы,
«Балдәурен» РОСО филиалының мұғалімдері.
Түркістан облысы Төлеби ауданы