ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Ақмола облысы Бурабай демалыс аймағында өткен "Burabay Sammer Fest" I жасөспірім таланттардың халықаралық фестиваліне қатысқан Түркістан облысының бүлдіршіндері елге оралды.
«Вокалдық өнер» (дәстүрлі ән, академиялық ән, эстрадалық ән), «Инструменталдық орындаушылық» (дәстүрлі өнер, классикалық өнер, эстрадалық өнер), «Хореографиялық өнер» (халықтық би, классикалық би), сондай-ақ «Көркемдік оқу» номинациялары бойынша өткен фестивальде Түркістан облысынан 8 жанр бойынша 32 жас дарын қатысып, соның ішінде 7 өнерпаз жүлделі орынға қол жеткізді.
Қатысушы жас өнерпаздарды Шымкент теміржол вокзалында ата-аналары, туыстары, ұстаздары салтанатты түрде күтіп алды.
Айта кетсек, «Burabay Summer Fest» I жасөспірім таланттардың халықаралық фестиваліне еліміздің барлық облыстарымен қатар Қытай, Беларусия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркия сынды бірқатар шет мемлекеттерден 400-ден аса өнерпаз қатысқан болатын. Әр өңірден бәйшешектей бас көтерген дарындарының өнер сайысында бақ сынауға Түркістан облысының өнерпаздарының қатысуына облыс әкімдігі мен облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы қолдау білдірді.
Суретті түсірген: Азат Дидарбек
Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы