
Конституция жобасына соттан тыс тұрғын үйден айыруға ғана емес, одан шығаруға да тыйым салатын норма енгізіледі. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның ХІ отырысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев айтты.
- Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қазіргі Қазақстан үшін өте маңызды тақырып – адамның тұрғын үйге құқықтарын қорғау кепілдігін қозғады. Тұрғын үй құқықтық мүлік саналады. Ол адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіде бекітілген. Біреулер бұл тек меншік құқығы деп ойлауы мүмкін. Бірақ іс жүзінде бұл құқық көп қырлы. Баспана басыңдағы шатыр ғана емес. Ол қауіпсіз, қолжетімді және өмір сүруге жарамды болуы тиіс, - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
Оның айтуынша, адам үйінен біреулер бостан босқа шығарып жібермейтіндігіне сенімді болуы тиіс. Біреуді қалаған уақытында үйінен шығарып жіберуге болмайды.
- Таяуда минус 25, 30 градус аяз болды. Мұндай жағдайда қалай үйінен шығарып жіберуге болады? Ал ол оның жалғыз баспанасы болса ше? Отбасының кішкентай балалары болса ше? Иә, кейде үйден шығарушыларды қорғау үшін мұндай қадамға баруға болады. Мәселен, өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін локация жайында сөз болғанда. Өйткені тұрғын үй құқығы қауіпті жағдайда өліп кету дегенді білдірмейді. Дегенмен лигитимді негіздер болған жағдайдың өзінде барлық процедура, оның ішінде сотта өзін-өзі қорғау құқығы қамтамасыз етілуі тиіс, - деді Артур Ластаев.
Сондықтан ол Конституция жобасына «соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыру тұрмақ одан шығаруға да болмайды» деген норманы енгізу керек деп санайды.
- Конституцияда тұрғын үйге адам құқықтарын қорғау кепілдіктері туралы норманы бекіту еліміздің әлеуметтік және құқық қорғау сипатын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын бекітеді. Бұл біз үшін өте маңызды. Өйткені мемлекет рәміздер үшін емес, қоғамдағы әрбір адам үшін құрылған. Адамға бағдарлану биліктің әрбір шешімі мен әрекетінде көрінуі керек. Ұсынысты қолдауды және негізгі заңда соттан тыс тұрғын үйден айыруға ғана емес, одан шығаруға да тыйым салуды қарастыруды сұраймын, - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
