Шымкент шаһарының көптеген шағынаудандарында әлі күнге орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ. Тұрғындардың дені кір суды шұңқырларға төгіп, жер асты суын ластап жатыр. Ал бұл — экологияға жасалған қиянат. Сол себепті жеке үй секторындағы осы олқылықты жою үшін қала әкімдігі шағынаудандарға кәріз жүйесін жүргізу ісін қолға алған болатын. Бүгінде кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстарының алғашқы нәтижелері де көріне бастады. Мамандардың хабарлауынша, Шымкентте жергілікті бес мыңнан астам үй орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Қазіргі таңда 2 нысанның құрылысы жүруде. Тоғыс елді мекені мен Қайтпас-2 шағынауданындағы кәріз жүйелерін ретке келтіру жұмыстарынан кейін 5192 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Соның нәтижесінде жергілікті тұрғындарды кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 47,8%-ға жетпек. Шаһардағы жалғыз тазарту құрылғылары кешенінің қуаттылығы тәулігіне 150 мың текше метрді құрайды. Қала әкімі Н.Сауранбаев жауапты мамандарға барлық жұмысты дер кезінде аяқтауды тапсырды.
Шымқалада өткен жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Самал-1, Самал-2, Қайтпас-1 және Солтүстік-Батыс шағын аудандарында жаңа кәріз жүйелері тартылғанын айта кеткен жөн. Самал-1 шағынауданында ұзындығы 42,5 шақырым болатын кәріз құбыры мен 5 дана сорғы стансасы орнатылған. Ал Қайтпас – 1 шағынауданында 82,43 шақырымды құрайтын құбыр жүргізіліп, 18 дана сорғы стансасы қойылған. Аталған төрт шағын ауданда бұған дейін кәріз жүйелері болмаған еді. Нәтижесінде ондағы проблема шешімін тауып, 20 мың абонентке қызмет көрсетілуде. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда шаһардағы канализациялар тәулігіне 100 мың текше метр қалдық суды айдап әкетуге қауқарлы.
Айта кетейік, 2020 жылға дейін қаланы кәріз жүйесімен қамтамасыз ету деңгейін 45 пайыздан 62 пайызға жеткізу көзделген.