Созақ аудандық мәдени спорт кешенінде «Былғары доп» жүлдесінде 1968 жылы Одақты дүркіреткен «Шалқар» командасының 50 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Мерейтой аясында кіші футболдан республикалық жарыс өтіп, оған 12 команда қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Салыхан Полатов құттықтау сөз сөйлеп, «Шалқар» командасының ойыншыларына естелік сыйлықтар, мерейтойға арнап шығарылған альбом кітап табыс етті. «Шалқар» командасының капитаны, ардагер спортшы, Созақ ауданының бұрынғы әкімі Аманғали Аймұрзаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыл Еспенбетов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға табыс тіледі.
Айта кетуіміз керек 60-шы жылдары Созақта спортқа деген көзқарас ерекше болды. Бұған аудандық спорт және физкультура комитетінің төрағасы Оралбай Дәуленбаевтың сіңірген еңбегі үлкен еді. 1966 жылы Ыбырай Алтынсарин орта мектебі жанынан футбол, волейбол, баскетбол спорт түрлерінен секцияларын ашты. Осы спорт түрлерінен әсіресе футболмен балалар көп шұғылданды. Нәтижесінде облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, «Шалқар» командасының негізгі құрамы жасақталды. «Шалқар» футбол командасын құруға мұрындық болғандар Ыбырай Алтынсарин мектебінің директоры Сейілбек Наурызбаев және денешынықтыру пәнінің мұғалімі Таужан Батыров, Ыбыраш Алшынбаев болатын. 1968 жылы Шымкент қаласындағы «Спартак» стадионында облыстық «Былғары доп» бәсекесінде 1 орын алып, Петропавловск қаласындағы республикалық «Былғары доп» жүлдесін сарапқа салуға жолдама алды. Онда ауылдың қара домалақ балалары барлық командаларды ұтып, 1 орынды иеленуі, республика чемпионы атануы арқасында Армения ССР-ның астанасы Ереван қаласында өтетін бүкілодақтық «Былғары доп» жарысына қатысты. «Шалқар» командасы Қазақстанның намысын абыроймен қорғады. Команда құрамында Аманғали Аймұрзаев, Закір Бәкіров, Тағабек Құдияров, Кенжебек Жұмақов, Мэльс Мейіров, Абдікәрім Омаров, Әмзе Омаров, Айтқали Қуатбеков, Сатыбалды Төлбасиев, Едіге Тұрғанбаев, Берік Смағұлов, Байдалы Омаров болды. Бұл азаматтардың барлығы да еліміздің, ауданның өсіп өркендеуі жолында үлес қосты. Айта кетері, Ереванда өткен жарыста Аманғали Аймұрзаев техникалық жағынан ең үздік ойыншы атанып, «былғары доп» клубының даңқты президенті Михаил Сушковтың қолынан арнайы медал алған.
«Шалқар» футбол командасының жеңісті жолы және команда капитаны Аманғали Түктібайұлы Аймұрзаев туралы созақтық белгілі жазушы Сәуірбек Бақбергенов «Он үшінші ойыншы» деп аталатын кітап жазды. Қазіргі уақытта Аманғали Аймұрзаевтың ұлдары, немерелерінен құрылған отбасылық командасы бар. Бір атаның балаларынан құрылған команда республикалық жарыстың жүлдегері.
"Рейтинг" газеті