«Қыз зорлады» деген күдікпен қамалған адам облыстың «Құрметті азаматы» атанды

55.jpg

Маусым айында «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы 25 азаматқа беріліпті, осы атаққа ұсынылғандардың ішінде жетісайлық Базарбай Кучаров деген азаматтың жүргені  жұртты қатты таңқалдырды. Осыдан 10-12 жыл бұрын Кучаров мектеп директоры болып жүріп, қазақтың қызын зорлауға қатысты іске шатылып, қамалып шыққан көрінеді. Бұл туралы «Рейтинг» газеті жазады.

    Базарбай Кучаровтың 2006-2007 жылдары қыз зорлау ісіне күдікті ретінде қамауға алынғаны рас екен. Бірақ әйтеуір ол кейін босатылыпты. Қылмыстық істің ақырының немен аяқталғанынан көпшілік хабарсыз.   Былтыр аудан әкімі Ғалым Исмаилов Базарбай Кучаровтың кандиатурасын Мақтаарал ауданының құрметті азаматы атағына ұсынған екен. Сол мезетте жұртшылық арасында түрлі әңгімелер айтылыпты. Депутаттар бірден қарсы болған көрінеді. Мұны Кучаровтың өзі телефонда жоққа шығарыпты. «Мұның бәрі де басынан аяғына дейін жала. Менің мұндай қылмысқа қатысымның жоқ екендігін қажет болса құжат жүзінде дәлелдей аламын. Бәрі мені көре алмайтындардың істеп жүрген тірлігі. Уақтында мен мектеп директоры болып істедім. Біреулерге менің орным керек болды. Орнымнан құртпақшы болған жергілікті азамат соңыма бір қызды салып қойған. Ол қыздың менің көлігіме мінгені рас. Бірақ арамызда ештеңе болған жоқ. Екі күннен кейін ол арыз жазып мені қаматты. Үсімнен іс қозғалды. 120-бап  бойынша. Қыз «зорлады» деп арыз берген.  Бірақ тергеу кезінде менің кінәсіздігім дәлелденіп, ақталып шықтым. Арызданушы 25 мың доллар сұрады. Кейін оның өзі мені бопсалағаны үшін 2 жылға сотталды. Негізі қызда кінә жоқ. Бәрі жіберіп отырған адамда ғой. Кейін мен облыстық ішкі істер басқармасынан 51 күн жазықсыз қамағаны үшін 1,5 миллион теңге моралдық, материалдық шығын өндіріп алдым. Қызды жұмсаған азаматтан да моралдық, материалдық шығын талап етіп, сотқа бердім. Ол менен кешірім сұрады,-деді Б.Кучаров.

Оның айтуынша, биыл жазда  облыстың құрметті азаматы атағын алар кезде бір әйел арыз жазыпты. Осыдан кейін бұл барлық құжаттарды алып, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевке апарып таныстырып, өзіңнің үстінен жазықсыз іс қозғалғанын, сотталмағанын дәлелдеп беріпті.

Screenshot_1.jpg

Түркістан облысының мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев

Б.Кучаровқа «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын берер кезде кандидатураны ұсынушылар да, шешімді қабылдаушылар да заңға томпақ келетін әрекетке бармаған. Мұны мойындау керек. Бірақ қайталап айтайық,  бұл мәселенің заңдық жағы ғана. Ал енді моралдық жағын салмақтап көрсек. Базарбай Кучаровқа облыстың құрметті азаматы атағы не үшін, нендей қызметі үшін берілді? Бұл сұраққа Базарбай Кучаров былай деп жауап беріпті: Мен мектеп директоры болып істедім. 5 жыл райкомда инструктор болғанмын. 5 жыл колхозда партсекретар болдым. Кейін қайтадан школ директор қызметін атқардым. Ауылға 400 адам сиятын мешіт тұрғыздым. 500 орындық тойхана салдым. Қазір енді медресе салып жатырмын. Менің істегенімді ешкім істеген жоқ,-деді Б.Кучаров. Яғни  Мақтаарал өңірінде облыстың құрметті азаматы атағын алуға одан лайықты ешкім болмаған сияқты.

Биыл маусымда құрметтілердің тізіміне енген 25 адам, «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын алған ең соңғы топ. Облыстың атауының өзгеруіне  байланысты бұдан былай ол «Түркістан облысының құрметті азаматы» деп аталатын болды. Депутаттар тиісті ережеге өзгерісті енгізіп қойды. Осы өзгерту талқыланған сессияда «Түркістан облысының құрметті азаматы» атағы бұрын «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын алғандарға берілмесін деген ұсыныс айтылған сияқты еді. Алайда жуырда ресми газетте ереженің мәтіні жарияланды. «Берілмесін» деген шектеу жоқ. Яғни, кеше «Оңтүстіктің» құрметтісі атанғандар ертең «Түркістанның» құрметтісі болып, екінші айналымға кетіп жатса таңқалуға болмайды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Қазақ халқының ырымдары мен нанымдары
  • Асық – үлкен халықтық тәрбие
  • Олардың ерлік рухы мәңгі ұмытылмайды
  • «Ешкім де ұмтылмайды, ешкім де ұмтылмақ емес!»: Шымкент аумағында ұжымдастыру науқаны қалай жүрді?
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер