Соңғы жылдары елімізде әлеуметтік саясат, азаматтық жауапкершілік және еңбек мәдениеті тақырыптары қоғам назарында жиі көтеріліп келеді. Әсіресе, масылдық және патерналистік көңіл-күй мәселесі — мемлекеттік деңгейде де, қоғамдық пікір алаңында да өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Бұл ұғымдар Қазақстанның әлеуметтік дамуына, экономикалық белсенділікке және ұлттық сана қалыптасуына тікелей әсер ететін факторлар саналады. Масылдық — адамның өз өмірін жақсартуды басқаға артып қою, мемлекеттен немесе өзгелерден үнемі көмек күтетін психологиялық тәуелділік. Мұндай көзқарас еңбекке деген ынтаны төмендетіп, жеке жауапкершілікті әлсіретеді.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша Қазақстанда бұл құбылыстың пайда болуына бірнеше себеп әсер етті: 1. Кеңес дәуірінен қалған әлеуметтік сана. Мемлекет барлығын қамтамасыз етуі тиіс деген түсінік әлі де санадан толық арылмаған. 2. Әлеуметтік жәрдемақыларға тәуелділік. Кей аймақтарда кейбір тұрғындар тұрақты табыс табудан гөрі жәрдемақыға сүйеніп өмір сүруді қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды. 3. Еңбек мәдениетінің әлсіреуі. Еңбек ету мен кәсіп игеруге ұмтылыс азайған жағдайда, масылдық психологиясы күшейе түседі.
Экономикалық, әлеуметтік тіпті психологиялық проблемаға айналып отырған масылдықтан қалай құтыламыз. Азаматтардың бойындағы патерналистік көңіл-күйді қайтсек жоямыз? Экономист, мемлекет және қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлов масылдықты жоюдың жолы еңбек қана дейді.
«Патерналистік көңіл-күй — қоғамның мемлекетке шамадан тыс арқа сүйеуі. Азаматтар өз мәселесін өз бетінше шешуден гөрі биліктен көмек күтуді жөн санайды. Мұндай азаматтар «мемлекет бәрін шешіп береді» деген оймен өмір сүреді. Патернализм демократиялық дамуға да, азаматтық белсенділікке де кедергі келтіреді. Себебі мұндай жағдайда қоғам мүшелері өз бастамасына сенуден қалады, ал қоғамдық прогресс бәсеңдейді. Масылдықпен күресу – әр азаматтың өз қолында тұрған дүние. Бойдағы жалқаулық, енжарлықпен күресу әркімнің ерік-жігеріне және санасына, тәрбиесіне байланысты. Әрбір азамат осы мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін "мемлекетіміз қалай дамып жатыр, елімізде қандай проблемалар бар, осы елдің Президенті не деп жатыр, болашақта қандай өзгерістер болады?" деген сұрақтар мазалауы керек. Қазір үйінде екі аяқты аспанға көтеріп алып «мемлекет мені асырайды, үкімет маған міндетті түрде жағдай жасау керек» деген ұстаныммен өмір сүретін заман емес. Өзінің өмірін жақсартуға әр адам ең бірінші кезекте өзі әрекет жасауы керек. Әрине, Қазақстан әлеуметтік мемлекет және азаматтардың денсаулығын, бостандығы мен құқықтарын бірінші орынға қоятын ел. Сондықтан халқына қолдан келгенше жәрдемін аямауда. Бірақ бұл масылдыққа себеп емес. Әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға көрсетілуі керек. Мемлекетке арқа сүйемей әр азамат жағдайын көтеруге өзі ұмтылса масылдыққа жол бермейді. Зерттеулер бойынша масылдықтың белең алуының бір себебі жұмыссыздық. Алайда мен айтар едім: еңбек еткісі келген жанға екі қолға бір күрек табылады. Оның үстіне елімізде азаматтарды жұмыспен қамтудың түрлі шаралары атқарылуда. Білімің жоқ па, мархаббат, арнайы мекемелерге жүгінсең он түрлі кәсіпті тегін оқып шығасың. Одан бөлек жастарға да, тәжірибесі жоқ мамандарға да, тіпті зейнеткерлерге де жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалар бар. Міне, осылардың арасынан оң жамбасыңа келетінін таңдап ал да, мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдалан. Біздің заманымызда мұндай жағдайлардың бірі де болған жоқ.
Қазір Мемлекет басшысының бастамасымен Жұмысшы мамандықтарға ерекше назар аударылуда. Елімізде жетіспейтін мамандықтарды оқытатын колледждердің білім беру сапасы артып келеді. Студенттерге шәкіртақы төленеді, тегін жатақханамен қамтамасыз етіледі, тіпті бір, екі мезгіл ыстық тамақ беріледі. Барлық колледжде дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Мемлекет жастарға оқып, мамандық алып шықсаң болды деп отыр. Жастарымыз неге осыны пайдалаланбайды? Себебі қазіргі адамдар тез байып кетудің, жеңіл ақша табудың жолын іздейді. Оңай жерде нан жоқ екенін жастарға түсіндіру керекпіз. Ақша табу үшін тұрақты жұмыс істеу керек. Ал жұмысың тұрақты болу үшін мамандық игеріп шығу керек. Осылай алғашқы сатыдан бастап, еңбек етсең, жұмыс та, ақша болады. Мені соңғы уақыттары қазақ жігіттерінің құрылыс саласына мамандана бастауы қатты қуантады. Осыдан 10-15 жыл бұрын құрылыстың басы-қасында тек өзбектің мамандары, көрші елдің азаматтары жүретін. Себебі біздің жастар сырлауға, кірпіш қалауға қызықпайтын. Ал қазір құрылыста өзіміздің жігіттер бой көтере бастады. Білімді құрылысшы, дәнекерлеуші, сырлаушылар көбейді. Яғни қазір техникалық білім алып жатқан жастардың қатары артуда. Техникалық-кәсіптік мамандық иегері атанудың еш ұялатын тұсы жоқ. «Штукатурщик», слесарь, механик, ағаш ұстасы дегендер қандай тамаша мамандықтар. Қай маманның иесі болсаң да өз ісіңнің шебері болсаң жерде қалмайсың. Керісінше сұранысың артып, табысың да молаяды. Міне, осыны жастарға ұғындыруымыз қажет»,- деген Досыбай Айтбайұлы масылдықпен күресудің бірнеше жолын айтты. «Масылдық пен патерналистік көңіл-күйді еңсеру — тек экономикалық емес, ең алдымен рухани және мәдени міндет. Бұл бағытта келесі шаралар маңызды: білім беру мен еңбек тәрбиесін күшейту. Жас ұрпаққа өз еңбегімен жетістікке жетудің маңызын түсіндіру; жеке кәсіпкерлікті қолдау. Шағын және орта бизнесті дамытудың нақты тетіктерін іске асыру және қоғамдық санадағы өзгерістер. Азаматтық жауапкершілікті арттыру, еңбек адамын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру»,- дейді қоғам қайраткері.
Қазақстанның тұрақты дамуы үшін әр азамат өз тағдырына өзі жауапты екенін сезінуі тиіс. Масылдық пен патернализмнен арылу — тек экономикалық тиімділік емес, ұлттық мінез-құлықтың жаңаруының белгісі. Тәуелсіз елдің тірегі — өз ісіне сенетін, еңбексүйгіш, жауапкершілігі жоғары азаматтар екенін ұмытпайық.