Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев алдағы уақытта үшінші мегаполис орман ортасындағы кентке айналатынын жеткізді. «Бүгінде қаланы қоршап тұрған жасыл белдеу бар. Қазіргі таңда онда он мыңдаған ағаш егілген. Көшеттерді әлі де егетін боламыз. Белдеуді 15 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар. Ол Шымкенттің микроатмосферасын жасайды. Сонда қаланы саялы орман қоршап тұратын болады»,- деді өз сөзінде шаһар басшысы. Осыған орай жақында «Жасыл қала» бағдарламасы әзірленіп, қабылданды.
Бағдарламаның мақсаты – қаланы көгалдандыру, агро-ауыл шаруашылығы белдеуін дамытып, сақтау және әлемдік мегаполистер тәжірибесі бойынша жаңа бау-саябақ мәдениетін құру. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов жетекшілік еткен жобалаушы топта түрлі саланың сарапшылары (сәулетшілер, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдары, биологтар, агрономдар, бағбандар, гидротехниктер, экономистер мен студенттер) бар. Құжатта Шымкенттің жасыл белдеуін қалыптастырудың, көшелерді көгалдандырып, саябақ аумақтарын дамытудың нақты жобалары ұсынылған. Бағдарлама авторларының айтуынша, мұндай жобаның қажеттілігі әлдеқашан пайда болған. Себебі облыс орталығы тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді. Нақты айтқанда қалаға кіреберіс аймақтарда тоғайлар, ауыл шаруашылығы жерлерінің маңында талдар алқабы құрылмақ. Бұған қоса қаладағы өзендердің бойынан гүлзарлар салынып, жүзімдіктер мен жеміс баулары бар көшелердің саны артады деп күтілуде. Сонымен қатар ұлттық үлгідегі этнографиялық гүлзарлар пайда болады. Бағдарлама жасаушылар Шымкенттің символы – қызғалдақты да ұмытпаған. Нақты айтқанда бағдарламада көрсетілген мақсаттың бірі - шаһарда қызғалдақ қорын құру.
«Бұл бағдарламаны жасаудағы негізгі себептің бірі – қала экономикасы дамыған сайын ауаның, топырақ пен су көздерінің ластануы артты, қалдық су көбейді. Техникалық және рекреациялық әсердің кесірінен қала маңындағы бағалы ландшафт құрып барады. Қала орталығы да табиғаттан алыстай түсуде. Осыған байланысты қоршаған ортаны сауықтыру қажеттігі туындады. Яғни, қалалық саябақтар мен жасыл белдеулер құрудың нәтижесінде экологиялық ахуалды жақсарту көзделіп отыр»,- дейді бағдарламаны әзірлеушілер. Мерзімі 2030 жылға дейін жоспарланып отырған «Жасыл қала» бағдарламасы республикалық және жергілікті бюджет қаржысымен, жеке инвестиция тартумен жүзеге асырылмақ.