Елбасы Н.Назарбаев Шымкентке келген әр сапарында қаланың республикадағы ірі агломерациялық орталыққа, әлеуеті жоғары мегаполиске айналуға мүмкіндігі жоғары екенін үнемі атап өтетін. Жақында Президент бұл сөзді Астанадағы алқалы жиында ресми түрде жариялап: «Бұрын миллион тұрғыны бар қала жалғыз Алматы шаһары болса, қазір Астана мен Шымкент осы қатарға қосылды. Бұл процесс одан әрі жалғаса беретін болады» деген еді. Елбасының сөзінен кейін ел елеңдеп отырғаны сол еді, одан көп ұзамай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Шымкент шаһарының басшысы Нұрлан Сауранбаев қала тұрғындарына былай деп үндеу жолдады. «Шымкент қаласы Қазақстанның үшінші мегаполисі атанды. Сіздерді осынау тарихи маңызды оқиғамен құттықтаймыз! Миллионер-қала – бұл әрдайым жаңа идеялар, жобалар мен жоспарлар, ауқымды инвестициялар. Барлығы қаланың дамуына жаңа серпін береді. Шымкент бұл мәртебелі деңгейге ғасырлар бойы жетті. Бізді алда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Ең бастысы - бұл жаңалық Шымкент қаласын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызып, әрбір қалалықтың өміріне жаңа серпін береді, оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Бұл – сонымен қатар, біз үшін асқан жауапкершілік. Астанада өткен «Болашақ» халықаралық стипендиясының мерейтойлы форумында Елбасы болашақ миллионер-қалалардың қолында деген болатын. Мемлекет басшысы мұндай қалалар тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы жаңартылған және мәдениеті жоғары болуы тиіс деп көрсетті. Шымкент сондай қалаға айналады деп сенеміз. Себебі біздің қаламызда қонақжай, қайырымды, ең бастысы, еңбекқор халық тұрады. Біз бәріміз бірге Шымкентті Елбасы күткендей «ақылды», «жасыл» әрі қауіпсіз қалаға айналдырамыз деп сенеміз. Шымкент жаңа идеялар халқымыздың дәстүрімен қатар дамып, өткенін ұмытпайтын, сонымен қоса жаңа технологияларға ұмтылатын тұрғындар қаласына айналады».
Үндеудің жарияланғаны сол екен Шымқалада жиын, іс-шаралар бірінен соң бірі ұйымдастырылып жатты. Мәселен Шымкенттің төрт ауданында қаланың дәрежесіне орай конференциялар өтті. Шараға мыңға жуық адам қатысты. Олар – көшелер мен үй төрайымдары, қаланың ақылдастар кеңесінің мүшелері. Конференциялар барысында тұрғындар осынау оқиғаға қатысты өз пікірлерін белсенді түрде білдіріп, Шымкенттің дәрежесі өзгеруіне байланысты бірауыздан үндеу қабылдау ұсынылды. Конференция барысында Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқан қала екені, барлық шымкенттіктердің ел дамуына қосқан үлесі талқыланды. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік-аймақтық құрылым туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 3-бабында «Республикалық маңызы бар қалаларға ерекше мемлекеттік маңызы бар немесе тұрғындарының саны миллион адамнан асатын елдімекендер жатады» деп көрсетілген. Ал бұл – Президенттің Жарлығы қабылданған соң Шымкенттің республикалық маңызы бар қала атануына мүмкіндігі бар деген сөз. Тұрғындар бұл ұсынысты бірауыздан қабылдады.