Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған байқау

Қазақстанда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру және ұлттық рухани мәдениетті дамыту бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылып келеді. 

Screenshot_14.jpg

Солардың ішіндегі ең маңызды және мәнді жобалардың бірі – "Мерейлі отбасы" байқауы. Бұл байқау өз кезегінде ұлттық құндылықтарды насихаттауға, рухани мәдени құндылықтарды қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып келеді.

Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Бақытты, берекелі отбасы - еліміздің басты байлығы. Жыл сайынғы игі дәстүрге айналған, биыл 11-ші рет өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы отбасы құндылықтарының рөлін арттырып, үлгі отбасылардың оң имиджін дәріптейді.

– «Мерейлі отбасы» байқауы – мазмұны мен тәрбиелік мәні жағынан өзгеше бір іс-шара, яғни, аға буынға «Артымда қандай ұрпақ қалдырамын?» деген ой салып, жас буынды әке салған жолды жай ғана жалғастырып қоймай, тың идеялармен байытып, жаңаша қарқынмен жетілдіруге жетелейтін, рухани байытатын шара. Бұл ұлттық байқау – ұрпақтар сабақтастығын жария етіп, елге қызмет етудің ең озық үлгілерін көрсетіп, өнеге алатын байқау ретінде қоғам алдындағы құндылығы жоғары, – дейді Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгерім Жұмағұлова.

Қазір қоғамда белгілі бір мамандықты ата касіпке айналдырған азаматтардың көп болуы – қуантарлық жайт. Осындай үлгілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты «Адал азаматқа» тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады.

– «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген сөзге отбасындағы тәрбие тұтас сыйып кетеді. Әкесін пана тұтып, ана мейіріміне қанып өскен ұрпақ та өнегелі болады. Біздің отбасында да солай. Ал бала тәрбиесіне қазақ құрсақтан бастап мән берген. Сәби бойға біткеннен бастап тәлім-тәрбиесі мол кітаптар оқып, ұлттық ән-күйді тыңдап, тек жақсы сөздер айту керек. Тәрбие дастархан басынан батасыз тұрмау, үлкені асқа қол салмайынша, кішісі күту секілді ұсақ дүниелерден бастау алады. Бүгін мен комиссия мүшесі болып отырып, отбасындағы осындай тәрбиеге көңіл бөлдім,– деді «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының лауреаты Болатбек Бейісбеков.

Байқау барысында ұлттық салт-дәстүрлерді берік ұстанатын, ұлттық мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан отбасылар назарға алынады. Мысалы, дәстүрлі өнерді жалғастырып жүрген, ұлттық ойындарды жаңғыртқан, асыл мұраларды сақтаған отбасылар байқаудың ерекшелігін арттырып, ұлттық мәдениетімізді дәріптейді. Олардың күнделікті тұрмыс-салты мен өнегелі өмірі арқылы жастардың бойында ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына ықпал етеді.

Байқаудың шарты бойынша аудан әкімдіктеріне мамыр-маусым айларында ұлттық конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасылар өтініштерін тапсырған. Осыған сәйкес, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша әр ауданнан 4 үміткер, барлығы 20 отбасы байқаудың екінші қалалық кезеңіне жолдама алған болатын. Комиссия мүшелері үздік отбасыларды айқындау туралы шешім қабылдау кезінде 20 отбасының адамгершілік құндылықтарды жандандыруға және отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған арнайы әзірленген бейнероликтерімен танысып, бағалау жүргізді. Олардың қатарында ұстаздар, қолөнершілер, адвокаттар, әскери қызметшілер, кәсіпкерлер, агроөнеркәсіп саласының мамандары бар. Байқауға қатысуға еңбектегі, спорттағы, шығармашылықта, зияткерлік жолында, кәсіпте жоғары жетістіктері бар отбасылар жіберіліп, атадан балаға бір кәсіпті ұстанып келе жатқандар алға шықты.

Аталған отырыс аясында комиссия мүшелерінің шешімімен Сыдықовтар отбасы жеңімпаз атанып, республикалық конкурсқа қатысуға жолдама алды.

Сондай-ақ, жеңімпаз деп танылған отбасыға арнайы диплом мен 1 миллион теңге қаржылай сыйлық табыс етілетін болады. Ал, қалған 19 отбасы да қала әкімінің Алғыс хатымен және бағалы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады.

"Мерейлі отбасы" байқауының арқасында қазақстандық мерейлі отбасылар көпшілікке танымал болып, қоғамдағы отбасылық рөлінің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеп келеді. Қатысушылардың түрлі саладағы жетістіктері, ата-аналардың тәрбиелеу әдістері, туыстық қатынастардағы өзара құрмет пен сыйластық ел болашағының маңызды көрсеткіштері болып табылады. Байқау жеңімпаздары ұлттық телеарналар, әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы таныстырылып, олардың құндылықтары мен өмір салты үлгі ретінде ұсынылады. "Мерейлі отбасы" байқауының басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттап, қазақстандық қоғамның берік іргетасын қалыптастыратын мықты, мерейлі отбасыларды көпшілікке таныстыру. Әр жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл байқау қоғамда өзара сыйластық, еңбекқорлық, білімге құштарлық, ата-ана мен бала арасындағы тығыз байланыс, үлкенге құрмет пен кішіге ізет сияқты негізгі адами құндылықтарды дәріптейді. Байқауға қатысатын отбасылардың өмір жолы – өскелең ұрпаққа үлгі.

Байқау еліміздің әрбір өңірінен келетін отбасыларды біріктіре отырып, жастарға бағыт-бағдар береді. Жастар ата-аналары мен ата-әжелерінің салт-дәстүрлерді сақтап қана қоймай, оны жаңғыртып, заманауи қоғамда қолдануды үйренеді. Ұлттық болмысымызды сақтап қалу және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – бұл байқаудың жас ұрпаққа берген ең басты сабақтарының бірі.

"Мерейлі отбасы" байқауы тек отбасыларды ғана емес, бүкіл қазақстандық қоғамды рухани құндылықтарды насихаттауға, ұлттық мәдениетті қолдауға шақырады. Бұл байқау біздің қоғамымызда отбасылық құндылықтардың маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, ұлттық сана-сезімді жаңғыртудың, рухани және мәдени құндылықтарды сақтаудың айқын жолын көрсетеді. "Мерейлі отбасы" – ел болашағы үшін маңызды бастама, және бұл байқау арқылы біз әрбір қазақстандық отбасының мерейлі болуына қолдау көрсетеміз.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • «Алтын Орда - Жошы ұлысының негізгі тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
  • Ұлттық құндылық – тәрбиенің сара жолы
  • 2200 жыл: Ескі де жаңа шаһардың құрылысы қалай дамыды?
  • Белгілі қаламгер шығармалары дәріптелді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер