Қазақстанның Халық ақыны, жазушы Мұхтар Шахановтың шығармашылық үйі өзі туған Отырар ауданы, Жаңа Шілік ауылында ашылды. Айтулы шара ақынның 76 жасқа толған туған күніне орай ұйымдастырылды. Ғимараттың салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Садыр Ербол Әбілқайырұлы қатысып Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыс көлемінде көптеген игі шаралар атқарылғанын атап өтті. "Солардың бірі де бірегейі - елге белгілі меценат Серікжан Сейітжановтың демеушілігімен бой көтерген шығармашылық үйі.
Бұл орталық білім мен ғылымның, әдебиет пен өнердің ордасына айнала берсін!» - деген ізгі тілегін жеткізген Е.Әбілқайырұлы әлем ақынына өңір басшысының құттықтауы мен сый-сияпатын табыс етті. Салтанатты түрде лентасы қиылған екі қабатты ғимаратта ақынның балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі өмір жолынан түрлі суреттер мен, құжаттар орналастырылған. Сондай-ақ, ақынның шығармашылықпен айналысатын жұмыс кабинеттері мен кітапхана, демалыс және қонақ қабылдайтын бөлмелер заман талабына сай жабдықталған. Ашылу салтанатына келген қонақтар Отырар ауданы әкімінің тапсырысымен ақының шығармасы желісінде жасалған «Отырар дастаны» анимациялық фильмді тамашалады. Ел жанашырлары Серікжан Сейітжанов пен Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановқа және жұмыла қолдау білдірген аудан халқына алғысын білдірген ақын Мұхтар Шаханов өз өмірінен естеліктер айтып, көпшілікті Астананың 20 жылдығымен құттықтады. Ақынның талантына бас иген өнерпаздар туған күн иесінің жаңа өлеңдерін жатқа оқып, әндерін әуелете шырқады.
Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі